Қазақстандық шенеуніктердің "жетістігіне" бүкіл әлем таңғалып жатыр

1387

Соның салдарынан, Қазақстан Еуразиялық Одақтағы барлық елді, тіпті Ресейді де "басып озды". 

Қазақстандық шенеуніктердің "жетістігіне" бүкіл әлем таңғалып жатыр Фото: nag.ru

Еуразиялық экономикалық комиссия "ғажап" жаңалығын жариялап, бұрын-соңды болмаған оқиғаға назар аудартты. ЕАЭО елдері ішінде жұмыссыздары ең көп ел – Қазақстан болып шықты! Бұл ретте одақтың ұлтүстілік ұйымы қазақстандық шенділердің өздері ұсынған ресми дерекке сүйеніп отырғанына назар аудартты.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі 2025 жылдың ақпанының қорытындысында қалыптасқан жұмыссыздық туралы ақпаратты ұсынамыз. Одаққа кіретін барлық елдердің еңбекпен қамту қызметтерінде тіркелген жұмыссыздардың жалпы саны ақпан соңында 704,9 мың адамды құрады. Немесе бұл бүкіл одақтағы жалпы жұмыс күшінің 0,8%-ы. Олардың басым бөлігі Қазақстанға тиесілі", – делінген ЕуразЭК ресми мәліметінде.

Оның дерегінше, ресми тіркелген жұмыссыздар саны 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ЕАЭО кеңістігінде 14,8%-ға күрт қысқарды.  

Сонымен Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика комитеті келесі ақпаратты таратты:

  • ЕАЭО-дағы жұмыссыздардың жалпы саны – 704,9 мың адам, жұмыс күшінің жалпы санына шаққандағы жұмыссыздар үлесі 0,8%;
  • Қазақстанда жұмыссыздардың жалпы саны – 333,1 мың адам, үлесі 3,5%;
  • Ресейде – 283 мың адам, үлесі – 0,4%;
  • Қырғызстанда – 48,4 мың, үлесі – 1,7%;
  • Армения – 37,1 мың, үлесі – 2,8%;
  • Беларусте – 3,3 мың, үлесі – 0,1%.

Одақ департаменті осыдан бір жыл бұрын ғана жағдай мүлдем басқаша болғанын қаперге салды. Атап айтқанда, жұмыссыздық бойынша көшбасшы бұрынғы жылдардағы сияқты, 2024 жылғы ақпанда да Ресей болып еді, онда 406,3 мың адам жұмыссыз саналды.

Осы кезеңде Қазақстанда жұмыссыздар армиясы күрт өсе бастады және былтырғы ақпанда 306,1 мыңға жетті. Ол кезде Қырғызстанда – 65,1 мың, Арменияда – 45,7 мың, ал, Беларусьте – 4,3 мың жұмыссыз болған.

2025 жылдың басында жағдай күрт өзгерді және жұмыссыздарының саны жөнінен биылғы қаңтарда Қазақстан өзінен халқының саны 7,3 есе көп Ресейді басып озды. Қазақстанда – 281,7 мың, Ресейде – 278 мың, Қырғызстанда – 49,8 мың, Арменияда – 37,2 мың, Беларусьте – 3,1 мың адам еңбексіз бос сенделіп жүруге мәжбүр екені анықталды.  

Росстат мәліметінше, 2024 жылға дейін РФ-та 1,8 миллион жұмыссыз болыпты. Өз кезегінде Forbes ресейлік экономистерге сілтеме жасап, жұмыссыздықтың онда бұлай рекордтық төмендеуіне Украинадағы әскери қақтығыс серпін бергенін жазды.

Еңбек зерттеулері орталығы басшысының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Ростислав Капелюшниковтің айтуынша, қазіргі кезде Ресейде бос орындар саны тарихи жоғары деңгейге жетті, алайда лайықты кандидаттар аз.

"Бұған бір жағынан, шектен тыс сұраныстың туындауы ықпал етті. Экономика жартылай әскери рельске көшірілгелі экономика "қызып" кетті. Тәулік бойы тоқтаусыз істеп жатқан қорғаныс кәсіпорындарында жұмыс күшіне деген сұраныс ғаламат және жасанды түрде жоғары деңгейде ұсталуда", – деді Капелюшников.

Бұған сондай-ақ 2022 жылғы және одан бергі мобилизация, қорғаныс министрлігімен контракт бекіткенді майданға әкету науқаны және мамандардың шетелге эмиграциясы әсер еткен. Экономистер КСРО ыдырағалы бергі ресейліктердің шетелге қоныс аударуының ең ірі толқындары тіркеліп жатқанын алға тартты. Washington Post бағалауынша, соғыс басталғалы кем дегенде 500 мың ресейлік маман (жұмыс күшінің 0,67%-ы) жатжұрттарға тұрақты кетіп қалған.

Ресейлік экономист Александр Сафоновтың айтуынша, РФ-та ең кемі 25 мың дәрігер, 50 мың орта медперсонал тапшылығы туындады. Мұғалімдердің жетіспеушілігі 250 мың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта – 250 мың адамнан асты. Сафонов "арнайы операция" жұмыс қолын азаматтық экономикадан тартып алғанын жеткізді.

РФ Әлеуметтік талдау және болжамдау институтының аға ғылыми қызметкері Виктор Ляшок Ресейдегі жұмыс күшінің тапшылығы тек ушыға береді деп санайды. Ендеше Еуразиялық одақта Қазақстанның бұл саладағы "көшбасшылығы" да жалғаса бермек.

"РФ-та еңбек нарығына 2000 жылдары туылғандар шықты, олардың қарасы қалың, өйткені ол кезде бала туу өсті. Мәскеу зейнеткерлікке шығу жасын 5 жылға көтеру арқылы жұмысшылардың қосымша күшіне қол жеткізді. Бірақ 2030 жылдан кейін жағдай қатты нашарлайды. 2010 жылдан кейін дүниеге келген ұрпаққа жұмыс істеуге тура келеді. Ол кезде бала туу көрсеткіші құлдырады. Ал, зейнетақы реформасы өз тиімділігін тауысады", – деді экономист Ляшок.

Бірақ сарапшылар барлығын солтүстік көршідегі ауыр ахуалға аудара салуға болмайтынын ескертті. Қазақстандық жауапты шенеуніктер, әкімқаралар салада өзіне жүктелген міндетті толыққанды орындамаған.

2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, былтыр 845 мыңнан астам адам ғана жұмыспен қамтылғаны мәлім болды. Жылдық жоспарды небары 89% орындаған.

Сондықтан Үкімет басшысы Олжас Бектенов биылдан бастап, әрбір әкімнің жұмысын тұрғындардың тұрмысын жақсартудың, соның ішінде жұмыспен қамтудың нақты индикаторлары бойынша бағалайтындарын жариялады. Осы мақсатта тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізіліп жатыр.

"Тетіктер бар, мемқолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажетті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің адамдардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз! Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Онлайн режимінде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз", – деп нықтады Бектенов.

Бұл іске Үкімет тіпті жасанды интеллектіні жұмылдыруда. ЖИ көмегімен ШҚО-ның Риддер қаласында және Қарағанды облысының Осакаров ауданында халықтың әл-ауқатына мониторинг жүргізілді және "Отбасының цифрлық картасының" жұмысы тексерілді

Осы мақсатта Еңбекмині Цифрлық даму министрлігімен бірге Отбасының цифрлық картасында әкімдер рейтингі мониторингінің автоматтандырылған функционалын әзірледі. Талдау әр аудан, қала және облыс бойынша жүргізілуде.

Еңбек министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, жасанды интеллект eOtinish, 109 қызметімен, Отбасының цифрлық картасымен біріктірілген. Ол әлеуметтік осал санаттардың шағым-өтініштерінің бағыт-салаларын таңдайды.

ЖИ сонымен қатар әрбір әкімнің жұмысындағы ақсап жатқан істерді анықтайды. Мысалы, Риддер қаласының басты бір проблемасы ретінде "міндетті зейнетақы жарналарын төлемейтін отбасылар санының көбейіп кеткенін" атады. ЖИ байламынша, бұл жұмыссыздықтың немесе бейресми жұмыспен қамтудың ауқымы артқанын көрсетеді.

Жасанды зерде қалада әл-ауқатқа теріс әсер ететін ең маңызды 3 факторды анықтады: бұлар – халықтың кірістерінің төмендігі, баспанамен жете қамтылмауы, жұмыссыздық.

Жалпы, Еңбекмині Ресейді артқа тастаған жұмыссыздық көрсеткішін төмендету үшін бұрыннан сыналған шаралар жалғасатынын мәлім етті.

Біріншіден, ведомство жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кешенін іске асыруда. Оның арасында қызметкерлерді жаңа кәсіпке оқыту мен қайта даярлау маңызды рөл атқарады. 2024 жылы жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, 9,6 мың жұмыссыз азамат үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Skills.enbek.kz платформасында 50 мыңнан астам адам онлайн оқытудан өтті.

Екіншіден, жұмыс берушілер жұмысқа алған жұмыссыздардың жалақысының бір бөлігін бюджеттен төлеп, субсидиялау бағдарламалары жүзеге асырылуда. Оған қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары кіреді. Осы бағдарламалар аясында өткен жылы 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылыпты.

Үшіншіден, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру үшін "Бастау Бизнес" жобасы жалғасты. Оның аясында кәсіпкерлікке оқытудан өткен азаматтар төл микробизнесін ашуға өтеусіз гранттар ала алады. 2024 жылы мұндай көмекке 8,9 мың адам қол жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу