Энергетика министрлігі Қазақстанда газ баллондарын таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын жариялады. Бұл сынақ 2025 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейінгі аралықта жүреді.
"Қазақстанда тұрмыстық баллондарда сатылатын сұйытылған мұнай газының таңбалануы мен қадағалануы бойынша пилоттық жоба жүзеге асырыла бастады. Тиісті бұйрыққа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қол қойды", – деп хабарлады ведомство.
Энергетика және Төтенше жағдайлар министрліктерінің мәліметінше, бүгінде республика бойынша айналымда 800 мыңнан астам тұрмыстық газ баллоны жүр. Бұл – жүздеген мың үй деген сөз.
Яғни, бірнеше миллион қазақстандық, негізінен ауылдықтар, сондай-ақ шаһарлардың газдандырылмаған бөліктерінде тұратын қалалықтар тамағын қарапайым газ балонымен жұмыс істейтін плитада әзірлейді. Газ балондарын тіпті бір және екі қабатты ескі үйлерде тұратын астаналықтар да пайдаланады. Демек, бұл мәселе барлық өңір үшін өзекті.
ТЖМ дерегінше, жыл сайын жарамсыз немесе мерзімі өткен баллондарды қолдану кесірінен 100-ден астам жарылыс тіркеледі. Мысалы, Түркістан облысының Шардара ауданындағы жеке тұрғын үйде газ балоны жарылып, еңселі баспана жермен-жексен болды. Салдарынан, бір адам қаза тапты.
Ведомствоның хабарлауынша, жарылыстың қуатты болғаны сонша, ауданы 84 шаршы метрді құрайтын үйдің шатыры ішіне опырылып түсіп, қабырғалары жартылай құлаған.
ТЖМ бөлімшелері келіп жеткенге дейін көршілері үйіндінің астынан екі баланы аман алып шығыпты. Балалар орталық аудандық ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілген. Өкінішке қарай, оқиға орнында әйел адамның мәйіті табылды.
Сондықтан ТЖМ жұртшылықты газ балондарын сақтау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Министрлік мамандарының түсіндіруінше, күнделікті өмірде газ қауіпсіздігінің негізгі ережелері келесідей:
- Балондарға сұйытылған газ тек өлшеудің нормативтік дәлдігін қамтамасыз ететін бақылау таразыларымен және таразы қондырғысымен (весовая установка), артық толтырылған баллондардан газды ағызуға арналған ыдыспен жабдықталған арнайы маманданған пунктерде ғана құйылып, толтырылуға тиіс.
- Баллонды суықтан жылуға, мысалы, аязды күні даладан жылы бөлмеге енгізуге, жылу көздерінің, пештің жанына қоюға болмайды, өйткені балондағы газ күрт кеңейіп, жарылысқа соқтыруы мүмкін;
- Біткен баллонды газға толысына ауыстырар алдында жаңасының және пайдаланылғанының шүмек-крандары жабық екеніне көз жеткізіңіз. Ауыстырғаннан кейін одан газ шығып жатпағанын тексеріңіз (суға ерітілген сабын сұйықтығын тамызғанда, ол көпіршіктенбеуі қажет).
- Баллонды газ плитасымен қосу үшін тек соған арналған (қолдан жасалған емес), тиісті таңбасы бар иілгіш резеңке шлангты пайдаланыңыз. Оның ұзындығы 1 метрден аспауға тиіс. Шланг қауіпсіздік қысқыштары арқылы бекітілуі керек. Оның созылуына немесе қысылып қалуына жол бермеңіз.
- Газ аспабын қосудың ретін сақтаңыз: алдымен сіріңкені жағып, содан соң ғана газ беруді ашыңыз.
- Тексерілмеген баллонды пайдалануға болмайды.
- Газ шығып, таралып кетуін болдырмау үшін тамақ дайындау барысында су, май, сүт және басқа қайнаған сұйықтықтардың тасып, отқа төгіліп, сөндірмеуін қадағалаңыз.
- Жанарғыларды (горелки) үнемі тазалаңыз. Жұмыс аяқталғаннан кейін баллонның кранын жабуды ұмытпаңыз.
Балонмен істейтін газ құрылғылары отбасы мүшелеріне және олар тұратын үйге, сондай-ақ айналадағы үй-жайларға және құтқарушыларға қауіп төндіреді. Мәселен, Петропавл қаласындағы жеке үйлердің бірінде өрт шыққанда, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әсет Сыздықов пен Артем Маренков оқиға орнына жедел жетіп, отқа оранған үйден адамдарды алып шыққан.
Олар келгенде ауладағы қора-қопсыны "жалмаған" жалын тілі енді екі қабатты үйдің шатырына ауысқан екен. Үйдің ішін түтін жайлап, электр жарығы өшкен. Абыржыған әйел полицейлерге екінші қабатта күйеуінің қалғанын жеткізген. Бірінші қабатта жасына қарай әзер қозғалатын әжей болған.
Түтінге тұншыға жүріп, Сыздықов адамдарды, ал, Маренков жарылыс болмас үшін газ балонын көшеге алып шыққан. Баллонды газ құрылғысынан ажырату үшін Артем біраз әбігерленіпті, аузына тістеген смартфонының жарығын пайдалануға тура келген.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындардан үй-жайда газдың иісі пайда болса, дереу газ беру кранын жабу, үй-жайды желдету үшін терезелер мен есіктерді ашу, ашық отты пайдаланбау, электр жарығын және электрлі аспаптарды қоспау, телефон сымын розеткадан шығару қажеттігін ескертті.
Әрине, төтенше жағдай туындаса, міндетті түрде "101", "112" телефон нөмірлеріне қоңырау шалған жөн.
Бұл ретте газ балондарын таңбалау олардың қауіпсіздігін арттыруға өз үлесін қосады деген үміт бар. Бірақ пікір білдірген сарапшылардың байламынша, бұл шара халық үшін осы газ түрінің елеулі қымбаттауына соқтырады. Өйткені таңбалау тегін емес, біраз шығын шығаруды және таңба ақысын ұдайы төлеп тұруды талап етеді.
"Пилоттық жоба аясында таңбалау кодтарын енгізу тәсілдерін, қолданыстағы бизнес-процестермен интеграцияны, сондай-ақ қатысушылардың операциялық қызметіндегі ықтимал өзгерістерді сынақтан өткізу жоспарланған. Пилоттық жобаны жүзеге асыруды Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы Tañba компаниясымен бірлесе жүргізеді", – деп мәлімдеді энергетика ведомствосы.
Оның сендіруінше, газ баллондарын цифрлық таңбалау мен қадағалау бойынша пилоттық жоба – осы өнімдерді жүйелі есепке алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және барлық кезеңдерде қадағалау үшін маңызды қадам.
Пилоттық жоба қорытындысы бойынша бұл тауар тобына сынақтық емес, міндетті және тұрақты таңбалауды енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта міндетті таңбалау үш тауар тобына толыққанды енгізілген, бұлар:
- темекі өнімдері,
- аяқ киім
- дәрілік заттар.
Тағы бір тобына таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды және нәтижелері қорытындыланған соң, таяуда шешім қабылданады. Бұлар:
- мотор майлары,
- сыра сусындары,
- зергерлік бұйымдар,
- тоқыма жеңіл өнеркәсіп тауарлары.
Бұдан бөлек, биологиялық белсенді қоспалар (БАД) бойынша тестілік жоба іске асырылуда. Ал, тұрмыстық химия тауарлары бойынша "пилот" басталу сатысында тұр.