Кәсіпкерлер темекі саудасына қатысты шектеулердің ойдағыдай іске асатынына күмәнданады

4424

Мамандар темекі өнімдерін сатуға тыйым салынса, контрафактілік темекінің көлемі өсетінін айтады.

Кәсіпкерлер темекі саудасына қатысты шектеулердің ойдағыдай іске асатынына күмәнданады

Шылым мен қорқорға шектеу қоюға кәсіпкерлер қарсы шықты. Елімізде қорқор мен темекі төңірегіндегі дау өршіп барады. Өйткені ҚР денсаулық сақтау министрлігі елдегі мейрамхана мен дәмханаларда темекі шегуге шектеу қою туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.

ҚР денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зауре Ахметова өткен аптада өздерінің ұстанымдарын төмендегідей түсіндіріп өткен: "Қазір әлемнің 58 еліндегі тамақтану мен көңіл көтеру орындарында қорқор мен темекіге тыйым салынған. Соның нәтижесінде түрлі жүрек, өкпе ауруларының саны азайып, халықтың өмір сүру деңгейі артқан. Сондықтан бізде тыйым салуды көздеп отырмыз"

Алайда бұған кәсіпкерлер жаппай қарсылық танытуда.

Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева бүгін журналистермен кездескен кезде денсаулық сақтау министрлігі темекі саудасын шектеуге қатысты нормаларды заң жобасына енгізуге асығып отырғанын кесіп айтты. Оның пайымдауынша, министрлік темекіні сауда орындарында оқшауландырып сататын әдістің нақты тетіктерін талдамай жатып, мәселені белден басуда. Ол аталған жоба көлеңкелі экономиканы кеңейтіп, контрабандаға жол ашады деген уәж айтады. "Мәселен, темекі өнімдерін сатуға тыйым салсақ, контрафактілік темекінің көлемі артады", – дейді Жібек Әжібаева.

Айта кету керек, денсаулық сақтау министрлігі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекстің жобасын қоғам талқысына шығарған болатын. Онда темекі өнімдерін сөреге қоюға болмайтыны айтылған. 10 шаршы метр сауда орындарында темекіні мүлдем сата алмайды.

Жібек Әжібаеваның пайымдауынша, министрлік бұл жолы ірі бизнес өкілдерінің, ірі сауда орындарының мүддесін ашық қорғап отыр. Айлық табысының 20-30 пайызы темекіден түсетін шағын және орта бизнес өкілдерінің жағдайын мүлдем естен шығарып алған.

"100 метрлік шектеу" республика бойынша сауда орындарының 80 пайызын, нақты айтқанда, 49 мың шағын және орта бизнес өкілін шығынға батырады. Оларға темекіні оқшаулап сататын жәшіктерді сатып алудың өзі ауыр. Оның бағасы кем дегенде 150-200 мың теңге тұрады. Бұл қаржы олардың айлық табысымен бірдей. Бірқатар сауда нүктелері үшін темекі өнімдеріне арналған сөрелерді қайта жабдықтаумен байланысты шығындар ауыр талапқа айналуы мүмкін. Темекіні сақтауға және сатушының сұрауы бойынша ғана темекіні көрсетуге мүмкіндік беретін арнайы сауда жабдығының орташа құны 180 мың теңге тұрады. Осылайша мұндай жабдықты сатып алуға кететін шығын және орта бизнестің, әсіресе, шағын бөлшек сауда нүктелерінің мойнына жүк болып түседі. Ал ірі сауда орындарында, оны тіпті ваккумге салып қойып сатуға да мүмкіндік бар", –дейді Жібек Әжібаева.

Жібек Әжібаева осы ретте Қазақстанның темекіге қарсы науқанды қостайтын елдердің көш басында тұрғанын еске түсіріп өтті. 2000 жылдан бергі уақытта осы мақсатта қанша қаржы жұмсалғанын идея авторларының өзі де естен шығарып алған. Бірақ нәтиже аз.

"Мен министрлікке қаржыны босқа шашқанша, оның нәтижесін ел сезетін пайдалы бағыттарға жұмсаңыздар деген кеңес бергім келеді. Мысалы, фитнес клубтарда темекі шекпейтіндер үшін төлемақыны 20 пайызға арзандатса, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болатын еді. Темекіні жайғастыруға тыйым салу 2013 жылы талқыланып, қабылданбай тасталды, өйткені бұл норма мақсатқа сай емес және шылым шегуге қарсы күресуге көмектесе алмайды деген шешім жасалған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі неліктен тағы да бұл мәселені көтеріп отырғандығы түсініксіз. Темекі – ішімдік немесе құрамындағы қанты мен тұзы көп өнімдер секілді заңды тауар, шынын айтқанда, бұл өнімдердің тұтынушыларға зиян келтіру деңгейі темекіге қарағанда әлдеқалай жоғарырақ. Мұндай қисынға салатын болсақ, онда бүкіл тауарды жайғастыруға тыйым салу қажет", – дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева.
Қазақстандағы барлық дүкендер мен супермаркеттерді дерлік біріктіріп отырған және де олардың мүддесін қорғаумен айналысатын сауда кәсіпорындары қауымдастығы басшысының пікірінше, кодекстің жаңа нормалары міндетті түрде мемлекеттік бюджетке түсетін салықтың айтарлықтай қысқаруына, контрафактілік өнімдердің көбеюіне, сондай-ақ, жұмыс орындарының қысқаруына және шағын кәсіпорындарының жабылуына алып келмек.

AC Nielsen мәліметтері бойынша 2018 жылы Қазақстандағы контрафактілік өнім үлесі шамамен 1,8-2 пайызды құраған, осылайша мемлекеттік бюджет салық түрінде түсетін ең кем дегенде 1,9 млрд теңге қаржыдан айырылып қалған. 

"Темекіні жайғастыруға тыйым салу сатушы сөресіне тығып сатылатын контрафактілік өнімнің түсу ықтималдығын арттыратындығы дәлелденген", – дейді Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Жібек Әжібаева.

Қоғам белсенділері бұл шешімдер не дүкендердің жабылуына, не темекіні заңсыз сатуына алып келеді деп алаңдап отыр. Кодекске енгізілген түзетулер жүздеген дүңгіршектің ойсырауына әкелуі мүмкін. Шағын сауда нүктелерінің табысы ең кем дегенде 25 пайыз темекі өнімдерін өткізуге тәуелді болып табылады. "Шағын дүкендер – Қазақстандағы көптеген отбасылардың басты табыс көзі, соның ішінде менің отбасым үшін де. Темекі сөрелерін жабу, арнайы жабдықты сатып алу біздің қалтамызға үлкен ауыртпалық салмақ. Біз салық төлеп, адамдарға жұмыс береміз, ал халық темекіні тастасын деп бізді енді күнделікті табысымыздың төрттен бірінен айырмақшы. Темекі қораптарына қорқынышты суреттерді жапсыру, темекі бағасын көтеру сияқты осы уақыт ішінде енгізілген тыйымдар ешқандай нәтиже бермеген болса, неліктен сөрелерді жабу бұл мәселені шеше алмақ? Мұндай мәселелерден кейін, мен сияқты сатушылар темекі шегіп қайғыға батып кетпесе болғаны! Егер сатып алушы тауарды көрмесе, басқа дүкенге, әрине, үлкенірек дүкенге немесе супермаркетке кететіні айдан анық", – деп наразылығын білдірді алматылық дүкендердің бірінің қожайыны Айгүл Ибраева.
Десе де, бастама талқылаудан өтіп жатыр. Солтүстігіміздегі Ресейде темекі тарту зардабынан 500 мың адам көз жұмады екен. Жарты миллион! Бүкіл дүниежүзінде ажалын темекіден табатындардың (5 миллион) 10 пайызы осы елде. Бұл елде 43 миллион адам темекі тартады. 25 жасқа дейінгі ер балалардың 68 пайызы, қыздардың 39 пайызы шылым шегеді. Бір кезде бұл алып елдің халқы 146 миллион болса, қазір 141 миллионға түсті.

Өзіміздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бізде бір деректе 5 миллиондай, бір деректе 4 миллиондай адам темекі тартатыны, содан ауруға шалдығып, ақыры өлім құшатындар саны жыл сайын 25 мыңға жетіп отырғаны келтірілген. Олар айдын-күннің аманында, соғыс жоқ кезде өздері сұрап алған кесапаттан көз жұмады.

"Біз темекіден келер қауіпті түсінеміз. Бірақ темекі саудасы - шағын дүкендері үшін кіріс көзі. Темекі қажет еткен адам оны жердің астына тығып қойсаң да тауып алады. Жоқ болса, синтетикалық өнімдерге жүгінеді. Сондықтан бұл мәселеге әсіреқызыл ұранмен емес, нақты нәтиже беретін қадамдармен барғанымыз дұрыс", – дейді Жібек Әжібаева.

Тиісті құжатты денсаулық сақтау министрлігі жан-жақты зерттеп, бір-екі айдың ішінде Мәжілістің қарауына енгізбек. Қазірден-ақ, дау туғызған бастама төменгі палатада да қызу талқыға түскелі тұр.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу