Қазақстандық бизнеске енгізілген жаһандық шектеу дүрбелең туғызуда

3229

Отандық ірі кәсіпорындар парник газдар шығарындыларын алдағы 4 жыл ішінде 26,4 мың тоннаға шұғыл азайтуға міндеттелді.

Қазақстандық бизнеске енгізілген жаһандық шектеу дүрбелең туғызуда

Жер планетасы қызуының көтерілуіне және климаттың өзгеруіне байланысты әлемдік державалар көміртегі қостотығының шығарындыларын азайтуға уағдаласқаны мәлім. Бұл талап Қазақстанға да қатысты. Inbusiness.kz бұған дейін дәл осы талаптың бір факторы ретінде қазірдің өзінде елдегі құрылыс материалдарының тапшылығына және олардың бағасының көтерілуіне соқтырғанын сараптап жазды.

Бұл мәселе біраздан отандық бизнес ортада талқыға салынуда. Енді нақты көрсеткіштер де белгілі болды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кәсіпорындар үреймен күткен "2022-2025 жылдарға Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының" жобасын жариялады. Ондағы шектеу ел экономикасының ұстыны болып отырған әрбір базалық саланы және жеке кәсіпорындарды қамтиды.

Сонымен Қазақстанның электр энергетикасы секторындағы ірі, маңызды 88 қондырғы парник газдарын келесі жылы 87 057 819 тоннаға, 2023 жылы – 78 835 692, 2024 жылы – 76 707 612, ал 2025 жылы – 71 871 066 тоннаға дейін азайтуы шарт.

Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың түсіндіруінше, бұл жерде "қондырғы" деп өзара бірыңғай технологиялық процеспен байланысқан және бір өнеркәсіптік алаңда орналасқан парник газдар шығаратын бірнеше стационарлық көз аталады. Атап өтетін жайт, энергетика ғаламшардың жылынуына ең көп үлес қосып отырған сала саналады. Әсіресе, қуат пен жылу өндіру үшін жағылатын көмірдің залалы көп деп танылды. 

Металлургия саласында 19 қондырғы квотаны пайдалануға мәжбүр болады, олар климатты өзгертетін шығарындыларын    2022 жылы – 28 093 829, 2023 жылы – 25 440 523, 2024 жылы – 24 753 785, 2025 жылы – 23 193 017 тоннаға дейін кемітуге міндетті.

Мұнай-газ секторында климаттың өзгеруіне азды-кем әсері бар басты 50 қондырғы іріктеп алынды. Олардың квотасы 2022 жылы – 21 067 569, 2023 жылы – 19 077 854, 2024 жылы – 18 562 869, 2025 жылы – 17 392 449 тоннамен шектеледі.

Жаһандық декарбонизация үрдісіне мәжбүрлі түрде іліккен тағы бір сала – тау-кен өндірісі, онда шектеуге 21 ірі қондырғы іріктелді. Оларға 2022 жылы тек 6 701 310, 2023 жылы – 6 068 409, 2024 жылы – 5 904 599, 2025 жылы – 5 532 304 тонна парник газын шығаруға рұқсат.

Енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан өңдеу өнеркәсібі де көміртек шектеуінің зардабын тартпақ. Әрине, әзірге құрылыс материалдары – цемент, әктас, гипс және кірпіш өндіру секторындағы 14 ірі кәсіпорын еніп отыр. Олар 2022 жылы – 7 327 738, 2023 жылы – 6 635 674, 2024 жылы – 6 456 552, 2025 жылы – 6 049 455 тонна ғана квота ала алды.

Елімізде химия өнеркәсібінің дамуы онсыз да кенже қалған, дегенмен экологтар бұл салада да шектеуге тұратын 7 қондырғы тауыпты. Енді олар СО2 шығарындысын 2022 жылы – 1 567 101, 2023 жылы – 1 419 097, 2024 жылы – 1 380 790, 2025 жылы – 1 293 729 тоннаға дейін төмендетуге тиіс.      

Парник газдарымен күрес қымбатшылыққа соқтыруы мүмкін

Жалпы алғанда, карбон шектеуіне Қазақстанның 199 ірі нысаны ілігіп отыр, олар парник газдары шығарындыларын 2022 жылы – 151 815 367, 2023 жылы – 137 477 249, 2024 жылы – 133 766 206, ал 2025 жылы – 125 332 019 тоннаға дейін төмендетуі қажет.

Яғни отандық кәсіпорындардың көміртегі квоталары алдағы 4 жыл ішінде 26 483 348 тоннаға азайтылатын болады.

"Әдетте, азайту өндіріске қоршаған ортаны ластауды азайтатын инновациялық, жаңа технологияларды ендіру жолымен жүзеге асырылады. Алайда дамыған елдермен салыстырғанда қазақстандық өндіріске құйылатын инвестиция тым аз. Салдарынан, осы бесжылдықта озық технологиялардың енгізілу көрсеткіші күрт жақсарады деп үміттенуге негіз жоқ. Тиісінше, кәсіпорындарға екі амал қалады. Біріншіден, нарықтан, өзге кәсіпорындардан артылып қалған квоталарды сатып алу. Мысалы, көрші Ресей Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп квотаға қол жеткізді. Енді оны шетелге сатпақ. Екіншіден, шығарындыны азайту үшін өндірісті күрт қысқарту. Отандық кәсіпорындардың біразы екінші жолды таңдауға бейіл отыр", – дейді энергетик Алексей Мирошниченко.      

Оның айтуынша, көмір саласының даму көрсеткіштері бүкіл әлемде жыл өткен сайын құлдырап барады. Бұл салада енді жаңа технологиялардың енгізілуі неғайбыл. Демек көмір жағудан электр энергиясын өндіретін станциялар, ЖЭО-лардың бір бөлігі газға көшеді. Қалғаны нарықтан басыартық квота іздеуге мәжбүр болады. Оны сатып алу жылу және электр энергиясының халық үшін де, бизнес үшін де қымбаттауына соқтырмақ. Ал электрді барлық сала тұтынатыны мәлім. Демек декарбонизация Қазақстанда бүкіл салада бағаның дүрк көтерілуіне серпін беруі ғажап емес.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің түсіндіруінше, қондырғы операторы, яғни кәсіпорын парник газдарын шығару квоталары бойынша қарыз-міндеттемелерін ұлттық жоспардың есепті жылы аяқталған соң, яғни жаңа жылдың 1 сәуірінен кейін 90 жұмыс күні ішінде өтеуге міндетті болады.

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 329-бабына сәйкес, парник газдар шығарындыларын квотаның белгіленген және қосымша алынған көлемінен асырып жіберсе, онда қондырғы операторына квотадан асып кеткен және сатып алынған бірліктермен өтелмеген әрбір бірлігі үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", – деді бас эколог.

Ал келесі 2022 жылы АЕК 3 063 теңгеге жетпек. Ендеше айыппұл көлемі бірнеше миллионнан миллиардқа дейін баруы ықтимал.

Алып кәсіпорындарға қанша квота тиді?

"Караганда Энергоцентр"  ЖШС-не қарасты "Қарағанды ЖылуЭлектрОрталығы-1" парник газдарының шығарындысын 2022 жылғы 376 488 тоннадан 2025 жылы – 310 812 тоннаға дейін азайтуға міндеттеліп отыр. Ал оның жаңа "Қарағанды ЖЭО-3" кәсіпорны келесі жылы 4 914 817, 2023 жылы – 4 450 640, 2024 жылы – 4 330 500, ал 2025 жылы – 4 057 454 тоннаға дейін күрт кемітуге тиіс. Компания басшылығы онсыз да жетпей тұрған квотаның бұлайша азайтылуы қиындық әкелетінін ескертті.

"Парник газдарын шығару квоталары санының шектелуіне байланысты "Караганда Энергоцентр" ЖШС қосымша квота көлемін сатып алуға мәжбүр. Экология министрінің 2021 жылғы 27 шілдедегі бұйрығымен бекітілген, көміртегі бірліктерін саудалау ережелеріне сәйкес, көміртегі нарығының ойыншылары, яғни квоталауға іліккен субъектілер өзара мәмілеге келіп, немесе тауарлық биржа арқылы көміртегі бірліктерін сата-сатып ала алады. Бірақ аталған квотаны сатып алу шығындары әзірге тарифте ескерілмейді", – дейді компания өкілі Лия Раисова.

Бірақ болашақта тәжірибе өзгеруі мүмкін. Себебі монополистер өз шығындарын тұтынушыларға арта алатыны мәлім.

Тұтастай алғанда, шектеуге ірі компаниялар тегіс дерлік ілігіп отыр. Бірқатарына тоқтала кетсек, "Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарына" сәйкес, "Теңізшевройл" ЖШС көміртегі шығарындыларын 2022 жылы – 4 487 207 тоннадан 2025 жылы 3 704 439 тоннаға дейін Қашаған кен орнын игеріп жатқан "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." (НКОК) – 3 158 186 тоннадан 2 607 258 тоннаға дейін "Павлодар мұнайхимия зауыты" – 1 096 770 тоннадан 905 445 тоннаға дейін "Атырау мұнай өңдеу зауыты" – 1 455 781-ден 1 201 828 тоннаға дейін "Бейнеу–Бозой–Шымкент магистральды газ құбыры" – 7 458 тоннадан 6 157 тоннаға дейін азайтуға мәжбүр болады.

Экология министрлігінің дерегінше, Қазақстанға алдағы 4 жылға жалпы көлемі 548,3 млн тонна ғана көміртегі квотасы бөлініп отыр. Кейбір деректер бойынша көрші Ресей тек бір жылға екі миллиард тоннадай квота ала алған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу