banner

Қайтсе мемлекет кәсіпкермен бірге жұмыс істейді?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2258

Еліміздегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамымауының бір себебі – кәсіпкердің тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігінің жоқтығында.

Қайтсе мемлекет кәсіпкермен бірге жұмыс істейді? Фото: forbes.kz

6 желтоқсандағы Үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті қолдаудың кешенді іс-шараларының қолға алынуына қарамастан, әзірге бұл бағытта жүзеге асып жатқан нақты жобаның аздығына тоқталып, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған бағдарламаның әлі де жоспар күйінде тұрғанын айтты.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттің жекеменшік компаниялармен бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін нормативті-құқықтық база құрылып, аталған шараларды атқару рәсімдерін барынша жеңілдетіп, жергілікті әкімдіктерге дербестік берілген.

Бүгінде елде жекеменшік компаниялардың қатысуымен 300 шақты жоба аяқталуы керек екен. Орталық атқарушы органдардың хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны қатты. Үкімет үйінде баяндама оқыған ұлттық экономика министрінің сөзінше, аймақтардың белсенділігі бұрынғыдан жоғары.

"Жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. Байқауға дейінгі және байқау жариялау кезеңінде 68,5 млрд теңгелік 27 жоба бар. Тұжырымдамасын әзірлеу кезеңінде тағы 249 жоба тұр", – дейді ҰЭМ басшысы.

Министр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылған шаралардың нәтижесінде бүгінге дейін республикадағы 11 балабақшаның құрылысына келісімшарт жасалғанын айтты. Сонымен қатар, алдағы уақытта 51 млрд теңгеге тағы келісімшарт жасалып, егер инвестор табылса, екі аурухана салынбақ. Бұдан бөлек, 7 сервистік-әзірлеу орталығы мен тағы 5 балабақша жекеменшік компаниялардың қатысуымен салынатын көрінеді.

Жалпы, ұлттық экономика министрлігі дәл қазір 50 жобаға байқау жариялапты. Ал жоспар 300 жоба. Дегенмен, әзірге тек санаулы ғана нысан жекеменшік компаниялардың қызығуын туғызған көрінеді.

Жалпы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегеннің әлеуметтік саладағы мемлекеттің халық алдындағы міндеттерін орындауда жекеменшік компаниялардың көмегін пайдалана отырып, екі жаққа да тиімді шартпен жұмыс істеу екенін ескерсек, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бюджет қаржысын үнемдеу мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға негізделгенін байқаймыз. Бизнес мемлекетпен тең дәрежеде әріптестік құра отырып, елдің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне де атсалыспақ. Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының вице-президенті Тимур Назхановтан "Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс не себепті жүрмей жатыр?" деп сұрадық.

"Ең алдымен, мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің бір жүйеге келуі үшін кәсіпкер мемлекеттік органдармен тең дәрежеде сөйлесе алуы керек. Жалпы, экономика мен әлеуметтік мәселелерді қатар шешудің мұндай тетігі капиталистік елдердің басты ерекшелігі. Өйткені, нарықтық экономикада кәсіпкер мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің бір бөлігін өз мойнына алады. Соңғы жылдары "бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру" деген нәрсе де жеке компания мен мемлекеттік органның бірлесе жұмыс істеуінен туатын дүние. Ал Қазақстанда бұл жүйенің не үшін кең қолданысқа енбегенін біздің мемлекеттік биліктің жергілікті деңгейдегі органынан сұрап көрген жөн болар. Олай дейтінім, жергілікті әкім ірі компанияға болмаса да, шағын кәсіпкерге әлі күнге дейін жоғарыдан қарайды. Нарықтық экономика заңдылығы бойынша, керісінше, компания атқарушы биліктің алдында сөзі өтімді болуы керек еді", - дейді қауымдастықтың вице-президенті.

Тимур Назхановтың айтуынша, елде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамымауының бір себебі – кәсіпкердің толықтай тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігінің жоқтығында.

"Компания атқарушы биліктің алдында әлі де болса беделсіз. Әкімдіктің кәсіпкерлерді айтпағанда, халықпен санаспауы, тек жоғарғы органның алдында есеп беруі жергілікті жерлердегі әлгіндей әріптестіктің дамуына кедергі болады. Өйткені, жекелеген компанияның қаржысына салынатын нысан бірер жылдан кейін құрылысы тоқтатылып, әкімдік екінші бір жобаны бастап кетуі ықтимал. Өйткені, біздің жүйеде белгілі бір лауазымды адамның ауысуымен ол басқаратын мекеменің де жұмысы түгелдей жаңартылады. Ал бұрынғы әкіммен немесе мемлекеттік орган жетекшісімен келісіп қолға алынған жобаның аяқталуына кепілдік бермейтін атқарушы билік кәсіпкердің жобаға салған қаражаты үшін де жауап бермейді", – дейді тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі.

Вице-президенттің айтуынша, мұндай жағдайда кәсіпкердің әкіммен соттасарлық қауқары жоқ.

Мәселенің екінші қыры ретінде Тимур Назханов мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің шарттарын айтады.

Кәсіпкерлердің пікірінше, мемлекеттік нысандарға қаржы салу біздің елде коммерциялық тұрғыда тіпті тиімсіз. Құрылыс компаниясының мемлекетпен келісе отырып, балабақша, не болмаса, аурухана секілді әлеуметтік нысан салуға жұмсаған қаржысының еселенген қайтарымы болуы шарт. Мемлекеттің қоятын стандартты талабындағы қайтару мерзімі мен салған қаржының үстіндегі есесі жеке кәсіпкерлер үшін тиімсіздеу.

Тимур Назханов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін компанияға арнайы жеңілдік ұсынылса дейді.

"Мәселен, ол компания үшін арнайы салық жеңілдігі, не болмаса, әкімшілік процедуралардың қысқартылуы кәсіпкерді әлеуметтік нысандарға ақша салуға ынталандырар еді", – дейді Тимур Назханов.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктегі ең қиын жоба – инфрақұрылымдық нысандар көрінеді. Автокөлік жолдары секілді қайтарымы жоқтың қасы кей жоба Қазақстанда да қолдаушысын таппай отыр. Бақытжан Сағынтаевтың айтқан 300 жобасының басым бөлігі әлеуметтік нысандар екенін ескерсек, Үкімет мемлекет басшысының берген тапсырмасын орындау үшін осы бағыттағы нормативтік-құқықтық базаға өзгерістерді бұдан бірнеше жыл бұрын-ақ енгізуге тиіс болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу