Далада шашылып жататын мына шикізаттың құны енді шарықтай түсуі мүмкін

Ешкім қажет етпей, қуыс-қуыста тау-тау болып жатқан тері мен жүн бұдан бұлай үлкен сұранысқа ие болмақ. 

Далада шашылып жататын мына шикізаттың құны енді шарықтай түсуі мүмкін Фото: freepik

Қоғамға "биологиялық бомба" қаупін тудырып келген Қазақстандағы тері саласы жаңа дәуірге қадам басуға жақын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шыны керек, тері мен жүн – құнды ресурстардың бірі. Бірақ, оларды өңдеу мәселесі әлі күнге түйткілді күйінде тұр. Әсіресе, еліміздегі жағдай қатты алаңдатады. 2022 жылғы дерекке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 10 миллионнан астам шикі тері өндірілсе де, оның бар-жоғы 3%-ы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. 2019 жылдан бастап шикі тері экспортын шектеу енгізілген соң, өңдеу орындары жабылып, терілер қоқысқа тасталатын болды. Жан-жақты зерттеулер мен сарапшылардың мәліметінше, еліміздегі 3,5 миллион терінің 600 мыңдайы ғана қайта өңдеуге, ал қалғаны экспортқа жіберіледі, қалғаны сапасыз болғандықтан, өңдеуге жарамсыз күйде қалады. Сонымен қатар, облыстар мен аудандарда тері мен жүнді сапалы сақтайтын, өңдейтін инфрақұрылым жоқтың қасы. Бірақ, кеше ғана сүйінші жаңалықтың бір шеті көрінді. Егер ол жоба жүзеге асса, ауылдағы шаруаның жұмысы ширай түспек.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тері мен жүнді далаға тастамау қажеттігін ескерткен еді.

– Халыққа айтатынымыз, теріні де, жүнді де далаға тастауға болмайды. Әр облыстың әкімдіктеріне тапсырма берілген болатын. Әр ауданда сервистік дайындау орталығын ашып, тері мен жүнді халықтан жинап, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы өңдеуші зауыттарға өткізуге болады, – деді министр.

Оның айтуынша, елімізде жүн қабылдау ісімен айналысатын 15 кәсіпорын бар, оған қоса өзге компаниялар да саланы дамытуға қызығушылық білдіріп отыр. Жаңа өңдеу кәсіпорындары іске қосылғанға дейін экспортқа жол ашылғанын, әрі саланы игеремін дегендер үшін арнайы субсидия берілетінін де атап өтті.

– Халықтан тері жинайтын кәсіпорындарға субсидия береміз. Теріні зауытқа өткізген адамның шаруа қожалығы немесе фермерлік қожалығы болса, сол реквизиттері арқылы субсидия төленеді, – деді А.Сапаров.

Негізінен, шикі теріні пайдалана алмау аймақ экономикасына ғана емес, экологияға да ауыр салмақ түсіруде. Тері-терсектің далада шіріп жатқандығы белгілі. Ол "биологиялық бомба" қаупін туғызады. Уақытымен жиналмаған, тиісті жағдайда залалсыздандырылмаған терілер шіріп, зиянды газдар шығарады, топырақ құрамын өзгертеді, паразиттер мен ауру қоздырғыштардың таралуына жол ашады. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова мал өлекселерін өртеу мен көму жағдайларының қалдықтардың қоршаған ортаға зиянды екенін айтып, дабыл қаққан еді.

– Капитальды скотомогильниктердің орнына жай ғана тереңдеу шұңқырлар немесе жерге көміп тастаған ескі цистерналар қолданылып жүр. Мысалы, бір сиырды өртеу үшін кемі бір жүк көлігіндей отын керек. Одан шыққан түтін, күйе және жағымсыз иіс ауаға тарайды. Сондай-ақ, мал көмілген жер ұзақ жылдар бойы жайылым мен шабындық ретінде жарамсыз болып қалады. Ал бізде жайылым жері жетіспей, қиналып отырған ауыл тұрғындары аз емес, – деді депутат.

Депутаттың дүрлігетініндей бар. Себебі, ауыл-аймақтарда тері мен жүн қуыс пен қалтарыста шашылып жатыр. Ол өртеуге де келмейді. Сол себепті, жергілікті тұрғындар мал терісінің жағымсыз иісі мен инфекциялық қаупін ескеріп, шешім қабылдау қажеттігін ұдайы көтеріп жүрген-ді. Экономикалық тұрғыдан алғанда да шикізатты сыртқа арзан бағамен өткізіп, қайтадан дайын өнімді қымбатқа сатып алу – "зиянды" үрдіс. Қазақстан шикі терісін ел ішінде өңдемей, оны шетелге экспорттайды, ал былғары аяқ киімді сол мемлекеттерден дорба-дорбасымен әкелуді жалғастырады. Шындығында, шекара асқан шикізаттан дайын өнім жасаудағы қосымша құн бізден басқа жаққа кетіп отыр.

Сала дамуына кедергі болып жүрген фактор өте көп. Біріншіден, шикізат сапасы төмен. Мал терісінің көбі зақымдалады әрі санитарлық талапқа сай емес күйде келеді. Мысалы, Қызылорда облысында 2023 жылы 199,2 мың тері өндірілгенімен, оның 90%-ға жуығы өндіру сапасы төмен болғандықтан жарамсыз деп танылып, қоқысқа тасталған. Тағы бір мәселе, өңдеу орындарының жетіспеушілігі. Қазіргі уақытта аймақта мүлде тері мен жүнді өңдейтін зауыт жоқ. Бұл саланың қымбат құрал-жабдықты, заманауи технологияны қажет етуімен, сондай-ақ инвесторлар тарапынан қаржы тапшылығымен байланысты. Кәсіпкерлер климаттық және логистикалық қиындықтарға тап келді. Ал ауылда шикі теріні жинауға, сақтауға арналған инфрақұрылым жоқ, сонымен қатар халық арасында теріні уақытылы сатып жіберу керектігі де ескерілмейді. Нәтижесінде республика бойынша шикі терінің небәрі 10-20%-ы ғана нарыққа ұсынады. Осы кедергілер нәтижесінде кәсіпкерлер әкімшілік кедергілер мен жоғары салықтан жапа шегуде, ал сырттан импортталатын дайын өнімге бәсекеге түсу үшін қосымша тіршілік таба алмай отыр. Саланың шатқаяқтаған тағы бір тұсы – кәсіби мамандардың жоқтығы. Шикізатты терең өңдеу, былғары илеу – ерекше дағды мен білімді талап ететін сала. Өкінішке қарай, елімізде бұл біліктілікті игертіп шығаратын оқу орны да аз.

Өзге мемлекеттерге шолу жасасақ, халықаралық тәжірибе тері мен жүн өндірудің кірістілігі жоғары екенін дәлелдейді. Мысалы, Түркия нарығында тері шикізатының 30%-ға жуығын өзі импорттап, күніне 3-4 мыңдай теріні өңдейді. Қытай 2022 жылы аяқкиім экспорты бойынша 57 млрд АҚШ долларын арттырып, әлемге танымал көшбасшы болып отыр. Моңғолия да теріден өнім өндіруді 30%-дан 50%-ға дейін арттыруға бағытталған бағдарлама қабылдаған. Жөндеусіз жатқан қой жүні мен терісінен құрылыс пен сән саласында да табыс тауып отыр. Өзбекстан өткен алты жыл ішінде былғары және аяқкиім экспортын 85 млн доллардан 460 млн долларға дейін ұлғайтып, шикізатты ішкі жерде өңдеудің және мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесін көрді. Бұл тәжірибелер Қазақстанға да саланың қосылған құнын арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға болатынын көрсетеді. Отандық мамандар атап өткендей, былғары аяқкиім секілді отандық өнімнің сапасы нашар емес, алайда маркетинг және мемлекеттік қолдау жетіспейді.

Осы орайда, министрдің кешегі мәлімдемесінен соң бір үміт оты оянғандай. Яғни, далада шашылып жататын тері мен жүннің құны енді шарықтай түсуі мүмкін. Лайым солай да болғай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу