Қазақстан экономикасының алдағы тағдыры: үміт пен күдік

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
10492

Алдағы бес жылда қалай дамитынымыз белгілі болды.

Қазақстан экономикасының алдағы тағдыры: үміт пен күдік

Қазақстан жаһандық "қара базарда" сататын өзінің басты экспорттық тауары – "қара алтынның" құны келер жылы әр бөшкесі үшін 35 долларға дейін құлдырайды деп қауіп қылады.

Бірақ ел үкіметі сәл-пәл оптимизмге бой алдырып, алдағы жыл бюджетінде мұнай бағасын 45 доллардан бекітті. Сондай-ақ биыл жалпы ішкі өнімнің 4 пайыздық өсімі күтілмейтіні мәлім болды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен негізгі басымдықтары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бұл бесжылдық құжат елбасының "Қазақстан-2050" стратегиясында, 30 озық дамыған елдің қатарына кіру тұжырымдамасында, бес институционалдық реформада, сондай-ақ Қазақстанның үшінші жаңғыруында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін мәлімдеді.

Бас экономист бұл болжамды құрғанда қандай деректерге сүйенгенін ашып айтты.

"Біріншіден, құжат 2016 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша есептік деректердің және ағымдағы 2017 жыл бойынша экономикалық өсімнің нақтыланған бағалауы негізінде әзірленді. Атап айтқанда, 2016 жылы Қазақстанның атаулы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 1 триллион 497,4 млрд теңгеге ұлғая отырып, 46 триллион 971,2 млрд теңге көлемінде қалыптасты. Бұл ретте ЖІӨ-нің нақты өсуі 1,1%-ды құрады. Жыл басынан бастап, экономикалық белсенділіктің жақсаруы байқалады, ағымдағы жылғы 7 айда ЖІӨ-нің өсуі 4%-ды құрады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша біз экономиканың 3,4% деңгейінде өсуін күтудеміз.

Екіншіден, әлемдік экономиканың өсуі бойынша жаңартылған болжамдар негіз болыпты. Өйткені әлемдегі елдер экономика өссе, олар Қазақстан сататын өнімдерді көбірек тұтынуы ықтимал. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2017-2018 жылдары экономикасы дамыған елдердегі белсенділіктің жеделдеуі аясында 3,5-3,6% денгейінде үдемелі өсім күтілуде.

Үшіншіден, құжатта әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалдың тұрақтылығы көрініс тапты. Ағымдағы жылғы 7 айда мұнайдың бағасы бір барреліне 51,7 АҚШ долларын құрады, ал 2016 жылы небары 44 АҚШ доллары болған.

2017 жылға арналған консенсус-болжамға сәйкес (яғни, халықаралық қаржы ұйымдарының деректері бойынша орташа баға) мұнайдың бағасы 53,5 АҚШ доллары, 2018 жылы – 55,3 АҚШ доллары деңгейінде болжануда.

Бірақ ел үкіметінің экономистерінің көңілін қауіп қаумалауда. Олар жаһандық белді де беделді әріптестеріне онша көп сенбей, бюджетті және еліміздің даму жоспарларын басқа бағаға құрыпты. 

"Ішкі және сыртқы параметрлердің өзгерістеріне байланысты Қазақстан экономикасы дамуының ықтимал үш сценарийі қаралды. Оптимистік сценарий 2018-2022 жылдары мұнай бағасының бір барреліне 55 АҚШ долларына дейін өсуін болжайды. Пессимистік сценарий бойынша бағасы бір барреліне 35 АҚШ долларына дейін төмендейді. Ал 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізіне мұнайдың бір барреліне консервативтік баға – 45 АҚШ долларына құрылған базалық сценарий алынды", – дейді Тимур Сүлейменов.

Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2018 жылы 3,1% деңгейінде ғана болжануда. Жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны алдағы бес жылдық кезеңде 3,7%-ды құрайды. Кейіннен 2022 жылы ЖІӨ 4,2%-ға өседі деп жоспарлануда. Әрине, мұндай қарқын дамыған елдерді қуып жетуге аздық ететіні мәлім.

"2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 55 триллион 906,2 млрд теңгеден 2022 жылы 75 триллион 875,4 млрд теңгеге дейін өседі", – дейді министр. Қазіргі бағам бойынша бұл 220 миллиард доллар деген сөз. Бірақ 2022 жылға дейін теңге қайтадан құнсызданса, көрсеткіш қайтадан кері шегінеді. Салыстыру үшін айта кетелік, "отыздыққа" кіретін және халқы мен жерінің ауқымы бойынша Қазақстанға ұқсас Канаданың бұл көрсеткіші 1,5 триллион долларды құрайды.

"Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2022 жылы 11,7 мың АҚШ долларына дейін ұлғая отырып, 2018 жылы 9,0 мың АҚШ долларын құрайды", – деді Тимур Сүлейменов. Әрине, бұл көрсеткіш те теңгенің құнсызданбауының "тілеуін тілеуге" тиіс.

"Алдағы перспективада индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру есебінен өңдеуші өнеркәсібі 4,2%, ауыл шаруашылығы – 5,7%, құрылыс саласы – 4,0%, көлік – 5,1%, сауда – 3,5% деңгейінде неғұрлым жоғары өсу қарқыны күтілуде", – деді ұлттық экономика министрі.

Бір қызығы, келесі жылы Қазақстан ОПЕК көздегендей, "қара алтын" өндірісін шектегелі отырған жоқ. Керісінше, арттырмақ: мұнай өндіру көлемі 2018 жылы 86 миллион тоннадан 2022 жылы 88,6 миллион тоннаға дейін ұлғаяды.

Экспорт 2022 жылы 60,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайып, 2018 жылы 47,0 млрд долларын құрайды, импорт 2018 жылы 34,0 млрд АҚШ долларынан 2022 жылы 45,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі деп мәлімделді.

Өз кезегінде ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев инфляцияның жылдық мақсатты дәлізін 2018 жылы 5-7%, 2019 жылы 4-6% шегінде сақтауға, ал кейіннен 2020-2022 жылдары тіпті 3-4%-ға дейін төмендетуге уәде етті.

Құжатта жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 4,9%-дан 2022 жылы 4,7%-ға дейін төмендейді деп белгіленген.

Орта мерзімдік перспективада өсім параметрлеріне жету үшін, Үшінші жаңғыртуды іске асыру бойынша жобалық басқаруды енгізу шартында әлемнің неғұрлым дамыған 30 "көшбасшы" ел қатарына кіру мақсатында негізгі күш экономикалық саясатының бірнеше басымдықтарына шоғырландырылмақ. Олар қатарында ақша-кредит саясатының рөлін ынталандыру, қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және фискалдық орталықсыздандыруды ескеретін тиімді бюджет-салық саясатының арқасында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бар.

Бұларға қоса, цифрлық технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияларды өсіру, технологиялық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің, көлік-логистика инфрақұрылым, құрылыс секторын дамыту – дәстүрлі базалық салалардың экспорттық әлеуетті арттыру арқылы экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту да аталды.

Алдағы бес жылда экономикада мемлекеттің қатысу үлесін шектеу және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту жолымен бизнестегі шығасылардың барлық түрлерін фронталды түрде азайту, бәсекелестікті және жеке капиталды дамыту арқылы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту көзделеді.

Білім беру жүйесінің қолжетімділігін және сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласын қайта құру мен әлеуметтік көмек көрсетудің атаулы сипатын күшейту арқылы оңтайландыру есебінен адами капиталдың сапасын жақсарту да жоспарланған.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үздік тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жолымен институционалдық қайта құру және сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету мен кәсіби мемлекеттік аппарат арқылы мемлекеттің тиімді басқару жүйесін қалыптастыру жоспарда бар.

Бір айта кетерлігі, макроэкономикалық болжам негізінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы дайындалды.

Республикалық бюджеттің кірісі (трансферттерді есепке алмағанда) 2018 жылы 5 528,4 млрд теңге (2017 жылмен салыстырғанда 732,8 млрд тенгеге ұлғаюмен), 2019 жылы – 6 403,9 млрд тенге, 2020 жылы – 7 175,8 млрд тенге сомасында болжамдалуда.

Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт 2018 жылы – 2 600 млрд теңге, 2019 жылы – 2 300 млрд теңге, 2020 жылы – 2 000 млрд теңге мөлшерінде қысқартылып айқындалды.

Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту қарастырылмаған.

Бюджет тапшылығын 2018-2020 жылдары жалпы ішкі өнімге қатысты 1,0 % деңгейінде айқындау ұсынылады. Бұл үкімет борышын үш жылдық кезеңде ЖІӨ-ге қатысты 25 % аспайтын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді (мемлекеттік борыш жалпы ішкі өнімге қатысты 27%-дан аспайды).

Бюджет тапшылығын 2018 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 1,1 %-да, 2019-2020 жылдары жалпы ішкі өнімге қатысты 1,0 % деңгейінде айқындау ұсынылады. Бұл үкімет борышын жалпы ішкі өнімге қатысты 25,0 %-дан аспайтын деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

Болжамды түсімдер мен жоспарлы бюджет тапшылығын ескере отырып ел бюджетінің шығыстар болжамы 2018 жылы 9 217,9 млрд теңге, 2019 жылы – 9 798,2 млрд теңге, 2020 жылы – 10 219,7 млрд теңге көлемінде айқындалған.

Мұнайға қатысты емес тапшылық болжам бойынша 2018 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 7,1 %-дан 2020 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 5,1 %-ға қысқартылады, ол Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасында белгіленген (2018 жылы – ЖІӨ қатысты 7,4 % , 2019 жылы – ЖІӨ қатысты 7,2 %, 2020 жылы – ЖІӨ қатысты 7,0 %) мұнайға қатысты емес тапшылық бойынша нысаналы мәнінен аспайды.

Мұнай бағасы барреліне 45 АҚШ доллары кезінде Ұлттық қорға болжамдалған түсімдерді және кепілдендірілген трансферттің төмендеуін ескере отырып, 2018-2020 жылдарғы Ұлттық қордың жалпы қаражат көлемі болжам бойынша 62,4 млрд АҚШ долларын құрайды. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться