Елдегі энергияның көп бөлігін 72 кәсіпорын тұтынады

2979

Бұлар негізінен тау-кен металлургия кешені мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар.

Елдегі энергияның көп бөлігін 72 кәсіпорын тұтынады

2012 жылы Қазақстанда "Энергия үнемдеу туралы" салалық заң қабылданды. Ал 2013 жылдан бастап елде мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидалары ресми түрде күшіне енді. Тізілім операторы – Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты ("Қазақэнергиясараптама"). Институт тізілімге енгізілген энергия ресурстарының ірі тұтынушылары ұсынатын деректердің негізінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жүргізілген іс-шараларға бағалау, талдау жүргізеді.

Энергия үнемдеу туралы заңға сәйкес, тізілімге енгізілген кәсіпорындар жыл сайын энергия ресурстарын тұтыну көлемін төмендеуге міндетті. Институт жүргізген талдауға сүйенсек, жылына 100 мың тоннадан астам шартты отын тұтынатын 72 кәсіпорын бар екен. Бұлар негізінен тау-кен металлургия кешені мен өңдеу өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар. Мемтізілімге енгізілген ұйымдардың жалпы санының небәрі 0,8 пайызы дәл осы субъектілерге тиесілі.

Аталған субъектілердің тұтыну үлесі тізілімдегі кәсіпорындар тұтынатын энергия ресурстарының 84 пайызын және 2020 жылы Қазақстанда тұтынылған жалпы энергияның 30 пайызын құрап отыр. Тізілім субъектілері тұтынатын негізгі энергия ресурстары – тас көмір (энергия ресурстарын жалпы тұтынудың 51 пайызы) және табиғи газ (21 пайыз).

Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар өткізген энергия аудиті Қазақстанда энергия үнемдеу әлеуеті 2,3 млн тонна шартты отынды құрайтынын көрсетті. Аталған әлеуетті іске асыру кезінде елдің ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығын жыл сайын 4 пайызға төмендетуге болады.

Мәселен, "Қазцинк" ЖШС энергияны тиімді үнемдеу іс-шараларын енгізе отырып, тазартылған бір тонна қорғасын өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 25 пайызға төмендетті. Ал жылдық үнем 716 млн теңгені құрады. "ҚарЦемент" АҚ бір тонна цемент өндіруге жұмсалатын электр энергиясының меншікті шығынын 10 пайызға азайтты. Жылдық үнем 207 млн теңгеге тең.

2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстанның ірі кәсіпорындары энергия үнемдеу технологиялары мен энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға 150 млрд теңгеге жуық инвестиция салды. Нәтижесінде, 2019 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33 пайызға төмендеді. 2020 жылы тізілім субъектілерінің жалпы тұтыну тағы 5 пайызға кеміді. Атап айтқанда, былтыр энергия тұтыну жылына 58,2 млн тонна шартты отынды құрады. Оның ішінде энергетиканың үлесі 48 пайыз (27,8 млн тонна), өңдеу өнеркәсібі – 24 пайыз (13,9 млн тонна), тау-кен металлургия кешені – 16 пайыз (9,4 млн тонна).

Елімізде энергия тұтыну төмендеген. Дегенмен басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығының көрсеткіші әлі де жоғары. Бұған ішкі нарықтағы отын мен электр энергиясының қолжетімді құны себеп болып отыр. Кедергіні де осыдан іздеген жөн.

2017 жылы Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты автоматтандырылған ақпараттық жүйені іске қосып, тізілім субъектілерінен ақпарат жинау тетігін автоматтандырды. Енді кәсіпорындар ЭЦҚ көмегімен ақпаратты порталға өздері жүктейді. Бұған дейін "Қазақэнергиясараптама" қызметкерлері мәліметтерді қолмен толтыратын. Нәтижесінде, деректерді өзектендіру бойынша жұмыс жеңілдеді.

2021 жылы автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы ақпарат ұсынған тізілім субъектілерінің саны жалпы кәсіпорындар санының 91 пайызына дейін өсті. Қазіргі уақытта мемлекеттік энергетикалық тізілімге 21 516 кәсіпорын енді.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу