Дәрігер ретінде ауданға еңбегі сіңген маман Бимаржан апай (ата-тегін айтпауды сұрады) қыз алып қашу кеңес кезінде белең алғанын айтады.
"Әжелеріміз айтып отыратын, бұрынғы замандарда әлдебір әулеттің қызын алып қашып кетсе, бұл тексіз деп қорлағанмен бірдей еді. Әлпештеп, аялап өсірген қызын алдынан өтіп, жөн-жоралғысын жасап, алуы жазылмаған заң. Сондықтан ұрланған қыздың соңынан қуып барған қуғыншылар "қарабет" қылғаны үшін айыптыларды соққыға жығып, дүние-мүлкін тартып алса, ешкім қой демейтін. Кейін өзіміз куә болдық, кеңес кезінде қыз алып қашу жаппай белең алды", – дейді апай.
Оның өзі де осы жолмен күйеуге шыққанын айтады.
"Оқу қуып, Алматыға дейін бармақ болдым. Ол кезде Талғардағы училищеде оқып жүргенмін. Туған-туысқандарым жиналып: "бұл қыз өз бетімен қалаларда қаңғи берсе, бұзылады" деп, басқа бір белді румен құдандалы болуға ұйғарады. Бірақ соғыстан кейінгі жылдар. Топырлатып құда қабылдап, қыз ұзатуды ауылдағының ауқаты көтермейді. Одан да жігіт алып қашсын дейді. Оқуымды бітіре сала, мені алдап, ауылға шақыртып алды. Аялдамада күтушілер арасынан ата-анамды байқамадым. "ПАЗ"-дан түсе сала, еркектер қоршап алып, дедектеткен бойы "жигулиге" отырғызып, алып кетті", – дейді Бимаржан апай.
Оның соңынан салт бойынша улап-шулап қуғыншылар барған. Бірақ қыздың апалары бастапқыда көз қылып, жігіт жағына жекіргенімен, артынша бойжеткеннің өзін сол отбасыда қалуға үгіттеп, ол әулеттің жақсы жақтарын термелеген екен.
Сондай-ақ ауданнан келетін милицияға (ол кезде тәртіп сақшылары әлеуметтік жанжал туралы естісе, шақырмаса да жетіп баратын) өз еркімен келгенін айтуды өтінген. Содан бері Бимаржан апай жары Болатпен, ол дүние салғанша, 55 жыл отасты. Балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болды. Алып қашу дәстүрін қолдамағанымен, сол жолы өзінің қалып қойғанына өкінбейді.
Бірақ бұған депутаттар үзілді-кесілді қарсы. Оларға салса, қыз алып қашатын жігіттерді адамды кепілге алатын лаңкеспен теңестіруге дайын.
Тиісті заңнамалық бастамаларды мәжілісмендер "Мәдениет туралы" ҚР заңына толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңының жобасы аясында талқылады. Бірақ Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алып қашу үшін қатаң жаза белгілеу мәдениет пен тілді қолдауға бағытталған бұл заңның табиғатына жат екенін ескерткен соң, депутаттар биылғы жыл басынан бері ол түзетулерін қосатын басқа құжаттарды іздей бастады.
Кеше inbusiness.kz сайты жазғандай, тиісті ұсыныстар енді Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерді оңтайландыруға бағытталған жаңа заң жобасы аясында қолдау тапты.
Жалпы, қыз алып қашуға тоқтау салу туралы Президенттің де тиісті тапсырмасы бар.
Депутат Мұрат Әбенов Астанада университет студенттерімен кездескенін айтады. Жүздесу кезінде жастар, қыздар жағы өздеріне төніп тұрған осындай қауіп барын айтып, депутаттардың назарын аударыпты.
"Неге мысалы, біреудің қойын ұрлауға болмайды, қызын ұрлауға болады? Неге атқарушы, заң шығарушы билік, құқық қорғау органдары осындай заң бұзушылыққа төзбеушілік танытпайды? Қой құрлы қадіріміз жоқ па?", – дейді білім қуған бойжеткендер.
Еріккен, қыз аңсаған ауыл жігіттері алып қашып кетпеуі үшін оларға оқу бітірген соң амалсыз, қалада қалуға тура келеді екен.
Студент қыздар жақсы дайындалып келсе керек, депутатқа әлеужеліден терілген видеороликтерді шетінен көрсетіпті. Оларда жеңгелері және басқасы алып қашқан қызды алдап-сулап, тіпті қорқытып, қарғап, өз еркіммен келдім деп айтуға көндіруде.
Мұндай видеолар TikTok-та, басқасында көп жүктеледі, өйткені көп қаралым жинайды. Ал, астында пікір қалдырушылар кесірлі істі айыптау орнына, қызды мазақ қылады немесе олар да қалуға үгіттейді.
Осылайша, нәзік болмыс иесіне қоғам тарапынан алапат қысым жасалады. Оның алдына қиын "таңдау" қойылады: не қалып, "мерейлі отбасы" құрасың, не кетіп, ата-анаңды да абыройсыздыққа қалдырасың, өзің де "қарғысқа ілігіп, байсыз, баласыз қаласың, қарабет боласың".
Мұның бәрін көңіліне алған байғұс қыз тіпті кетіп қалғанның өзінде, кейін уайымға салынып, өмірі солай құриды деп қамығып, күйзеліске ұшырап, ақыры асылып өлуі мүмкін. Бұл апатқа қоғам тыйым салмайды екен, заңмен тоқтау салу қажет.
"Мұның бәрі нағыз заң бұзушылық, қыздардың құқығы мен бостандығын аяққа таптау. Бірақ оған ешқандай қарсы әрекет жасамаймыз! Роликті көрсеткен қыздар: "бізді осылай мазақ қылады, құқығымызды бұл елде ешкім қорғамайды, заң жоқ, жауапты органдар қаннен-қаперсіз отыр" деп ренжіді. Масқарасы сол, белгілі әншілеріміз алып қашуды әнге қосып, сахнадан насихаттай бастапты. Мысалы, біреуі: "Алып қашам, мейлі, олай қалама. Келін қылам сені қалай да анама!", десе, екіншісі: "Көресің, менің үйіме барасың! Басыңа аппақ орамалды тағасың! Көндірем, көнесің! Қыз болып келесің, келін болып қаласың!" дейді. Мәжбүрлейтінін жасырмайды да. Теледидардан осы біз нені насихаттап жүрміз?!" ‒ деп жаға ұстады Мұрат Абдуламитұлы.
Былтырғы наурызда, Ұлттық құрылтайда Президент: "Алып қашуды ұлттық дәстүр санап ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, масқара тірлік! Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу керек. Тек сынау жеткіліксіз, оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қою керек", ‒ деген еді.
Мемлекет басшысы осы тапсырма бергелі бір жылдан астам уақыт өтті. Депутаттар Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасының биыл қолданысқа енгізілуі неғайбыл дейді. Депутат мырзалар асықпай жүргенде қанша қыздың тағдыры тәлкекке түседі?
Сарапшылардың айтуынша, қыз алып қашу жылдан жылға көбейіп келеді. Соңғы 3 жылда полицияға неке қиюға мәжбүрлеу бойынша 214 арыз түскенін айтты. Арыз жазбағаны одан да көп.
Шағымдардың тек 10-ы сотқа жеткен. Қалғанында қыздар көнген, болмаса қыз жағы қорыққаннан (болмаса, айыпақы алғаннан) сот пен полицияға шағымданбауға келіскен.
Қолданыстағы Қылмыстық кодексте "қыз алып қашу" деген бап атымен жоқ. Онда "Бас бостандығынан заңсыз айыру" деген 126-бап бар. Ол бойынша "адамды ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан заңсыз айыру" үшін 3 жылға соттау жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ 125 бап бойынша адам ұрлағандар 4-тен 7 жылға дейін бас еркінен айрылады. Үкімет қыз алып қашушыларды соттауға осы баптар да жеткілікті деп сендіріп жүр.
Бірақ мәжілісмен Әбеновтың айтуынша, бұл жеткіліксіз, өйткені аталған баптар бойынша алып қашқан адамды үш-төрт күннің ішінде босатқан жағдайда жауапкершілікке тартылмайды екен.
"Осы күндер бойы қызды ұстап, ұялтады, көндіреді, қағаз жаздыртып, қол қойғызады. Көнбесе, қыздың әбден абыройын төгіп, жібере салады. Алып қашқан адамның үстінен ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Сонда бұл қалай болғаны? Бұған дейін "Президенттің тапсырмасы да бар, енді осыны неге қолға алмаймыз!" деп тағы ұсыныстар бердік, бірақ барлық меморгандар "болмайды!" деп қарсы шықты. Маңғыстауда қызды алып қашқан, ол қыз көнбей жолда машинадан секіріп кеткен, мертіккен. Қылмыстық іс екі рет жабылған. Қыз болса кімге барарын, кімге шағымданарын білмейді", – дейді депутат.
Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин тиісті заңнамалық түзетулер ары қарай қаралып жатқанын айтты.
"Біз жастарымыздың тәрбиесіне, бірінші кезекте олардың біліміне ден қоюымыз керек деп айтамыз. Бірақ ертең білімді қызды ұрлап кетіп, үй шаруасына жегіп қойса, мемлекеттің жұмсаған шығыны да жайына қалады. Бұл күлетін жағдай емес. Бәріміз де қыз асырап отырмыз. Оларға қарсы кесірлі тәжірибе етек жайып барады. ХХІ ғасырда әке-шешесінің рұқсатын да алмай, қызбен де сөз байласпай, көшеден көрінген адамды көлігіне тоғыта сала бере ме? Көшеде затты да олай алып кетуге тыйым салынған. Мұның бәрі қыздың өміріне, тағдырына теріс әсер етеді", – деді депутат.
Ол мұндай жігіттерді түсінбейтінін, жігіт деп те санамайтынын жеткізді. "Қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді" деген бар. Қыздың көңілін таба білген жөн. Таба алмаған соң көшеде ұстап алып, бүктеп-бүктеп көлігіне тыға салуын еш құптауға болмайды. Құптайтын қоғам мәдениетті, өркениетті, дамыған қоғам болмайды.
Депутат бұл құбылыстан өзі де қорқатынын жасырмады.
"Менің үш қызым бар. Алдымыздан өтіп, құрметін көрсетіп, құда түсіп алғанды бәріміз де жақсы көреміз! Қызымды ұрлап кетсе, мен оны қалай қадірлі құда, жағымды күйеу жігіт деймін. Бұл дерт қой қоғамдағы. Дертті таратушыларды қолдамау керек. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы керек. Қарсы болып жүрген мемлекеттік органдарды да мен түсінбеймін. Демек, олар соны қолдап отыр", – деді мәжілісмен Жаңбыршин.
Жалпы, қазақ қазақ болып қаламын, мұсылманшылығын сақтаймын десе, бірінші кезекте ананы сыйлауы шарт. Ал, қыз – болашақ ана. Ендеше қызды құрметтеуді ұлдарға балабақшадан бастап үйрету қажет.
Егер болашақ ананы қорғамайтын болса, ондай мемлекеттің болашағы жоқ. Мемлекеттің болашағы жоқ болса, бұл жырқ-жырқ, тырқ-тырқ күлетін мәселе емес. Депутаттардың айтуынша, бұл – мемлекеттің қауіпсіздігіне келтірілетін нұқсан. Оны сахна мен телерадиоарналардан дәріптеу деген бір сұмдық.