Көлгіновтың мұрасы: Астана әлемдік барлық рейтингтен шығып қалған

7487

Жаңа реформа елорданың жаңа әкіміне жаңа құзырлар беруі мүмкін.

Көлгіновтың мұрасы: Астана әлемдік барлық рейтингтен шығып қалған Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда билік транзиті басталғанда, 2019 жылғы маусымда елдің бас қаласына да жаңа басшы келген еді. Сол кезде 41 жаста болған Алтай Көлгінов келе сала, сынға ілікті. Әлеуметтік желілердегі барлық астаналық топтар оның тұсында туындаған проблемаларды күн сайын бетіне басатын. Оны тіпті Парламент депутаттары жақтырмады, Астананың әрі тайып, шаруасы шатқаяқтағанына назар аудартып жүрді.

akorda.kz

Аққу, қоқиқаз және басқа жануарларымен бірге көмілген Талдыкөлге қатысты экологиялық дау тіпті халықаралық ауқымға жетіп, қазақ елінің беделін бүлдірді. Отандық түгіл, шетелден ағылған экологтар мен активистер де құрылыс компанияларына жер тауып беруге жанталасқан әкімнің командасын тоқтата алмады. Талдыкөлді көму аяғына жеткізілді деуге болады.

mediazona.ca

Алтай Көлгінов ел Президентінің қабылдауында ең көп болған әкім саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев онымен 2020 жылы кем дегенде жеті рет, 2021 жылы жеті рет, 2022 жылы бес рет кездесіпті.     

Қоғамның қатаң сынына қарамастан, Көлгінов 2022 жылдың соңына дейін әкім болды, 8 желтоқсанда оны Жеңіс Қасымбек ауыстырды. Енді оның командасына жылдар бойы шешілмей келген күрмеулі түйткілдерді тарқатып, қордаланған проблемаларды еңсеруге тура келуде. Жаңа әкімнің қандай ауыртпалық жүгінің астында қалғанын биылғы 11 шілдеде өткен елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы айтып берді.

akorda.kz

Бүгінде басқа да сорақылықтың беті ашылып жатыр. Мысалы, Қазақстан қыруар миллиардтар шашып, ширек ғасырдай уақыттан бері түзіп келген Астананың халықаралық беделінен сау-тамтық қалмапты.

Негізі, елорданы әлемдік рейтингтерде аспандата көтеріп, жаһандағы ең озық шаһарлардың қатарына қосу – мемлекеттік маңызды іс, ел басшылығы, бірінші кезекте әкім алдында тұрған зор міндет. Себебі, ел Үкіметі 2014 жылғы 29 желтоқсанда №1394 қаулы қабылдап, "Астананың 2050 жылға дейін әлемнің үздік 10 қаласының рейтингіне кіру тұжырымдамасын" бекітті. Содан бері он жылға жуық уақыт өтті.

Ілгерілеушілік қандай?

Халықаралық практикада әлемдегі ең жақсы, ыңғайлы, қолайлы қалалардың әртүрлі рейтингтері бар, бұл сұраққа жауап табу үшін соларға үңілу керек.

Мысалы, "The World‘s 100 Best Cities" рейтингі беделді саналады. Оны сарапшылармен ақылдаса отырып, Resonance халықаралық консалтингтік фирмасы түзеді.

Рейтингтің негізгі өлшемшарттары – туристік тартымдылығы, өмір сүруге, жұмыс істеуге және бизнес жүргізуге ыңғайлылығы. Рейтингте әлемдегі әрбір мегаполистің 24 саладағы статистикалық деректер ескеріледі. Соның ішінде негізгісі алтау: орналасқан орны, шығаратын өнімдері, адами капиталының санасы, экономикалық өркендеуі, бос уақыт өткізуге жағдай жасалуы, өз беделін ілгерілетуі, бизнес қауымдастығының пікірлері, сала мамандары мен туристердің бағасы.

Сондай-ақ сарапшылар экономиканың, мәдени ортаның мүмкіндіктерін бағалайды және қаланың қаншалықты теңгерімді дамып жатқанын талдайды.

Рейтингке 1 миллионнан астам тұрғыны бар дүниежүзіндегі қалалар қатысады. Бұл рейтингте Астана ешқандай орын алған жоқ.

canva.com

Беделді Mercer халықаралық консалтингтік компаниясы жыл сайын өмір сүруге ең жақсы қалалардың рейтингін жариялайды. Ол – Quality of living city ranking аталады. Рейтингтегі барлық қалалар келесі аса маңызды көрсеткіштер бойынша бағаланады: қалада түзілген әлеуметтік ортаның сапасы, мәдени өмір, саяси тұрақтылық деңгейі, білім деңгейі, көлікке қолжетімділік, бизнес үшін тартымдылық.

Тұтастай алғанда, Mercer агенттігі әлемдегі ең танымал 200-ден астам қаланың өмір сүру сапасын бағалап келеді. Халықаралық рейтингте Қазақстаннан тек Алматы бар – әлемнің 231 қаласы арасында 177-ші орында. Астана мұнда да жоқ. Халықаралық сарапшылар оны рейтинге қосуға лайықсыз деп танып, қарастыруды доғарған.

Еconomist Intelligence Unit зерттеу компаниясы "Жаһандық өмір сүруге жарамдылық индексін" құрады. Оның аясында жыл сайын әлемдегі өмір сүруге ең қолайлы қалалар айқындалады. Рейтинг әлемнің 172 қаласындағы өмір сүру және қызмет көрсету сапасын сараптайды. Бұл басты 5 өлшемшарт негізінде жасалады: мәдени өмір мен экологиялық жағдайлар (қорытынды бағалаудағы үлесі 25%), тұрақтылық (25%), денсаулық сақтау, инфрақұрылым жүйесінің сапасы (әрқайсысы 20%), білім беру жүйесінің сапасы (10%). Нәтижесінде 0-ден 100-ге дейінгі индекс шығады. Өмір сүруге ең қолайлы қалалар ең жоғары балға ие.

Алматы 2022 жылы әлемнің үздік қалаларының осы рейтингінде 65,3 балл жинады. Рейтинг авторлары атап өткендей, бұл жақсы нәтиже. Алматының тұрақтылығы 75 балл деңгейінде, денсаулық сақтау саласы 66,7 балл, мәдениеті және қоршаған ортасы – 57,6, білімі – 66,7, ал инфрақұрылымы – 60,7 балл.

Зерттеуге барлығы 140 қала қатысты. Астана мұнда да жоқ. Қазақстанның бас қаласы екенін біле тұра, эксперттер оны бағалауға уақыт кетіруге тұратын қала деп таппапты.

Мұндай рейтингтерден табылу не үшін керек? Шетелдік инвесторлар қаржы салғанда да осындай рейтингтерге үңіледі. Рейтингтер, индекстер, көрсеткіштер олардың инвестиция құю туралы шешім қабылдауына ықпал етеді.

Сонымен қатар дүниежүзіндегі ақпарат құралдары, қаптаған сайттар, туристік фирмалар мен ресурстар әр тілде қызыға тарататын мұндай рейтингтер қалаға қосымша, тегін жарнама болады.

Егер 200-ден астам қаланың қатарына қосылуға лайықсыз болса, елорда қалай әлемдегі ең озық елуліктің төрінен орын алмақ?

Қасымбектің командасы неге бас қатыруда?

Білуімізше, жаңа әкім жанына білікті, білгір, тәжірибелі сарапшыларды топтастырған.

aqorda.kz

Нәтижесінде, Астананы дамытуға арналған жеке заңдар, НҚА-лар әзірленуде. Мысалы, әкімдік қазіргі кезде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Астананы дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын даярлап жатыр.

Әкімдіктің түсіндіруінше, түзіліп жатқан ұсыныстарды іске асыру бұрын белгіленген мерзімде, яғни 2050 жылға дейін Астананың халықаралық рейтингтерінде "Әлемнің үздік қалаларының" бірінші 50-лігіне кіруіне мүмкіндік береді.

Мұның қаншалықты өршіл мұрат екенін мынадан байқауға болады. Астана болғаннан бергі 26 жылда, 2023 жылы қала әлемдегі үздік 200 қаланың рейтингінде де жоқ. Ал тағы 26 жыл өткенде, 2050 жылы ол әлемдегі ең үздік қалалардың рейтингінде 50-ші орын алуға тиіс. Яғни, ғасыр ортасында астаналықтардың әкімді не жақсы сөзбен, не ғайбат сынмен еске алуы да осы міндеттің орындалған, не орындалмағанына байланысты болмақ.

Әрине, дана қазақ "Асатпай жатып құлдық деме" деген, оның қорытындысында қаламыздың қайта түлері, әлде тұйыққа кіре берері белгісіз. Бірақ біраз дүниені жоспарлап отырғаны байқалады. Бұл ретте қаланың өзекті мәселелерін (оның ішінде тұрғындардың шағымдары бойынша) шешу, тұрғындардың әл-ауқатының артуы, бизнес-ортаның дамуы – басты орынға қойылмақ.

Мәселен, жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде кәсіпкерден төлем жиналады. Ал елорданың айналасы толған – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Парадокс сол, Астана мәслихатының шешімімен Астанада мал ұстауға тыйым салынған.

Егер қала маңындағы осы ауыл шаруашылығы жерлерінде тұрғын үй, медициналық орталық, мектеп, жоғарғы оқу орны және басқа әлеуметтік объект немесе бизнес нысан салу керек болса, бизнес субъектісі телімнің нысаналы мақсатын өзгерту үшін арнайы төлем төлеп, шығындалуы керек. Ол төлем бірнеше миллион теңгеге дейін баруы мүмкін. Әкімдік Астана үшін Жер кодексіне түзету енгізіп, осы төлемдерді алып тастауды, соның есебінен астанада бизнес-ортаны дамытуды ұсынып отыр.

Астана әкімдігі қаладағы өзгерістер кәсіпкерлікке де салмақ түсіретінін ашық ескертті. Мәселен, бүгінде елордада алабажақ, әдейі алыстан менмұдалап тұруы үшін жасалған маңдайшалар алып тасталып, орнына сыпайы, қарапайым үлгідегілері орнатылуда. Әйтпесе, елорда шапитолық көшпелі циркке ұқсап кетті. Оның бәрі еуропалық ұстамды стилге сәйкес келтірілмек.  

"Әлеуметтік, инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге, сондай-ақ астананың сәулеттік келбетін сәйкестендіруге бағытталған кейбір түзетулер астананың бизнес субъектілері тарапынан шығындарды талап етеді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлердің барлық дерлік санатына әсер етеді. Айталық, жарнамалық маңдайшалардан шағын дүкендердің атауына дейін ауыстырылады", – деп хабарлады әкімдік.

ernur.kz

Заң жобасы қабылданса, елорданың жергілікті атқарушы органдарына шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін бірқатар қосымша құзыреттер беріледі. Атап айтқанда, коммуналдық шаруашылықты, көлік инфрақұрылымын, сәулет пен қала құрылысын, сауда мен сервисті реттеу мәселелерін қалалық мәслихат пен әкімдік Үкіметке жалтақтай бермей, өз деңгейінде, дербес шешетін болады.

Көлгінов кезінде тайраңдап, ойына келгенін істеген құрылыс компанияларының қадамы біршама шектеледі. Енді олар нысанның макетін, эскизін және басқасын жасауда, объектілерді салу және пайдалану кезінде дизайн-кодты сақтауға міндеттеледі. Қосымша талаптар белгіленеді. Қала құрылысы мен жоспарлау саласындағы нормалар және қағидалар түзетіледі. Архитекторлардың сыны мен ұсынысы ескеріліп, қаланың сәулеттік келбетінің біркелкілігі мен бірізділігі қалпына келтірілуге тиіс.

Әзірге мұның бәрі жоспар ғана. Елордада қалыптасқан жағдайға талдау жүргізген сарапшылардың қорытындысы көңілсіз: Астананың тұрғын үй құрылысы тұрғындар санының өсу қарқынына ілесе алмай, арттап қалған. Салдарынан, жетімбұрыш жағалаған отбасы көп. Коммуналдық және көлік инфрақұрылымы сын көтермейді әрі туризмді дамыту мақсаттарына сәйкес келмейді. Мысалға, Астана аты дардай болғанымен, онда автобустардан басқа қоғамдық көлік түрі жоқ. Тіпті такси қызметі дамымаған, 2013 жылдан бері бұрынғы әкімдер ілгерілетіп, қаншама бюджеттік қаржыны ысырап еткен "Астана Экотакси" жобасы жабылып тынды. Астаналықтар мен қала тұрғындары көлігі бар кім көрінген тіркелетін ресейлік такси агрегаторларын пайдалануға мәжбүр.

Астананың қоршаған ортасының ахуалы да нашарлағаны ашық айтылып отыр. Ол әлемдегі ең лас қалалардың біріне айналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу