Құс шаруашылықтары 2021 жылға дейін мемлекеттің қолдауына мұқтаж

5777

Осы кезең ішінде әсіресе, жұмыртқа өндіруші кәсіпорындар қарыздарын төлеп, өз шығынын өзі өтейтіндей мүмкіндікке ие болмақ.

Құс шаруашылықтары 2021 жылға дейін мемлекеттің қолдауына мұқтаж

Өткен аптада ғана бір келісі 1100 теңге тұрған тауық еті бірер күн бұрын 1700 теңгеге бір-ақ шарықтады. Тіпті, кейбір сауда орындарында тауық еті мүлдем жоқ. Сарапшылар нарықтағы бағаның құбылуына Ресей мен Беларусь тауықтарының сатылымнан алынып жатқаны да тікелей түрткі болғанын айтады. Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті солтүстік көршінің өнімдері гигиеналық талаптарға сай келмейтінін анықтаған. Нақтырақ айтқанда, құс етінен ауру белгілері табылған. Қазір осы жайт бойынша тексеріс жүріп жатыр.

Халықаралық азық-түлік институты Қазақстан мен Қырғызстанды әлем бойынша құс етін көп тұтынатын елдердің қатарына қосыпты. Аталмыш сала мамандары соңғы үш жылда әсіресе қазақ елінің құс етіне тәбеті артып кеткенін алға тартып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2016-2018 жылдарда Қазақстан құс етінің 70-80 пайызға жуығын импорттаған. Импорттың 70 пайызы АҚШ пен Бразилия елдерінің үлесінде.

Сарапшылардың "құс шаруашылығы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр" деп үкіметтің назарын аударғысы келіп жүргеніне талай уақыт болды. Себебі құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға берілетін "тікелей" субсидиялар алынып тасталады. "Кәсіпкерлерді қолдауға арналған басқа құралдарға, атап айтқанда, инвестициялық субсидияларға алмастырылуы мүмкін" деген қауесет бар.

 "Құс шаруашылығы басымдыққа ие емес сала. Алматы облысының бюджетінде бұл салаға қаржы аз қарастырылған. Алматы облысының құс фабрикаларына биылғы жылдың сәуірінен бері субсидия төлеу тоқтатылды. Ал республикамыздың басқа облыстарындағы құс шаруашылықтары тұрақты түрде мемлекеттік қолдауды көріп отыр. Қазір еліміздің нарығында экономикалық теңсіздік орын алып отыр деуге боладыы. Сондай-ақ, құс еті мен жұмыртқасы аса сұранысқа ие өнімдерге жататындықтан, бұл өнімдердің бағасын монополияға қарсы орган қатаң қадағалайды. Ендеше мұндай жағдайда жемшөп бағасы 30%-ға өскенін де ескеру қажет қой", – дейді "Көгер ЛТД" ЖШС құс фабикасының директоры Светлана Иванова.

Светлана Иванованың айтуынша, Алматы облысында 7 құс шаруашылығы банкрот алдында тұр. Құс фабрикаларының директорлары өндірістік қуаттылықтарды 40-50%-ға азайту туралы шешім қабылдауға мәжбүр. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына әкелді. 2018 жылға арналған бюджет пен қаржылық болжам субсидияны ескере отырып құрылғанын айта кету керек.  Субсидия төлене ме, жоқ па, бұл жағы әлі түсініксіз.

 Алматы облысы құс шаруашылығының өкілдері 2021 жылға дейін құс шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету аса қажет екенін айтады. Осы кезең ішінде құс шаруашылықтары, әсіресе, жұмыртқамен айналысатын кәсіпорындар қарыздарынан құтылып, өз шығынын өзі өтейтіндей жағдайға жететін болады. 

Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шариповтың айтуынша, АҚШ-та өндірілген құс еті елімізге Ресей аумағы арқылы тасымалданады. Ресей олардың жол-жөнекей өздерінде қалып қоюынан күдіктеніп, бақылауды күшейтіп отыр. Еліміз ДСҰ-ға мүше болғанға дейін мұхиттың арғы бетінен 110 мың тонна құс етін жеткізіп отырса, бүгінгі таңға дейін бұл көрсеткіш 140 мың тоннаға жетті. Оның 128 мың тоннасы – тауық сирағы, ал 12 мың тоннасы – консервіленген ет.

"Біз АҚШ-тан құс етін тасымалдауға қарсымыз. Тоңазытқышқа ұзақ сақталғаннан мұндай еттің құрамындағы дәрумендері жойылып кетеді. Арзан тауық етінің салмағы сумен толығып, бағасы отандық өніммен салыстырғанда 5-10 теңгеге төмен болады" – дейді салалық одақ басшысы.  

Сарапшылар еліміздің 65 құс фабрикасы тұрғанда импортқа иек артудың жөні жоқ екенін айтады.

"2017 жылдың басында құс шаруашылығын дамыту үшін он жылдық бағдарлама жасалып, қабылданды. Халықты құс етімен 100 пайыз қамтып, ал қалғанын экспортқа шығаруға мүмкіндік бар. Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай мен Ресейге құс еті жөнелтіліп жатыр. Алматыдағы "Алель Агро" АҚ Сауд Арабиясына құс етін де, жұмыртқаны да ұшақпен жөнелтіп жүр", – дейді Руслан Шәріпов.

"Сары бұлақ" ЖШС құс фабрикасының директоры Мұрат Увалиев алдағы 2-3 ай қиынға соққалы тұрғанын айтады.

 "Қазір құс фабрикаларының басым көпшілігі екінші деңгейлі банктердің несиесіне тәуелді. Бұрын тек қана өндіріс тиімділігін арттыруға назар аударатын едік. Қазір уақытымыздың көпшілігі несие төлеу мерзімін ұзартуға келісу үшін банктерге шапқылаумен өтеді. Банктер құс фабрикаларымен жұмыс істегісі келмейді. Бәрі алдын ала төлем жасауды талап етеді. Құс етін дайындайтын фермалардың басым көпшілігі Алматы облысында орналасқан. Біздің жағдайымыз өзге облыстардағы тұтынушы шаруашылықтарға кері әсер етеді", – Мұрат Увалиев.

Руслан Шәріпов ауыл шаруашылығы министрлігінде субсидия бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Салалық министрліктегілер Алматы облысында құс өсіру саласы экономиканың басымдық беріп отырған саласы емес деп шешіп, бөлінген қаржының тек 20 пайызын ғана құс шаруашылығын дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдапты. Өзгесі ірі қара мал басын көбейтуге, қант қызылшасын өсіруге арналған.

"Жыл басында ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен кездесіп, субсидиялаудың жаңа ережесіне наразылығымызды білдірген болатынбыз. Аталған ережеде жұмыртқа өндірісіне де, жалпы құс шаруашылығына да қаржы қарастырылмаған. Бізге әр кәсіпорында өнімді сұрыптайтын техника болуы қажет деген талап қойды. Жаңа инвестициялық ереже бойынша бөлінетін қаражатқа құрал-жабдық сатып ала алмайсың. Өзгеріс енгізілмесе, нарықта отандық өнім көлемі азайып кетуі әбден мүмкін", – дейді Руслан Шәріпов.

Баршын Айтжанбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу