Қытайдан тауар жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер жанайқайын жеткізді

2718

Қазақ-Қытай шекарасындағы жүк тасымалы мәселесінің уақытында шешілмеуінен отандық кәсіпкерлер белшесінен шығынға батқан. Олар алдағы уақытта проблема шешімін таппаса, банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтады. іnbusiness.kz тілшісі мәселенің мән-жайын біліп көрді.

Қытайдан тауар жеткізе алмай отырған кәсіпкерлер жанайқайын жеткізді

Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Тимур Жаркеновтің айтуынша, Қазақстан-Қытай шекарасындағы проблеманың ушығуына көптеген фактор әсер еткен.

"Соңында коронавирус пандемиясы жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. Осылайша, теміржол мен автомобиль жолдары арқылы тасымалданатын тауарлар тоқтап қалды. Сондай-ақ Қытай тарапы еуропалық жүктерге басымдық беріп отыр. Олар шекарадан еш кедергісіз өтіп жатыр, ал қазақстандық жүктер тоқтап тұр", – деді басқарма төрағасы.

SevenR Logistics ЖШС директоры Оксана Сорокина пандемияға байланысты Қытай алдымен шекарадағы өткізу бекетінде санитарлық талапты күшейткенін жеткізді. Салдарынан шекарада жүк көліктерінің саны арта бастаған.

"Өткен жылы Қытай көліктеріміз бен жүргізушілерімізді өткізу бекетіне коронавирус әкелуі мүмкін деп қауіптеніп, көліктерге мөр қойып, ҚХР аумағына кіргізбей қойды... Әрине, бұл жағдай көлік ағынына, тарифтік саясатқа да әсерін тигізді. Бүгінде Қытай тарапы шекарадағы талапты күшейтіп, ережелерді үнемі өзгертіп отыр. Бұл баға мен жүкті жеткізу жылдамдығына әсер етті", – деді компания басшысы.

Сонымен қатар ол теміржолдағы жағдайға да тоқталды.

"Қазақстан аумағында контейнерлердің тұрып қалуы, жылжымалы құрамның жетіспеуі салдарынан 2020 жылғы қазанда Қытай шекарасында бірнеше шақырымға созылған контейнер кептелісі пайда болды. Желтоқсанда шығыстағы көршіміз Қытай-Қазақстан бағыты бойынша пойыздарды жөнелтуге тыйым салу саясатын ұстана бастады. Мұның барлығы компанияның жұмысына кері әсерін тигізді", – деді Оксана Сорокина.

– Қайда баратынымызды білмейміз?!

Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы Тимур Жаркенов бұл мәселеге байланысты мемлекеттік органдардан көмек сұрағанын, бірақ ешкім уақытында көмектеспегенін ашық айтты.

"Шекарадағы мәселені мемлекеттік органдарға, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына да айттық. Олар барлығын біледі. Оларға бұл мәселенің қатысы жоқ сияқты. Кімге барсаң да барлығының айтары бір: барлығы жақсы, проблеманың бізге қатысы жоқ, басқа жерге барыңдар. Енді біз қайда баратынымызды, кімнен көмек сұрайтынымызды білмейміз", – деді төраға.

– Неге Еуропаға баратын пойыздар саны азаймайды?

Кәсіпкер Оксана Сорокинаның да мемлекеттік органдарға қояр сұрағы бар.

"Неге Қазақстанға келетін пойыздар саны қысқарады да, ел аумағы арқылы өтетін еуропалық пойыздар саны азаймайды, әлде оларда коронавирус тарамай ма? Неге барлық қытайлық серіктес өткізу пунктерінде контейнер кептелісіне байланысты жол жүрісі шектелгенін айтып жатыр, ал қазақстандық тарап платформа жеткілікті деп мәлімдеп отыр", – деді компания басшысы.

– Шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр

Тимур Жаркенов қазақ-қытай шекарасындағы жүк мәселесінің шешілмеуінен 100-ден аса компания қиындыққа тап болғанын жеткізді.

"Олар белшесінен шығынға батып жатыр. Оның 24-і ірі компания. Жүктердің уақытында жеткізілмеуі салдарынан шағын кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Олар бар ақшасын Қытайдан тауар салып алуға жұмсаған, алайда жүктер әлі келмеген. Мысалы, Абай тігін фабрикасы шекарадан фурнитураны алғыза алмай жатыр, ал маркетологтар баннерді басып шығаратын мата жоғын айтады. Түрлі сусындар шығаратын ірі компаниялар өнімді қаптайтын материал, майонез, сұйық май шығаратын кәсіпкерлер қаптама, жапсырма (наклейка) жоғын айтып, не істерін білмей отыр", – деді Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы.

– Қызметкерлер ақысыз еңбек демалысына жіберіледі

Сондай-ақ ол кейбір компаниялар қызметкерлерді жұмыстан босату мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.

"Мысалы, "Медхауз Қазақстан" компаниясын алайық. Ол қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған медициналық құралды шығарады. Оның көмегімен пациенттер қандағы қанттың мөлшерін біле алады. Компания медициналық құралға қажет бөлшекті Қытайдан алады. Алайда ол бөлшек жеткізілмей жатыр. Салдарынан "Медхауз Қазақстан" жұмыс істей алмай отыр. Енді басшылық қарашадан бастап қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына жіберуге мәжбүр", – деді Тимур Жаркенов.

– 10 млрд теңге шығын келді

"Қазақстан май-тоң май одағы" қауымдастығы" ЗТБ президенті Константин Невзоров жүктердің уақытында жеткізілмеуінен салаға қомақты шығын келгенін айтады.

"Жалпы салаға шамамен 10 млрд теңгеден аса шығын келді. Қазақстаннан Қытайға және керісінше жүк тасымалданбай шекарада тұрып қалды... Бұл май-тоң май өнімдерін шығару үшін қажет көптеген шикізат. Мысалы, тропикалық май, арнайы маргарин және тағы басқа", – деді қауымдастық президенті.

Ол мәселе уақытында шешілмесе, 20 мың адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұрғанын атап өтті.

"Ондай қауіп бар. Салада 20 мың жұмыс істейді. Бүгінде амалын тауып шикізатты басқа елдерден жеткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз", – деді Константин Невзоров.

– Өте қорқынышты жағдай

SevenR Logistics ЖШС директоры Оксана Сорокинаның пікірінше, бүгінде көптеген кәсіпкердің жағдайы мәз емес. Тіпті ол шекарадағы проблемаға билік мән бермесе, елдегі әлеуметтік жағдай шиеленісе түсуі мүмкін деген пікірде.

"Бұл мәселе шешілмесе, барлығымыз банкрот болатынымыз анық. Кез келген қоғамның негізгі тірегі орта тап қой. Ал бізде ол болмауы да ықтимал. Қоғам бай мен кедей деп бөлініп, әлеуметтік жағдай шиелінісе түсуі мүмкін. Бұл өте қорқынышты жағдай...", – деді кәсіпкер.

Сөз соңында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының басқарма төрағасы биліктен бұл мәселені тезірек шешіп беруді сұрады.

"Қазақстандық кәсіпкерлер шекарадағы жүктің тұрып қалуы салдарынан жұмыс істей алмай жатыр. Бизнеске келген шығынның мөлшері бірнеше млрд теңгеден асуы мүмкін. Бұл салаға келген қаржылық шығын ертеңгі бюджет шығыны екенін ескеруіміз керек. Сондықтан Қазақстан билігі мәселеге назар аударып, оны тез шешу жолдарын қарастыруы шарт", – деп түйіндеді сөзін Тимур Жаркенов.

Айта кетейік, осыған дейін "ҚТЖ" ұлттық компаниясы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк мәселесіне байланысты келісімге келгенін хабарлаған еді.

Сонымен қатар Алматы қаласы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов аталған проблема алдағы 2-3 айда шешілмесе, шаһардағы базарларда кейбір тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айтқан.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу