Қазақстанда тұтас сала құрудың алдында тұр

2232

Қалалардың өзінде түнде жарық шашқан сыртқы жарнамалар жоғала бастады, деп жазады Inbusiness.kz

Қазақстанда тұтас сала құрудың алдында тұр

Сыртқы жарнама құрыса, қала қараңғылық құшағына енеді

Кейінгі кезде ірі қалаларда, елорданың өзінде сыртқы көрнекі жарнама азая бастады. Көптеген үлкен LED-экрандар сөнген қалпы сорайып тұр. Аялдамалардағы жарықтандырылатын жарнамаға да бір зауал келген сияқты.

Мысалы, кейбір нашар жарықтандырылған көшелерде аялдамалардағы неонды жарнама, лайтбокстар жарықтың жалғыз көзі болып табылатын. Жалпы, мамандардың мәліметі бойынша заманауи лайтбокстардың арнайы конструкциясы алыстан көз тартып, жан-жағына барынша көбірек жарық шашып тұратындай етіп жасалады.

Енді осы "жарық қораптарының" өзі жалп етіп сөніп, көшелер қараңғылық тұңғиығына сүңгіді.

Мамандар бұған бірнеше фактор ықпал еткеніне назар аудартады. Біріншіден, пандемия және карантин шектеулері кезеңінде жарнама көлемі 70 пайызға дейін азайып кеткен.

Екіншіден, үш жылдан бері көбейген салық ақыры пандемиямен тұспа-тұс келіп, осы саладағы компаниялардың дағдаруына соқтырған.

Сала маманы, кәсіпкер Айнұр Нұржанованың айтуынша, қазіргі кезде Салық кодексіне сәйкес, бейнекөрініс арқылы таратылатын сыртқы, көрнекi жарнаманы қоспағанда, ауданы 2-ден 5 шаршы метрге дейінгі шағын сыртқы жарнама үшін мегаполистерде 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде бюджетке базалық ай сайынғы төлемақы төлеу белгіленген.

Егер сыртқы көрнекті жарнама көлемі 5-тен 10 ш.м-ге дейін барса, төлемақы ставкасы 10 АЕК-ке дейін, 10-нан 20 ш.м-ге дейінгісі – 20, 20-дан 30 ш.м-ге дейінгісіне – 30, 30-дан 50 ш.м-ге дейінгісіне – 50, 50-ден 70 ш.м-ге дейінгісіне – 70, 70 ш.м-ден жоғары болса, 100 АЕК-ке (291 700 теңге) дейін өседі.

Оның үстіне бұл алым АЕК-тің артуымен бірге жыл сайын ұлғаяды. Мысалы, 2022 жылы АЕК 3063 теңгеге теңелмек.

Бұл қарапайым сурет-фото түріндегі жарнама үшін ғана. Ал жарық шашып, қаланың әрін келтіретін жарнама түрінен алым әлдеқайда көп жиналады. Бұл ретте жарық-динамикалық панно немесе көлемді неонды әріптерден құралған сыртқы, көрнекі жарнама екі санатқа ғана бөлінеді: 30 шаршы метрге дейінгілерінен тегіс 30 АЕК, одан үлкенінен – 50 АЕК (биыл – 145 850 теңге) төлемақы төленуге тиіс.

Бейнекөрініс арқылы таратылатын сыртқы жарнама, соның ішінде экрандар үшін – 20 ш.м-ге дейінгісіне 10, одан үлкеніне – 15 АЕК алым төлеу қажет болады.

Кәсіп табысты болудан қалып барады

"Негізі, 2-ден 5 шаршы метрге дейінгі сыртқы жарнамалар автобус аялдамаларында немесе лайтбокстарда орналастырылады. Бұлар бұрыннан бюджеттік нұсқа болып саналып келді. Көбіне, шағын кәсіпкерлер, хабарландыру беретін жеке тұлғалар осыған жүгінетін. Енді мына ставкамен бұл да бюджеттік болудан қалды. Себебі, АЕК көлемі 2021 жылы 2 917 теңге болды, тиісінше, бұлардан жиналатын 5 АЕК базалық төлемақы 14 585 теңгені құрайды. Келесі жылы тағы өспек", – дейді кәсіпкер.

Айта кету керек, бұл алым жарнама объектілерінде орналастырылатын сыртқы көрнекі жарнаманың әрбір көрініс жағы үшін жиналады. Оның үстіне Салық кодексіне сәйкес, жергілікті әкімдіктер "базалық төлемақы мөлшерін сыртқы (көрнекі) жарнаманың орналасқан жеріне қарай 2 есеге дейін арттыруға құқығы бар".

А.Нұржанованың компаниясы қала әкімдігінен аялдамаларда жарнама орналастыруға рұқсат алыпты. Осы рұқсатқа қол жеткізу үшін аялдамаларды жақсы күйде ұстап тұруға қосымша міндеттеме алған.

"Біздің ойымызша, осындай бюджеттік жарнама түрі үшін ставка сомасы шектен тыс жоғарылатылған. Салдарынан, жарнаманың өзіндік құны көтеріліп кетті. Айталық, жарнама берушіге автобус аялдамаларында көлемі 3 шаршы метр ғана болатын бір жарнамалық материалды орналастыру үшін келесідей шығынды көтеруге тура келеді: салыққа – 14 585 теңге, 3 шаршы метрлік жарнамалық материалды дайындауға және монтаждауға – 5 000 теңге, сондай-ақ жарнамалық кеңістікті арендаға алуға – 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін төлеуге тиіс", – дейді ол.

Яғни, қарапайым плакат түріндегі жарнаманың өзі шамамен 45 мың теңгеге түспек.

"Сондықтан аялдамаларда жарнама орналастыру жарнама берушілерге тартымды, ал кәсіпкер үшін табысты болмай қалды. Бұл бизнеспен айналысқысы келетін компаниялар саны азаюда. Тиісінше, жарнама орналастыру есебінен мегаполистеріміздегі аялдамаларды қалыпты жағдайда ұстап тұруға қызығатын компаниялар жоққа теңеледі. Демек, жергілікті атқарушы органдарға аялдамаларды күтіп ұстауға қосымша шығындалуға тура келмек. Сол себепті біз биліктен көшедегі жарнамадан жиналатын салық ставкаларын қайта қарауды сұраймыз. Мысалы, қазіргі 5 АЕК-тен 3 АЕК-ке дейін азайтса, жөн болар еді", – дейді Айнұр Нұржанова.

Заңсыз жарнама жарға жығады

Біраз бизнесмен сыртқы жарнама саласындағы қызмет көрсетуші компанияларға жүгінбей, өз бетінше жарнама орналастырады. Сөйтіп, үнем қылады. Алайда ондай сыртқы жарнамасы уәкілетті органда тіркелмеген, заңсыз болса, кәсіпкерлерді тығырыққа тіреуі мүмкін.

Мысалы, кейбір бизнес нысандары "біз ашылдық!" деген сияқты баннерлерді тартып қояды немесе басқа да жұрттың назарын аударатын сілтемелер орналастырады. Дүкендердің, сауда орындарының көбісі өзінде сатылатын тауарлардың ассортиментін сыртта тізіп жазып қояды. Салықшылар мұның бәрін көрнекті жарнама санайды.

Бюджетті толтыру жоспарын орындау үшін ауыл-қалалардағы мемкірістер органдарының қызметкерлері дүркін-дүркін аулаларды, үй-үйдің арасын аралап, жарнамалық нысандарды іздейді. Тапса, дереу суретке түсіріп алады екен. Осыдан кейін салық қызметінің ұсынымы бойынша жергілікті әкімдіктің уәкілетті органы – көлік және автокөлік жолдары бөлімі жарнама үшін төленбеген соманы өндіруге кіріседі.

Кәсіпкерлердің дерегінше, бұл жерде шенеуніктер жарнамасы үшін ақы есептеліп жатқаны жөнінде кәсіпкерді хабардар етпейді. Білсе, әрине, тіркелмеген заңсыз жарнамасын алып тастар ма еді. Нәтижесінде, ондай салықты төлеу керектігі жөніндегі хабарлама жарты, бір жылдан кейін келіп түсетін көрінеді. Содан кәсіпкерлер "Атамекен" ұлттық палатасына араша сұрап келеді.

"Айыппұл жазылғанын банк қосымшасынан бір-ақ білдім. Уәкілетті органнан ешқандай хабарлама түскен жоқ. Бірақ жарнама үшін 421 мың теңге борыш екенімді 10 ай өткенде естіп отырмын. Фотоға түсіріп алғандарын он ай бұрын жазбаша, не ауызша ескертсе болмай ма?!", – дейді жеке кәсіпкер Олжас Жапсарбаев.

Бүгінде кейбір өңірлерде кәсіпкерлер қауымдастығы салықшылардың бұл тәжірибесін тоқтатуға қол жеткізуде. Себебі, аулаларды, үй-үйді аралау – Бас прокуратураның құқықтық статистика органында тіркемей, тексеріс жүргізуге жатады. Ал егер кәсіпкердің заңсыз әрекеті әшкереленсе, мемкірістер органының қызметкері бұзушылық анықталғаннан бастап, 5 жұмыс күнінен кешіктірмей, оған жөнсіздігін жою туралы ұсыным жолдауға не ол хатты әкеліп тапсыруға міндетті.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу