Донбастан келген азамат киіз үй пішіндес аялдама салуды ұсынды

13461

Ирина Ковальчук Украина жеріне кенеттен ресейліктер басып кіргенде, қашуға тура келгенін айтады.  

Донбастан келген азамат киіз үй пішіндес аялдама салуды ұсынды

Ол бейбіт кезде IT Creations компаниясының директоры болыпты. Өзінде Ресей мен Украинаның қос азаматтығы бар екенін жасырмайды. Туған-туыстары соғыста өлген. Ол  жанына жақын екі елді де тәрк етіп, Қазақстанға көшкен көрінеді.

"Қазақстанды арнайы таңдадым. Осы елде цифрландыру және инженерлік консалтинг саласында бизнесімді жүргізгім келеді. Өзім инженерлік механика магистрімін. 20 жыл жұмыс өтілім бар. Ешқашан инженерліктен басқа мамандыққа қызыққан емеспін", – дейді Ирина Ковальчук.  

Ол бұған дейін барлық өңір әкіміне хат жолдапты. Олардың арасынан екі басшы – Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қызығушылық білдіріпті.

"Біз жергілікті қазақстандық инженерлермен бірлесіп, "ақылды аялдама" тұжырымдамасын әзірлеп шықтық. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын. Жергілікті жоғарғы оқу орнында сабақ беремін. Бұл идея Қостанайға ақпан айында іссапармен барғанда туды. Далада ақшұнақ аяз, ал аялдамалар болса ашық-шашық. Қоғамдық көлікті күткен халық "екінші сортты адамдар" сияқты, қақаған суықтан дір-дір етеді. Бізде аялдама жасауға қаржы жоқ. Тек жобамыздың 3D моделі дайын. Мен шетел азаматы ретінде несие ала алмаймын", – дейді ол.

Айтуынша, айтишниктердің жылы аялдамасы әкімдікке 4,5 млн теңгеге түспек. Бұл елордадағы қазіргі жылы аялдамалардан шамамен 2,2 есеге арзан.    

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық дерлік елдімекенінде автобус аялдамалары өздеріне жүктелген басты міндетке сай емес. Олар желден, жаңбырдан, аяздан қорғамайды.

Бас қаланың өзінде жылы аялдамалар әзірге барлық жерге орнатылмаған. Қолданыстағыларының да бірқатар кемшілігі бар: есіктері ашылмай, ішіне адам кіре алмайтын жағдайлар кездеседі. Аялдама ішінен келіп жатқан автобустардың бағдар санын аңғару қиын. Салдарынан, үскірік аязда  жолаушылардың көп бөлігі сыртта тұрады.

Осыны назарға алмағанда, украиндық-қазақстандық инженерлер ұсынып отырған жоба елордадағы қолданыстағы жаңа жылы аялдамалардан сонша көп ерекшеленеді деп айту қиын. Тек киіз үй қалыбындағы конструкциясы жеңіл және айналадағы көріністі еркін бақылауға мүмкіндік береді. Құрастырушылар цифрландыру аясында оның ішін тегін "уай-файмен", ұялы телефонды қуаттау көзімен жабдықтауға әзір. Аялдаманы жылыту үшін күн панелдерін пайдалану ұсынылып отыр. Тапсырыс пен тиісті қаржыландыру болса, интерактивті еден, жедел жәрдем шақыру нүктесін, бейнебақылау жүйесін орнатуға болады.

Ирина Ковальчук қалаларда мұндай аялдамаларды бюджет қаржысынсыз-ақ қаптатып тұрғызуға болатынына сенімді. Ол үшін өрісін кеңейтіп, өз өнімін онлайн-секторда ілгерілеткісі, цифрландыруға мүдделі жеке бизнесті жобаны қаржыландыруға тарту керек дейді. Мысалы, аялдаманың интерактивті еденінде күнұзақ жарнама көрсетуге болады екен.

Алайда ол жергілікті кәсіпкерлерді танымайды. Сондықтан аймақ басшыларына жолдаған хатында жылы аялдамаға қатысты ұсынысты жергілікті бизнес өкілдеріне табыстауды әкімдерден сұрапты.

Идеяға ықылас білдірген елорда әкімі Алтай Көлгінов қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі автобус күтуге арналған жабық үлгідегі павильондарды жобалау және ары қарай орналастыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.  

"Жылы аялдамаларды орнатуда жолаушылар ағыны жоғары, халық көп жиналатын нысандар жанында орналасқан, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар маңындағы аялдамаларға басымдық береміз. Бұған қоса, осы іске өзара тиімді шарттармен бизнес қоғамдастықтың инвестициясы тартылады", – дейді елорда әкімі жауап хатта.

Алтай Көлгінов ІТ маманына осы мәселемен қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мерей Байырханмен кездесуді ұсынды.

Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев босқын инноваторды жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне шақырды. Бөлім бастығының орынбасары Мейіржан Мукасов оны алдағы дүйсенбіден, 9 желтоқсанда қабылдайды.

Ирина Ковальчуктың жобасы қабылданбауы да мүмкін. Бірақ жұртшылық қоғамдық көлік күтуді қолайлы ету бойынша арзан жоба өз елімізде де бар екенін біліп жүреді. Әйтпесе көпшіліктің елордада 80 аялдаманың әрқайсысы бюджетке 10 млн теңгеге түскенін біліп, наразылық танытқаны мәлім. Ал былтыр қалада ашылған дәретханасы бар алғашқы жылы аялдаманың құны 23 млн теңгені құраған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу