Билікте бекем отырған Путин ұзақ әрі қажырлы шайқасқа әзірленіп жатыр

1909

Украинада "арнайы операцияның" басталғанына бір жыл толады. Жеңіс әлі көрінер емес. Бірақ Кремль басшысы жеңілуге қақығыс жоқ екенін жақсы біледі.

Билікте бекем отырған Путин ұзақ әрі қажырлы шайқасқа әзірленіп жатыр

Владимир Путин Украинадағы шайқасты Ресейдің ақыры Батыспен қарулы тайталасқа барғанын айғақтайтын айтулы оқиға деп біледі. Бірақ орыс элитасының кейбір өкілдері Кремль басшысы көрші елге жүздеген мың жауынгерін енгізе отырып, адам өмірі мен ресурстарын ұзақ әрі нәтижесіз соғысқа ысырап етіп жатыр деп қауіптеніп отыр.

Ресей президенті былтыр 24 ақпанда Украинаға әскер кіргізуге бұйрық бергенде, ол тез жеңіске жетіп, тарихта баяғы патшалардың қатарынан орын алып, АҚШ-қа Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі Ресейдің қалайша қайта жанданғанын паш етуге үміттенген еді.

Бірақ қатты қателесіпті. Украинадағы қарулы қақтығыс жүздеген мың адамның жанын қиды немесе жаралады. Батыста Ресей мен орыстар агрессорлар деген абыройсыз атаққа ие болды. Ал РФ армиясы анау-мынау емес, АҚШ бастаған НАТО-ның кеңейіп келе жатқан қолдауына сүйенген Украинамен бетпе-бет келіп отыр.

Шешім қабылдау процестерінен хабары бар ресейлік жоғары лауазымды адамдардың бірі "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатындай айтқандай, Путиннің өз репутациясын жақсартуға деген үміті ақталмады.

"Алда Украина үшін де, Ресей үшін де жағдай тіпті қиындап, қымбатқа түседі. Жауланған бірнеше территория мұндай ауқымды экономикалық шығынға тұрарлық емес", - дейді атын атамауды өтінген ресейлік шенеунік.

Путиннің айтуынша, Ресей өзінің бай ресурстарын талан-таражға салғысы келетін тәкаппар, өркөкірек Батыспен тіршіліктегі орны үшін шайқасып жатыр. Алайда, Украина да, Вашингтон да, Брюссель де бұны бос әңгіме деп есептейді.

Шешім қабылдаушыларға жақын бес жоғары лауазымды ресейлік дереккөздің ойынша, Путиннің әрекеттерінен туындаған барлық геосаяси проблемаларға қарамастан, Ресей билігінде бүгінде президентке бәсекелес әлі жоқ. Сондықтан 70 жастағы лидер 2024 жылдың наурызында өтетін сайлауда ұтыламын деп қорықпайды.

Алайда соғыстың стратегиялық және экономикалық салдары біраз уақытқа дейін сезілуі мүмкін.

"Мен Украинада үлкен шабуылдар қайта басталатынына немесе Ресейдің бүкіл өркениетті әлеммен тайталаста жеңіске жететініне сенбеймін", - дейді Кремльге жақын саясаткерлердің бірі британдық агенттік тілшісімен болған әңгімеде.

Оның сөзінше, Ресей - қазір әскери технология тұрғысынан да, мотивация жағынан да ұтымсыз жағдайға душар болса да, соғыс әлі "өте ұзаққа" созылуы ықтимал.

"БАЛАМА ЖОҚ"

Украинаның шығысындағы ресейшіл күштердің бұрынғы қолбасшысы да қарулы жанжалдан нақты нәтиже көріп отырған жоқ.

"Біз мүлдем кереғар жағдайда тұрмыз. Бізде өзгермейтін әрі баламасыз президент тікелей құрған мүлдем қабілетсіз басшылық бар. Бірақ президент ауысса дереу апатқа ұшыраймыз", - дейді Халықаралық сот Украинаның шығысында малайзиялық ұшақты атып түсіруге көмектескені үшін айыпты деп таныған Игорь Гиркин.

Гиркин үшін бұл апат әскери жеңілісті, азаматтық соғысты және Ресейдің бағынуын білдіреді. Және де оның ойынша, нашар байланыс мен тиімсіз командалық құрылым былтыр Ресейді әлдеқайда кішірек көршісімен ұрыста шегінуге мәжбүр етті.

Бірақ майдан даласынан бөлек, Ресей Батыстың ең ауыр санкцияларынан да зардап шеге отырып, күтпеген жерден ауқымы кеңейіп, ұзаққа созылып кеткен "арнайы операция" үшін мол шығындалып жатыр.

Өткен жылдың күзінде 300 мың жас әрі экономикалық белсенді жігітті мобилизациялау сияқты ұнамсыз қадамға баруға мәжбүр болған Путин тағы жүздеген мың адамды Ресейден қашуға итермеледі.

Бұл аздай, Мәскеу Кеңес одағы мен Путин ондаған жылдар бойы күш салып, әрең қол жеткізген Еуропа газ нарығының негізгі бөлігін бірнеше айда жоғалтып алды. Ресейде мұнай өндірісі 2022 жылы өсті, бірақ Мәскеу өзінің мұнай өнімдерінің бағасына шектеу қойылуына жауап ретінде наурызда бұл шикізат өндірісін қайта қысқартатынын жариялап отыр.

Батыс фирмалары мен инвесторлары Ресейден кетуге асық. Осының нәтижесінде Ресей жаңа инвестор мен мұнайына клиент іздеп, баяғы бәсекелесі Қытайға айналдыруға кірісті.

Халықаралық валюта қорының болжамынша, РФ-ның 2,1 триллион долларлық экономикасы – АҚШ жалпы ішкі өнімінің 12-ден бір бөлігі ғана – биыл 0,3%-ға дамиды. Бұл – Қытай мен Үндістанның өсу қарқынынан әлдеқайда төмен көрсеткіш.

Ұлттық қордан қомақты қаражат тартылып жатқанына қарамастан, Ресейде бюджет тапшылығы да кеңейіп келеді.

"Бұл соғыс – Путин бұрын-соңды жасамаған аса ауыр әрекет және ол Ресей үшін Кеңес одағы күйрегеннен кейінгі ең үлкен авантюра", – дейді АҚШ Мемлекеттік департаментінде қызмет еткен RAND корпорациясының Ресейді зерттеуші-маманы Сэмюэль Чарап.  

ҰЗАҚ ОЙЫН

Көп нәрсе 850 шақырымға созылып жатқан майдан шебіндегі жағдайға байланысты болады. Екі жақ та әуеде үстем түсе алмады. Екеуі де үлкен шығынға ұшырады.

Батыс елдері Украинаға ондаған миллиард долларға қару-жарақ, снарядтар, зымырандар мен барлау мәліметтерін берумен шектелмей, неғұрлым жетілдірілген және ұзақ қашықтыққа арналған арсенсалын да жеткізіп жатыр. Бірақ бұл шығынның да күндердің-күнінде шегі болуы мүмкін.

АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры, және Вашингтонның Мәскеудегі бұрынғы елшісі Уильям Бернстің айтуынша, Путин сайып келгенде уақытқа бәс тіккен тәрізді.

 "Алдағы алты ай, меніңше, өте маңызды болады", – дейді Бернс ақпанның  2-де Джорджтаун дипломатиялық қызмет мектебінде сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, ұрыс даласындағы шындық оның армиясының алға баспай, осыған дейін жаулап алған жерлерінен айрылатынын көрсетіп, "Путиннің менмендігіне" соққы беруі мүмкін.

Ресей элитасының кейбір өкілдері Бернспен келіспейді. Олардың сөзінше, бұл шайқаста Ресей емес, Батыс жеңіледі.

Кремль де, Батыс та Украина жеңсе немесе жеңілсе, не болатынын нақты білмейді. Дегенмен Мәскеу біржақты түрде Ресейдікі деп жариялаған украиналық төрт облысты әлі толық бақылауға алған жоқ. Оның үстіне, Украина өз аумағының әрбір сантиметрін қайтарып алуға бекінгені хақ.

Сондықтан, бұл соғыстың жақын арада аяқталатынына сену қиын.

"Путин өлмейінше немесе төңкеріс жасалмайынша, биліктен кетпейді. Әзірге бұл екі сценарийдің бірі де жүзеге асатыны көрінбейді. Путин соғыста жеңе алмайды. Бірақ ол жеңілуге қақысы жоқ екенін де біледі", - дейді батыстық дипломаттардың бірі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу