"Білім саласындағы парақорлық үрдіске айналып барады"

12020

Биыл 6 мектеп директоры сотталған.  

"Білім саласындағы парақорлық үрдіске айналып барады"

ADAL BILIM жобалық офисі алаңында өткен онлайн конференция кезінде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бүгінгі күні білім саласында сыбайлас жемқорлық айтарлықтай өршіп кеткенін сөз етті.

"Білім алушылар, мұғалімдер және басқалары бар, Қазақстан халқының төрттен бірінің білім саласына қатысы бар. Бүгінгі күні білім саласы еліміздегі ең үлкен жұмыс беруші болып отыр. Тек Шымкент қаласының өзінде 172 мектеп бар, оның 147-сі мемлекеттік мекеме. Бұл үлкен индустрия. Оларда 26764 адам қызмет етеді. Қызметкерлерді жұмысқа алу процесінде пара беру мәселесін шешіп алмай, білім сапасын жақсарту мүмкін емес. Жұмысқа пара беріп кірген мұғалімнен не күтуге болады? Осының алдын-алу үшін қазір қала әкімінің бастамасымен мектептерге жұмысқа орналасу үдерісін цифрландыру басталды. Парақорлықтың өршіп келе жатқанына дәлел ретінде қолымда бар мәліметтерді айтайын, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық үшін 2018 жылы екі адам, 2019 жылы үш адам тұтқындалды. Ал биыл он бір қылмыстық іс қозғалған. Яғни білім саласындағы парақорлық үрдіске айналып барады. Биыл Шымкент қаласы білім саласына 107 млрд теңге бөлді. Әрине бұның көп бөлігі мұғалімдердің жалақысы мен білім беру мекемелерін ұстап тұруға бөлінген қаржы. Бұл қаражат қалалық бюджеттің 25%-ы. "Судың да сұрауы бар", көп ақша бөлгеннен кейін, жоғары сапаны да талап ету керек", – деді Шыңғыс Мұқан. Сондай-ақ ол алдағы 3-4 жылда мұғалімдер оңтүстік өңірдегі айлығы жоғары мамандар қатарына кіретінін айтты.

Конференция модераторы, М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан соңғы кезде білім саласында пара алу, пара беру сынды келеңсіз жайттардың саны 20%-ға артқаны жайлы статистикалық мәлімет бере кетті. Ал мектеп мұғалімі, "Мұғалім мәртебесі" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейіржан Темірбек мәселенің түбіне үңіліп көрді.

"Бұрынғымен салыстырғанда біраз оң өзгеріс бар. "Педагог мәртебесі" сынды құжаттар қабылданып жатыр. Алайда осы заңдар мен ережелердің бетін ашып оқымайтындар жеткілікті. Елдегі өзгерістерді шалғай аудан азаматтарына, ата-аналарға түсіндіру жетіспейді. Республикалық телеарналарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрса деген ұсыныс бар. Үлкен мәселенің бірі – мұғалімдерге тарифтерді бөлу кезінде әділеттік іздеп, дау-дамай туындайды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар жөнінде ауылдық жердегі мектептердің хабарландыруы жоқ. Осыдан келіп, мұғалімдерді, ата-аналарды мектепке қажетті құрал-жабдық сатып алуға міндеттеу туындайды. Нәтижесінде түсінбеушілік болып, дау-дамай өрби береді. Осындай келеңсіз жайттар болмауы үшін қажетті құрал-жабдық, керек-жарақпен барлық мектеп қамтамасыз етілуі тиіс", – деген Мейіржан Темірбек.

Сонымен қатар ол педагогтердің адал әрі әдепті болуы аса маңызды екенін де айтты.

Басқосуға қатысушылардың сөзінше, қазіргі кезде мектеп директоры болуға адамдар ұмтыла бермейді. Нұр-Сұлтан қаласындағы №54 мектептің директоры Шәкәрім Сейсенбайдың айтуынша, директорлар мәселесін шешу үшін алдымен олардың алғашқы материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру керек.

"Адам баласының қара басының қажеттіліктері бар. Алдымен соны жабу керек. Мысалы, 2500 бала оқитын қала мектебін алайық. Директордың жалақысы 130 мың теңге. Қосымша сабақ бергенін қосқанда 200 мың теңгедей алады. Ал мектебінің бюджеті 550 млн теңге. Егер директордың қажеттіліктері шешілмесе әрі оның адами құндылықтары төмен болса, жеке басының қамын ойлап кетері сөзсіз. Жалпы, директордың жауапкершілігі көп, жұмысы бастан асады. Жалақыны көтеру керек", – деді Шәкәрім Сейсенбай.

ADAL BILIM жобалық офисінің сарапшысы Нұрлан Баймұрзаев білім беру саласындағы жемқорлықты жою жөнінде бірнеше ұсыныс жасады.

"Орта білім саласында соңғы 7 айда коронавируске, карантиге қарамастан сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс саны өсіп кетті. Осы уақыт арасында 201 қылмыс тіркелді. Яғни күніне бір қылмыс тіркеліп отыр деуге болады. Биылғы жылы 6 мектеп директоры сотталды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салған, бюджет қаржысын банктегі өз есепшотына заңсыз аударған, заңсыз жұмысқа орналастырған, жұмыс актілеріне қол қойған, мұғалімдерді мектепке орналастыру үшін, тіпті жұмыстан шығармау үшін де пара алған. Бұрын сотталған адамның орнына келген адам да дәл сондай қылмыс жайтынын Президент те жақында айтқан болатын. Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі жүйені күшейтуі тиіс. Сонымен қатар, әкімдіктердің де жауапкершілігін арттыру қажет. Әкімдердің жауапкершілігі заң жүзінде бекітілуі керек", – деді сарапшы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу