Қазақстан халыққа табиғи газдың қолжетімділігі жөнінен әлемде бірінші орынға шықты

2634

Елді газдандыруға және газ тасымалдау жүйесін дамытуға 2024 жылы 87,3 миллиард теңгеден астам сома бөлінбек.

Қазақстан халыққа табиғи газдың қолжетімділігі жөнінен әлемде бірінші орынға шықты Фото: inbusiness.kz

Яғни, бұл саладағы негізгі жұмыстар келесі жылға тұспа-тұс келіп тұр. Әрі қарай осы бағытқа 2025 жылы – 18,9 миллиард, 2026 жылы – 12,9 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған.

Билік "Қазақстанды көгілдір отынмен жабдықтауды "әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі" деп белгіледі. Газдандырудың бас схемасына сәйкес, 2030 жылы халықтың 65 пайызын газбен қамту жоспарлануда.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде бұл деңгей 60 пайызға жуықтады (12 миллион адам қол жеткізді). Алдағы жылы тың серпін болса, 2026 жылға дейін елді газдандыру деңгейін 64,5 пайыздан асыру көзделіп отыр.

Еліміздің Батыс және Оңтүстік облыстары барынша газдандырылған. Оларда негізінен ескірген инфрақұрылымды жаңғырту секілді мәселелер бар. Ал Қазақстанның Солтүстік, Шығыс және Орталық бөліктері аз немесе мүлдем газдандырылмаған. Бар күш-жігер де соларға бағытталмақ.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов мәселенің қалай шешілетінін әңгімеледі.

Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі екі нұсқаны қарастырып жатыр. Оның бірі – отандық газға негізделсе, екіншісі – импорттық газды пайдалануды көздейді.

"Бірінші нұсқа – қазіргі "Сарыарқа" магистральдық газ құбырын Астанадан әрі қарай Көкшетауға және Петропавлға дейін тартуға құрылған. Бұған қоса Қостанайдан Шығыс Қазақстанға дейін жаңа газ құбырын салу керек болады. Бірақ ол өте күрделі және ауқымды жоба. Ұзындығы – 2 мың 200 шақырымнан асады. Екінші нұсқа – Ресейден Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына газ құбырларын тарту. Екі нұсқа да егжей-тегжейлі пысықталып жатыр. Техникалық-экономикалық тұрғыдан салыстырылатын болады. Нәтижесінде, ең тиімді шешімді қабылдаймыз", – деді Асхат Ғалымұлы.

Энергетика министрінің орынбасары 2018 жылдан бері газдандыруға бөлініп жатқан қаражат 5 есеге ұлғайғанына назар аудартты. Яғни, 18 миллиардтан шамамен 90 миллиард теңгеге дейін жеткізілді. Бұл Үкіметке алдағы жылы газдандыру мәселесін қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді.

Асхат Хасенов "Сарыарқа" магистральдық газ құбыры арқылы газдандыру үшін бүгінде Ұлытауда және Қарағандыда жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.

Дегенмен, Үкіметтің мамандары мен экономистері Ресей газына негізделген екінші нұсқаны қолай көріп, соған бейім отырғанға ұқсайды. Бірақ Үкіметтің ойлағаны – экономикалық орындылығы. 2023 жылғы 7 қазанда Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдайтын алып магистральді газ құбыры іске қосылды. Ол – кеңес кезінен бар, бірақ бұрын сол арқылы керісінше, өзбек газы Ресейге айдалып, одан әрі халықараралық нарыққа экспортталатын.

Енді реверспен, кері бағытта газ айдалуда. Өйткені Өзбекстанның өзі бірнеше жылдан бері энергетикалық дағдарыстан шыға алмай жатыр. Тіпті ел астанасы Ташкенттің аудандарында да жиі жарық өшіріледі, сақылдаған аязда жаураған жұрт әуежайлар мен вокзалдарда қонып, жылынуға мәжбүр болған. Ресей болса, Батыспен жағаласам және жазалаймын деп, Еуропаға газ құбырын өзі жапты. Сөйтіп, ауқатты Еуроодақтың "майшелпек" нарығынан айрылды. Қытай да ресейлік көгілдір отынның импортын кемітті.

Мәскеудің артылған газын Орталық Азияға арзанға айдаудан басқа амалы қалмай тұр. Бірақ Өзбекстан әрі кеткенде жылына 3 миллиард текше метрге дейін ғана көгілдір отын ала алады. Ал Ресей басыартық көгілдір отынын қайда жіберерін білмей жатыр.

"Газпром" басшысы Алексей Миллердің айтуынша, қоймалар газға мелдектей толып тұр. Ресейлік жерасты қоймаларына тоғытылған газдың көлемі бүгінде рекордтық 72,842 миллиард текше метрден асты. Бұл былтырғы рекордтан 180 миллион текше метрге көп.

Ендеше егер Үкіметтің келіссөзшілері табандылық пен біліктілік таныта алса, Қазақстан осынау аста-төк қазынаны тым арзанға ала алар еді.

Сонымен қатар өз жеріміздегі газ кен орындары да игеріле бастады. Inbusiness.kz 22 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысындағы "Рожковское" ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілгенін хабарлады. Оны Үкімет басшысы Әлихан Смайылов онлайн телекөпір режимінде өзі іске қосты. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 миллиард текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланған.

Finprom мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан халыққа табиғи газдың қолжетімділігі рейтингінде әлемде бірінші орынға көтерілді.

Себебі, халықаралық мамандардың пайымдауынша, республикада көгілдір отын бағасы жөнінен де, жергілікті жалақыға қатынасы тұрғысынан да арзаны саналатын көрінеді.

"2023 жылдың қорытындысында халыққа газдың қолжетімділігі бойынша Еуропа елдерінің рейтингінде Қазақстан бірінші орынға шықты. Ең төменгі газ тарифі Қазақстанда тіркелген (1000 текше метрге 62,3 доллар). Бұл 30 елдің арасындағы ең жақсы көрсеткіш. Екінші орында – Ресей (96,5 доллар). Беларусь жетекші елдердің үштігін жапты (1000 текше метрге 112,3 доллар). Басқа Еуропа елдерінде тұрғындарға арналған табиғи газ құны біздегіден бірнеше есе жоғары. Мәселен, төртінші орында тұрған Венгрияда бұл қазірдің өзінде 434,9 доллардан, Хорватияда – 517,3 доллардан, Словакияда – 571,1 доллардан асты. Ең қымбат баға Швецияда – 3 мың доллардан астам. Данияда – 2,4 мың, Чехияда – 2,3 мың доллар тұрады", – деп хабарлады Finprom сарапшылары.

Әрине, Азиядағы Қазақстанды Еуропамен салыстыру қаншалықты қисынды деген сауал туады. Бірақ ұжымдық Еуропада да Қазақстандай елдер жетерлік.

Қалай болғанда, Қазақстан газ тарифінің жалақыға қатынасы бойынша да көшбасшы болып танылды. Бұл рейтинг газ құнының тұтынушының қалтасына қаншалықты ауыртпалық түсіретінін көрсетеді.

Қазақстандықтардың орташа жалақысына елімізде 10 мың текше метрге жуық газ сатып алуға болады екен. Екінші және үшінші орындарда Ресей (7,6 мың текше метр) мен Беларусь (5 мың текше метрге жуық) тұр. Алғашқы бестікке Люксембург (4,3 мың текше метр) пен Ұлыбритания (орташа жалақыға 3,3 мың текше метр газ) кіре алды.

Аутсайдер қатарына Молдова, Румыния және Чехия енді.

Осылайша, Еуропамен салыстырғанда Қазақстанда газдың құны халық үшін барынша қолжетімді болып табылады.

Қазақстанда 3,4 триллион текше метр газдың барланған қоры бар. Бірақ оның көбі – терең тұңғиықтарда, алапат қысыммен жатыр. Жоғары технологияларсыз өндіру қиын. "Тәңір осы арқылы қазақтарды озық технологияларды дамытуға итермелеп отырған ба?" дерсіз.

Әзірге газ өндірісінің 81 пайызын үш ірі жоба – Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу