Елдегі 17 өзен-көл бір жылда 324 рет жоғары деңгейде ластанған

"Қазгидромет" 2020 жылдың экологиялық бюллетенін жариялады.

Елдегі 17 өзен-көл бір жылда 324 рет жоғары деңгейде ластанған

Былтыр COVID-19 өмір салтымызға біршама өзгеріс енгізіп, өндірістің қарқынын тежегенімен, оның экологияға пайдасы шамалы болған. "Қазгидромет" мекемесі жариялаған 2020 жылдың экологиялық бюллетенін оқып шыққаннан кейін осындай қорытынды шығардық, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

"Қазгидромет мамандары елдегі атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылау жүргізу үшін 45 елдімекенде орнатылған 225 бақылау бекетін пайдаланыпты.

Ауа құрамында ең көп кездескен ластаушы қоспалар: өндірістік шаң-тозаң,  күкірт диоксиді, ерігіш  сульфаттар, көміртегі диоксиді, көміртегі оксиді, азот диоксиді, азот оксиді, күкіртті сутегі, фенол, фторлы сутегі, хлор, хлорлы сутегі, көмір сутегісі, аммиак, күкірт қышқылы, формальдегид, метан, көмірсутек қосындысы, күшәннің о/е қосындысы, кадмий, қорғасын, хром, мыс, бензол, этилбензол, бенз(а)пирен, бериллий, марганец, кобальт, мырыш, никель, гамма-фон және сынап.

Ауаның жоғары деңгейде ластануына көліктердің көптігі мен ескіруі, өндіріс ошақтарынан шығатын зиянды заттар, көптеген елдімекенде атмосфералық кеңістіктің төмен желдетілуі себепкер болған.

2020 жылы ел аумағында 337 рет ауаның жоғары ластануы және 2 экстремалды ластануы тіркелген.

Ресми тіркелген 2 экстремалды ластану да мұнай өндірісіне тиесілі. Мұны Каспиден мұнай ұңғумен айналысатын NCOC компаниясындағы бақылау бекеттері растап отыр.

"Қазгидромет" былтырғы жауын-шашынның химиялық құрамынан қоршаған ортаға зиянды заттар көп бөлінгенімен, оның мөлшері мен уыты қалыпты нормадан аспады деп отыр.

Дегенмен, жауын-шашын сынамаларында сульфаттардың, хлоридтердің, нитраттардың, гидрокарбонаттардың-аниондары, аммонийдің, натридің, калидің, кальцидің, магнидің катиондары, қорғасынның, мыстың, кадмидің, күшаланың микроэлементтері, қышқылдылық және үлесті электр өткізгіштік байқалған. Солардың ішінде  кадмидің мөлшері шекті шамадан асып кеткен.

Осының бәрін сараптай келе, "Қазгидромет" былтырғы жауын-шашынның қышқылдығын "әлсіз" және "орташа мөлшерде" деп бағалаған.

"Қазгидромет" жер бетіндегі судың сапасын 424 гидрохимиялық тұстамада орналасқан 143 су нысанында жүргізеді. Олар: 93 өзен, 31 көл, 15 су қойма, 3 арна, 1 теңіз.

Су сапасын бағалау халықаралық тәртіп бойынша 5 класс бойынша жіктеледі. Яғни, ең таза көздер 1 класқа, ең лас көздер 5 класқа жатады.

5 кластың ішінде су сапасы нормаланбайтын 29 өзен мен 6 су қоймасы бар.

Олар: Оба, Аягөз, Егінсу, Жайық (Атырау обл.), Шаронов, Қиғаш, Ембі (Атырау обл.), Шынғырлау, Қараөзен, Тобыл, Обаған, Желқуар, Есіл (Ақмола обл.), Сарыбұлақ, Ақбұлақ, Қылшықты, Шағалалы, Сілеті, Ақсу (Ақмола обл.), Қара Кеңгір, Соқыр, Шерубайнұра, Сарысу, Талас, Берікқара, Ақсу (Жамбыл обл.), Тоқташ, Сырдария (Түркістан обл), Қаттыбөген өзендері, Өскемен, Қаратомар, Аманкелді, Шортанды, Тасөткел, Шардара су қоймалары.

Осылардың арасынан  33 су көзінде бір жылдың ішінде 248 жоғары ластану және 6 экстремалды ластану жағдайы тіркелген екен.



"Қазгидромет" бюллетендеріне сүйенсек, былтыр көктем мен күз айларында қалалардың топырағынан кадмий, қорғасын, мыс, мырыш және хром  шоғыры көп кездескен. Әсіресе алпауыт өндірістік орындар мен ірі автомагистралдардың шекараларында байқалған.

Ал атмосфераның жерге жақын қабатында орташа тәуліктік радиоактивтілік түсу тығыздығы 0,01-0,44 мкЗв/сағ. шегінде болды. Республика бойынша радиациялық гамма-фонның орташа мәні 0,13 мкЗв/сағ екенін ескерсек, рұқсат етілген шектен аспаған.

Атмосфераның жерге жақын қабатында радиоактивтердің түсу тығыздығы 0,7-3,7 Бк/м2 шегінде болған. Бұл да шекті мөлшерден төмен.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу