FIFA да көрпесіне қарай көсіледі

3094

2026 жылғы доп додасы бірнеше елде қатар өтуі мүмкін.

FIFA да көрпесіне қарай көсіледі

2026 жылғы әлем чемпионаты қай елде өтеді? Қалай өтеді? Ең бастысы, оны өткізуге қай елдің тәуекелі жетеді?

Жақында ФИФА президенті Джанни Инфантино әлемдік доп додасына қатысты ойын білдіре келіп: "2026 жылғы әлем чемпионаты бірнеше елде қатарынан өтуі мүмкін. Оған 48 құрама қатысады", – деп мәлімдеді.

Негізі әрбір әлем чемпионатының қашан және қай елде өтетіні шамамен 7 жыл бұрын белгілі болады. 2026 жылғы доп додасына дейін әлі 9 жыл бар, демек әлі де біраз нәрсенің басын қайырып үлгеруге болады. Дегенмен соңғы жылдардағы дағдарыс футбол әлемінің де етек-жеңі жинақтала бастағанын байқатады.

Бәрін Платини бастады. УЕФА президенті кезінде ол 2020 жылғы Еуропа чемпионатын бірнеше елде қатар өткізу туралы бастама жасады және соның алғышарттарын түгел іске асырып кетті. Енді үш жылдан кейін құрлық сыны Еуропаның 13 еліндегі 13 қалада, 13 стадионда өтеді. Мұның бәрі түрлі эксперимент жасауға құштарлықтан емес, қазіргі дағдарыстан "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай" өтуге тырысудан екені сөзсіз. Соңғы жылдары Олимпиада, футболдан әлем чемпионаты сынды кешенді сындарды өткізуге бір ғана елдің шамасы жетіңкірей бермейтіні белгілі бола бастады.

ФИФА тізгінін ұстап тұрған кезде Йозеф Блаттер мундиальдарды әр құрлыққа кезек табыстау тәжірибесін өмірге енгізді. Соның нәтижесінде 2006 жылы Германия әлем чемпионатын өткізген соң, 2010 жылы тұңғыш рет Африка құрлығы футбол тойын мойнына алды – Оңтүстік Африка Республикасы жақсы деңгейде атқарып шықты. 2014 жылы Бразилия Латын Америкасының жүгін көтеріп әкетті. 2018 жылғы дода – Еуропада (Ресейде), 2022 жылғы мундиаль Азияда (Қатарда) өтетіні осындай баламалы тәжірибе арқылы жүзеге аса бастаған-ды. Демек құрлықтарды кезек пайдалану тәртібіне сәйкес, 2026 жылғы әлем чемпионаты Африкаға қайта айналып келуге тиіс болатын. 2014 жылдың басында Блаттер дәл осындай мәлімдеме жасап үлгерген-ді.

Алайда Блаттер қайда, мундиаль қайда? Қазіргідей "балапан басына, тұрымтай тұсына" кеткен заманда қара құрлыққа "енді сенің кезегің" деп сеніп қарап отыру тіпті мүмкін емес. Әлем чемпионатын өткізе алады деген Египет, Марокко, Тунис сияқты елдерде жағдай мәз болмай тұр. Көрші Ливия мен Сомалиде, Судан мен Оңтүстік Суданда соғыс өрті басылар түрі көрінбейді. Нигериядағы "Боко харамның" лаңы бүкіл әлемді шошындырып отыр. Басқа елдер екі жыл сайын Африка ұлттарының кубогын әупірімдеп өткізіп жатқанына разы. Демек  дәл қазіргі уақытта Африка футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын жағдайда емес.

Қатардан кейін дереу Еуропа мен Азияға мундиальді табыстау ФИФА бастамасына сәйкеспейді. Не істемек керек? Мұндай жағдайда 1994 жылдан бері "көрпе астында тыныш ұйықтап жатқан" Солтүстік Америка мен Кариб бассейні елдері ыңғай білдірсе керек еді. Сондықтан Инфантино мырзаның "бірнеше ел бірігіп өткізсе игі" деп сипай қамшылап тұрғанын түсінудің еш қиындығы жоқ. Ол шынын айтқанда, АҚШ, Мексика, Канада сияқты елдердің бірлесіп өткізуіне үміт артып отыр. Осы айдың басында АҚШ футбол федерациясының басшысы Сунил Гулати өз елінің Мексика және Канадамен бірге мундиальді мойнына ала алатынын жария еткен-ді. Ендеше Инфантиноға неге "құланның қасуына мылтықтың басуын" дәл келтірмеске?

Шындығында  ФИФА басшылары да алысты ойлап отыр. Қазір әлемде футболды дамытуға шындап кіріскен үш ел бар болса, олар – АҚШ, Қытай және Канада. АҚШ-та МЛС лигасы құрылып, Дэвид Бекхэм, Давид Вилья, Франк Лемпард, Себастьян Джовинко, т.б. шынайы жұлдыздарды тартты. АҚШ құрамасы да 1994 жылдан бері әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдеріне қатыспай қалған емес. Ал Қытай қазір бас көтерген мықтының бәрін сатып алудан алдына ешкімді салмай отыр. Күні кеше Аспанасты еліне Карлос Тевес бастап, Аксель Витцель қостап, онша қартая қоймаған мықтылардың бәрі ат басын бұрды. Әлемдік трансферлік нарықта ақша сапырудан дес бермей отырған да – Қытай лигасы. Ал Канада соңғы жылдары футболға шындап бет бұра бастады. Экономикасы күшті, әлеуеті зор ел мұндай додаға неге тәуекел етпеске? Демек 2026 жылғы доп додасы Солтүстік Америка құрлығында өтсе, одан әрі 2030 жылғы аламанды Қытайға бере салуға әбден болады. Қатар мен Қытайдың арасында 2026 жылғы чемпионат болады да, ешкім ФИФА-ны "Азияға бүйрегі бұрып отыр" деп кінәлай алмайды.

Заманның тынышында,  яғни  дағдарыс салқыны сезілмей тұрғанда 2026 жылы әлем чемпионатын өткізгісі келетін ниетін АҚШ, Канада, Мексика, Колумбия, Қазақстан және Марокко білдірген-ді. Арада екі жыл өтпей бұл тізім қысқарып қалды. Біздің ел чемпионатты өткізуге мүмкіндігі жететінін ҚФФ-ның сол кездегі президенті Әділбек Жақсыбеков айтқан-ды. Бірақ оның орнын басқан Ерлан Қожағапанов әуелі бір-екі лебіз білдірді де, артынша мүлде ұмыттырды. Қазір Сейілда Байшақов тізгінін ұстап отырған еліміздің футбол федерациясында әлемдік дода туралы ләм-лим сөз жоқ. Дәл қазіргі жағдайда мұндай үнсіздіктің біз үшін зиянынан пайдасы зор екенін жақсы түсінеміз.

2026 жылдан бастап әлем чемпионаттарына 48 құрама қатысады. Бұл қабылдаушы мемлекет үшін зор шығын. Олардың әрқайсысына жаттығу базасын жасау, орналастыру, жанкүйерлерін күтіп алу аз мәселе емес. Әрине қатысушының көптігі елге экономикалық кіріс әкелуі де мүмкін. Бірақ қанша кіріс болса да, оның уақытша екенін біз 2014 жылғы Бразилия мысалынан анық байқаймыз. Бұл ел әлем чемпионатын өткізген соң, 60-70-80 мыңдық стадиондарын қандай керекке жаратарын әлі білмей отыр. Тіпті аты аңызға айналған "Маракананың" өзі осы күні жұтап, тозып, бітіп барады. Ондай алып ареналарды ұстап тұру шығынының өзі ел бюджетіне оңай жүк болмайды. Сондықтан біз сияқты дамушы елдер "көрпесіне қарай көсіле" тұрғаны дұрыс болар.

Әрине  футбол мәдениетін қалыптастырғанына 60 жылдан асқан Англия, Франция сияқты елдер осы қазір де доп додасын өткізе алады. Бірақ олар мұндай жетістікке жылдар бойы жүріп жетті. Ал футбол дәстүрі жоқ Қатар 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу үшін аптасына 500 млн, бас-аяғы 200 млрд доллар жұмсап жатыр екен. Бірақ содан Қатарды футбол елі деп танимыз ба? Қайдам...

Есіл Еркебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу