Ине мен оймақтың киесін түсінген жас шебер

Кәсіпкер қолөнер дүкенін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақ. 

Ине мен оймақтың киесін түсінген жас шебер

Аймақта жеңіл өнеркәсіптің жүгін тартып жүрген нәзікжандылардың қатарында жастардың қатары мол. Солардың бірі Айгүл Иманбекова "Бастау бизнес" жобасы арқылы кәсіп ашқан.

Жастайынан ине мен оймақтың құпиясына бойлаған ол мектеп қабырғасынан-ақ тігін тігуді, киім пішуді, тоқыма тоқуды үйренеді. Колледжде көлік саласы мамандығын оқыса да, осы оқу орнында үйірме ашып, үйірсектеген құрбыларына қолөнерден шеберлік сабағын ұйымдастырады. Оқу мен іскерлікті қатар алып жүріп, күрделі дүниелерге ойысады. Яғни кілем тоқуды кәнігі шеберлердей өретін жағдайға жетеді. Жеке тігінханасын ашуды қалайды. Бірақ, қалай? Әрі-бері қаржы табудың амалын жасағанмен, кәсіп бастау оңай шаруа емесін түсініп, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Кәсіпкер боламын деген жанның белін буып, кәсіпке машықтандыратын палата мамандары "Бастау бизнес" жобасы арқылы оқытып, білім-білігін, психологиясын шыңдайды. Нәтижесінде жас кәсіпкер бизнес-жоспарын сәтті қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болады. 

Бүгінде "Айгүлім" ісмерлік қолөнер тігін шеберханасын ашқан Айгүлдің палата мамандарына деген құрметі мен алғысы шексіз.

"Жол көрсетіп, кәсіптік және құқықтық көмегін аямайтын кәсіпкерлік палатасына деген шексіз алғысымды білдіремін", – дейді кәсібі өрлей бастаған Айгүл.

"Осындай мүмкіндікті беріп, жас кәсіпкерлерді демеп жатқан мемлекетіміз бен палатаға рахмет айтамын. Қарамағымда екі тігінші бар. Тапсырыстар қатары мол. Әсіресе, кілемге тапсырыс көп. Оның ішінде балаларға арналған мульткейіпкерлері бар кілемшелерге балабақшалардан көп сұраныс түседі. Бала күнімде моншақтардан да түрлі әшекей жасайтынмын. Гобелен, қыз жасауы, құрақ көрпе, әртүрлі моншақтардан бұйымдар, қалыңдық гүлі жаныма жақын. Менің туындыларыма жұртшылық қызығып көптеп сатып ала бастады. Осыдан кейін тігін шеберханасы ашып, жаным сүйетін іспен шүғылдануды жөн санадым", – дейді шебер.

Бүгінде Айгүл облыс орталығында өтетін көрмелерге қатысып, түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Жуырда ол "Алтын оймақ" жобасында үздік атанып, жеңімпаз болды.

"Жұмыс көп, шаршауға уақыт жоқ. Мен қайта тігін машинасына отырғанда демаламын. Шеберханаға күнделікті ұсақ-түйек тіктіруден бөлек перде, бесік жабдығы немесе қыз жасауын тіктіру сияқты тірліктермен адам қарасы азаймайды. Грант арқылы алған соңғы үлгідегі тігін машиналарымыз  тігістің сан түрлі жолын салады әрі жұмысты жеңілдетеді", – дейді Айгүл.

Шебердің бойында кәсіпкерге қажет жаңашыл сезім бар. Өйткені ол үнемі идея жетегінде, ізденіс үстінде жүреді. Ол жаңа дүниелерді жасауға құмар, ою-өрнектің өзінен ерекше үйлесім тапқысы келіп тұрады.

"Тоқыма, тігін жұмыстарының адам денсаулығы үшін де пайдасы зор. Миды тынықтырып, саусақ жаттығуына әсері мол. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі тігіншілікті арнайы курс ретінде қолданады. Алдағы уақытта өзім секілді жастардың қолөнерге деген қызығушылығынан оларды төл өнерімізге баулымақпын. Өйткені шеберханаға бас сұғатындардан қызығып, "үйретші" дейтіндері қаншама?! Сол себепті курс ашып, оларды қолөнерге баулу керек деп шештім", – дейді ол.

Өрелі кәсіпкер енді Шиелі ауданының орталығынан қолөнер дүкенін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақ.                                           

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу