Медицина қаражат қабылдауға дайын

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
16089

Алматының денсаулық сақтау басқармасы және өзін-өзі басқаратын емханалар 2017 жылдан бастап жұмыс істейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында сапалы қызмет көрсетуге дайын екені жайлы жарнамалық науқанды бастап кетті.

Медицина қаражат қабылдауға дайын

7 желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік медициналық мекеме өкілдері техникалық қордың жаңаруы, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қызмет көрсетуде инновациялық технологияларды қолдану сияқты жаңашылдықтың толық кешені арқасында медициналық сақтандыруды енгізуге дайын екенін айтты. Бұл МӘМС кезінде тұтынушыларға медициналық қызмет көрсетуші ретінде мемлекеттік емханаларды таңдауға түрткі болады.

№3 қалалық клиникалық емханасының (МҚК) бас дәрігері Қырмызы Игісінова БАҚ-та медицинаның жағымсыз аспектілері жиі айтылатынын, десе де, мемлекеттік емханалардың мақтанарлық дүниелері бар екенін айтып назын білдірді.

"Бізде қаланың көптеген емханасындағыдай электронды тіркеу бөлімі енгізілді, күту залдарында емделушілердің кезегін реттейтін терминалдар орналастырылған. Науқастар онлайн тәртібінде электронды үкімет не электронды пошта арқылы қабылдауға жазыла алады немесе дәрігерді үйге шақыра алады. Холлда келушілерге терминалмен жұмыс істеуге көмектесетін, техникалық мәселелерге жауап беретін әкімші кезекшілік етеді", – дейді Игісінова ханым.

№4 МҚК бас дәрігердің орынбасары Айман Байзоланова кейінгі уақытта мемлекеттік емханалар көрсететін жоғары мамандандырылған медициналық қызметтердің саны көбейгенін баса айтты, мысалы, №4 МҚК-да ота жасау саны 29-дан 51-ге дейін артқан.

Медицина мамандарының айтуынша, емханалар жедел түрде "кедергісіз орта" қағидасын, өзіндік "Кезексіз емхана" тұжырымдамасын енгізіп жатыр. "Кедергісіз ортаның" мақсаты – емделушілермен және емхана қызметкерлерімен сөйлесу уақытын қысқартып, қабылдау бөлімінің жұмыс тәсілдерін өзгерту. Одан бөлек, емделуші медицина қызметкерлерінің жұмысына бірден баға бере алатын ақпараттық терезелерді ұйымдастырып, қағаз құжат айналымын экелтронды нұсқаға ауыстырып жатыр.

Мемлекеттік емханалардың қызмет көрсету сапасына деген қызығушылығы мен назары әбден түсінікті. МӘМС аясында жекеменшік және мемлекеттік медицинаның ұпайы теңеседі және жоғары бәсекелестік орын алады. Белгілі бір емханаға тұрғындар қаншалықты көп жүгінсе (бекітілсе), МӘМС арқасында сол мекемеге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) соншалықты көп қаражат бөлінеді.

Десе де, МӘМС және медициналық қор жұмысын бастау кейінге шегеріліп жатыр: жекеменшік бизнес тым қатты қаржылық жүктемеге дәмелі. Сондықтан, үкімет мемлекеттен ӘМСҚ-ға төлем аудару мерзімін 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін, жеке төлеушілер мен корпоративті сектордан төлем аудару мерзімін 2017 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін ауыстыруды көздеп отыр. Мерзімдерді шегеру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) келешекте қанша болу мәселесінің шешілуін де созып жібереді: МӘМС аясында емделу және дәрі-дәрмек саны ӘМСҚ қандай қаражат көлемін жинағанына байланысты болады.

ӘМСҚ-ның қаражатын, яғни, қорға төлеушілердің ақшасын мақсатпен жұмсау сияқты маңызды сұрақ жауапсыз қалып отыр. Себебі, медициналық сақтандыру тек төлемдерді жинау деген сөз емес, сондай-ақ, көрсетілген қызметтерге саны мен құны бойынша есеп жүргізу.

Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, халыққа көрсетілген медициналық қызметті есепке алу жөніндегі ақпараттық жүйе құрылып қойған және нәтижелі жұмыс істеп тұр. Қырмызы Игісінова көрсеткендей, емханалар бірыңғай республикалық ақпараттық қорға қосылған. Бюджет пен емханалар арасындағы есептер халыққа қызмет көрсету фактісі бойынша ғана жүргізіледі. Айдың аяғында емхана міндетті түрде әр емделушіге тізілім есебін толтырады.

Алайда, қаражат шығынын есептеу мәселесі МӘМС-ке енгізілгеннен кейін түбегейлі өзгереді. Қазір емханалар бекітілген әр адам үшін ТМККК қаржыландыруды бюджеттен алады және ақша жұмсалған сәтте ғана есеп жүргізіледі. МӘМС жағдайында адам тек қана емханаға бекітіліп қана қоймай, сондай-ақ, оған қаржы алдын-ала төленіп қояды. Ал төленетін қаржы сомасы емделушінің әлеуметтік санатына қарай өзгеше болады: біреулері үшін мемлекет төлейді, енді біреулері өздері төлейді. Сондықтан, бүгінгі күні көп адамды тартқысы келетін емханалар болашақта медициналық қызмет көрсетілмес бұрын төленген Қордың қаражатын мақсатты түрде жұмсайтынына кепілдік болуы шарт.

Бүгінгі күні Алматы мемлекеттік емханалары бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізеді. Алматы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақтагүл Әбдірәсілова айтып өткендей, қаланың қырық екі медициналық ұйымында бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылайтын Бақылау кеңестері бар. Мысалы, қымбат құрал-жабдықты сатып алу мәселесі Бақылау кеңесінің келісімімен іске асырылады. Бақылау кеңестерінің құрамында бақылаушы лауазымына байқаудан өз еркімен өткен азаматтар бар.

"Одан бөлек, Алматыда Қоғамдық кеңес құрылған, оның мүшелері медициналық көмектің сапасына мониторинг жүргізеді. Халықтың белгілі бір санатының: мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың, әлеуметтік маңызды аурулармен ауыратын адамдардың мүдделерін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Халық тарапынан жасалатын бақылау ұлттық денсаулық сақтау саласының дамуына жақсы әсерін тигізеді", – деп нақтылады Әбдірәсілова ханым.

Сондай-ақ, Алматы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық желісіне мүшелікке кіруге 2014-2018 жылдарға арналған "Дені сау қала" бастамасын ұсынды және оң жауап та алынды. Бағдарлама әр азаматқа "дені сау қала": салауатты өмір салты идеясын жылжытуға қатысуға мүмкіндік береді.

Өткізілген баспасөз конференциясы Алматы денсаулық сақтау басқармасы және мемлекеттік мекемелер өкілдері МӘМС-ті енгізудің техникалық мәселелері туралы сөйлесуге дайын еместігін көрсетті. Ал емханалар келушілерді тартуға күш салып жатқаннан бұрын емделуші МӘМС аясында қызметті қаншалықты тез, тиімді және қандай бағамен алады деген сұрақтарға нақты жауап беруге дайын болуы керек.

Мысалы, егер емделушіге қажетті құрал-жабдық немесе медициналық жәрдем түрі ол бекітілген емханада болмаса, оны өзге бәсекелес емханаға немесе, тіпті, жекеменшік мекемеге ауыстыру мәселесі қалай шешіледі? Егер медициналық мекеме өзге мекемеде тіркелген емделушіні қабылдаудан бас тарса не болады? Бұл сұрақтарға берілген жауап ақылы медицина жүйесіне көшуге дайындықтың өлшемі болуы тиіс еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу