Кезінде күн ара ұшақ қатынайтын ауылда қазір бір ғана үй қалған

Бұл – Арал ауданы, "Жіңішкеқұм" кеңшарының ең үлкен №1 фермасы Атанши ауылы.  

Кезінде күн ара ұшақ қатынайтын ауылда қазір бір ғана үй қалған Фото: Ерғали Абдулла

Арал қаласынан аптасына 3 рет "АН-2" ұшағы мен автобус қатынайтын ауылдан қазір тұрғындар үдере көшіп кеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осы орайда, inbusiness.kz сайтының тілшісі бірқатар тұрғынмен тілдесіп, Арал өңірі аумағындағы картадан жойылған ауылдар туралы сұрап көрген еді.

– Арал ауданындағы Шабан елді мекенінде дүниеге келдім. Мен ес білгенде онда 13 үй болды. Бір ғана көшенің бойында орналасқан еді. Ауылда 3-сыныпқа дейінгі мектеп болған екен, біз есейгенде ол жабылып қалған. Шабанның негізгі атауы – Шабантүбек. Олай дейтін себебім – бір жағынан Ақшатау көлі, мына жағынан Сорғақ дейтін көл, екеуі бір-бірімен қосылып кеткен. Соның кіреберіс қуысындағы, бір құндақтаулы бала сияқты Шабан деген елді мекен едік. Ол арадағы күнкөрістің көзі – балық пен мал шаруашылығы. Басқа ештеңе жоқ. Жарық жоқ, майшаммен ғана отырдық. Бірінші сыныптан 3-сыныпқа дейін арасы 11 шақырымдық Шөмішкөл елді мекеніне қатынап оқыдым. 1973 жылы біз Қызылжар, Райым колхозының орталығы Қызылжарға көшіп келдік. 4-сыныптан бастап мен сол Қызылжарда оқыдым. Сонымен, Шабаннан біз кеткен соң, басқалар да көше бастады. Оның бір себебі, мектеп жоқ, суы кермектеу, сосын жарық та жоқ. Тіршіліктің басқа негізгі көзі болмаған соң, халық жаймен көше бастады. 80-жылдары сол жерде бір үй ғана қалды, ол үйде кейін бер жағындағы Ақшатау ауылына көшті. Бүгінгі күні ауылда үй жоқ, ешқандай тіршілік көзі жоқ. Жаңағы Қоскөліміз ғана қалды.Сосын ата-бабамыздың бейіті ғана бар, – дейді танымал ақын Оңталап Базарәлиев.

Ал "Арал әлемі" газетінің бас редакторы Ерғали Абдулла бізге ерекше бір оқиғаны айтып берді.

– Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында аудан орталығынан шалғай Атанши деген ауылда алты жыл мұғалім болғанмын. Шөбі шүйгін, малға жайлы жер еді. "Жіңішкеқұм" кеңшарының ең үлкен №1 фермасы-тын. 30 отардай қой бар еді. Аралдан аптасына 3 күн "АН-2" ұшағы және автобус қатынайтын. Сол ауыл қазір жоқ. Үдере көшіп кеткен. Қаңырап қалған. Бүгінде сол ауыл орнында жалғыз үй отыр..., – деп күңіренеді ол.

Ақын Оңталап Базарәлиев бізге өзі туған Шабан ауылынан басқа да елді мекендер туралы да толғады. Соның бірі – Ақшатау ауылы.

– Бұл Ақшатау – кешегі ақын Жарасхан Әбдірашевтың туған жері. Оларда көшіп, көбі Аманөткелге тұрақтады. Қалғаны өзі қолы жеткен жерге қарай бағыт алды. Кейін Ақшатаудың жерін Жамбыл колхозына алып, қайтадан елді мекен болды. Қазір онда бастауыш мектеп бар, былтыр ашылды. Жап-жаңа мектеп. Ауылда 28-30 шақты үй бар. Ол – үлкен бақыт, – деді ол.

Арал аудандық статистика бөлімінің басшысы Еламан Қапалов мұндағы халық саны 80 мыңға жуықтағанын айтады.

Ауданда 49 елді мекен болса, ел-халықтың көпшілігі Арал қаласына (38 мың тұрғын) қоныстанған. Ол соңғы 5 жылда Арал ауданында 8 ауылдың таратылғанын мысалға келтірді.

– Көне Бөген елді мекенінде бес-алты үй қалған соң оны Бөгенге, Водокачкада бір-ақ үй қалып еді, оны да жақын ауылға қосты. Қарақұмдағы Көкашар елді мекенін Абайға біріктірді, Көшек елді мекенін Шижағаға, Көлжағаны Қаратереңге біріктірді, – деді Еламан Қапалов.

Ауылдан адам неге көшеді? Бұған бір ғана жауап айту мүмкін емес. Әркімнің жайы әртүрлі. Бірақ, нағыз шаруашылыққа бейім елді мекендердің қаңырап бос қалып жатқаны жасырын емес.

Туған жердің жанашыры Оңталап Базарәлиев бізге Мырзаш ауылының (Шабаннан 5-6 шақырым жерде орналасқан ауыл) жай-күйін, тарихын әңгімелеп берді. Өкініштісі сол, қазір Мырзашта да ел жоқ. Оның барлығы дерлік Аманөткелге көшіп кеткен. Мырзаш – Нұртуған шайырдың дүниеге келген, шәкірт тәрбиелеген жері. Сол уақытында "Осы Мырзаш дала болады, Аманөткел қала болады. Себебі, Аманөткелдің жері тақтайдай тегіс" деп көрегендік сөз айтып кеткен екен.

– Шабаннан 7 шақырымдай болуы керек Қотанкөл деген жер болды. Қазір ол жақта да ел жоқ. Сонда да бабамыздың бейіті бар. Онда біздің Толыбай батыр бабамыз, оның баласы Көтібар батыр жатыр. Соған біз осы 2020 жылдары кесене салдық, тілеухана салдық. Осылайша, Шабанда 3-сыныпқа дейін тұрдым, бірақ Шөмішкөл елді мекеніне қатынап оқыдым, Қызылжарда мектеп бітірдім. Аралда 11 жыл тұрып, Қызылорда қаласына көштім, – деп сөзін қорытындылады ол.

Кейіпкеріміз бізге туған жері Шабан туралы бірнеше өлеңін де қоса жолдады. Жүректен шыққан, өте әсерлі. "Туған жердің картадан жойылған ауыр екен" дестік біз.

Бұған дейін inbusiness.kz тілшісіне аралдық өлкетанушы балықшы ауылдардың адам аярлықтай өмірін айтып берген еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу