Министрдің командасы реформаларды "псевдомодернизация" деп атады

3874

Ал ғалымдар шенеуніктердің және оларға жақын тұлғалардың "отандық ғылымды бизнеске айналдырып алғанын" айтып отыр. 

Министрдің командасы реформаларды "псевдомодернизация" деп атады Фото: primeminister.kz

Қазақстандық ғылымның нендей жетістікке жетіп, әлемде теңдесі жоқ қандай инновациялық жаңа өнім жасап жатқанын әлем түгіл, қазақстандықтар да білмейді.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігі де отандық ғылымды жоғары бағалап отырған жоқ. Мұны ведомствоның Ғылым комитеті жариялаған "Ғылым және технолoгиялық саясат туралы" заңының жобасына арналған реттеу саясатының консультативті құжатынан байқауға болады. Құжатта ғылымның барлық былық-шылығы, олқылығы, кем-кетігі ашық айтылған.

Жалпы, ғылым саласына жауапты шенеунік – Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің де отандық ғылым туралы пікірі нашар сияқты.Ол 2023 жылдан бастап, ғылымды дамыту моделін түбегейлі өзгертуге кіріскенін жариялады. Себебі, саланы егде жастағы адамдар жайлаған. Жас ғалымдарды ынталандырып, ғылыми ортаны жасарту көзделеді. Әйтпесе, ғылыми зерттеу институттары қызметкерлерінің орташа жасы 59-дан, ал Ұлттық ғылым академиясында – 69 жастан асып кеткен. Ғылыми зерттеу институттары жабық корпорацияларға айналып кеткен, олар зерттеудің ашық форматына көшетін көрінеді.

Министр ғылымға "пәшке-пәшке" ақша тықпаласа, проблеманы шешуге болады деп есептейді екен. Мысалы, 2022 жылы ғалымдар арасында 59 млрд теңге үлестіріліпті. Саясат Нұрбек қаржыландыруды 4 есе өсірсе, бұл саладағы мәселелерді шешуге көмектеседі деген ұстанымын жариялады. Сондықтан биыл отандық ғылымға 168 миллиард теңге құйылуда. Ал келесі жылы бұл сома – 240 млрд теңгеге жетеді.

Бірақ Ғылым және жоғарғы білім министрлігі қазақстандық ғылымның проблемасы әлдеқайда терең әрі кешенді екеніне назар аудартып отыр. Оларды шешпей, ғылымға қанша миллиард тасқындаса да, олар құмға сіңген судай жоқ болады, сайда саны, құмда ізі қалмайды.

Сонымен... Саланы қалпымен "халтура" жайлағанға ұқсайды. Ол тіпті салалық заңнамадан бастау алып, тамыр тартып жатыр. Заңның өзі ел бюджетінен ғылымға бөлінген миллиард тасқынын босқа талан-тараж етуге кең өріс ашып отырғандай. 

Министрліктің мәліметінше, қолданыстағы Ғылым туралы заңда осы қыруар қаражатты игерген жобалар, бағдарламалар мен ұйымдар басшыларының оларды тиімсіз және сапасыз іске асырғаны үшін жауапкершілігі қарастырылмапты.  

Ғылым туралы заңда қорытынды есептер жобалар мен бағдарламалар аяқталғаннан кейін үш ай ішінде тапсырылуға тиіс екені де көрсетілмеген екен. Қазіргі уақытта қорытынды есептер жобалар мен бағдарламалар аяқталғанға дейін 2 ай бұрын талап етіледі. Ал олардың сараптамасы қысқа мерзімде өткізіледі. Оның үстіне "әдетте, шетелдік сарапшыларды тартпай, жергілікті ғалымдар сараптама жүргізе салады".

Бұл көзбояушылық бертінде орнықты. ХХІ ғасырдың бастапқы он бес жылында отандық ғалымдардың жобалары мен өнертабыстары сараптама қорытындысын алуы үшін әлемдік жетекші ғылыми орталықтарына жолданатын. Содан шетелдік мамандар қазақстандық ғылымсымақтардың өнімін түкке тұрғысыз етіп сынап, қоқысқа лақтыратын. Бұл жүйе миллиардтарды көзбояу инновациялар, жобалар мен бағдарламалар арқылы игеруге құныққандарға жақпады. Содан олар Білім және ғылым министрлігін жағалап, заңнамаға өздеріне қажетті түзетулерге лобби жасады, сөйтіп, жобаларды шетелдік сараптамадан өткізу талабы жойылды. Бұл ретте "шетелдік сарапшылар өзіне қорытынды алу үшін берілген, патенттелмеген қазақстандық өнертабыстарды ұрлап, көшіріп алады" деген дәйектеме алға тартылғаны есте. Бірақ билік жаһандық беделі мен атағы бар шетелдік ғалымның не ғылыми институттың қазақстандық қандай озық жобасына жиендік жасағанына бірде бір мысал келтірмеді. 

Одан да заңнамадағы талаптарды күшейткен жөн еді. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Ғылым туралы заңда бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурс өткізген, олардың жеңімпаздарына миллиардтарды таратқан мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің қаржыландырылған бағдарламалардың нәтижелерін ілгерілету, қолдану және енгізу міндеті жазылмаған. Яғни, ел қаржысы аяусыз жұмсалған ғылыми зерттеу немесе инновациялық өнім өмірге жолдама алмай, елге пайда әкелмей, адыра қалса, оған ешкім жауап бермейді, жаза тартпайды.

Уәкілетті органдар бюджеттен қаржыландырған жобалар мен бағдарламалардың бірыңғай ашық базасы да жоқ болып шықты.

Министрлік Қазақстанда "іргелі және қолданбалы зерттеулерден бастап, олардың ғылыми әзірлемелерін өнім түрінде өнеркәсіптік шығару мен коммерцияландыруға дейінгі тізбекті ілгерілетуге мүмкіндік беретін құралдар әлі күнге жоқ" деп отыр.

Қазақстан әлемдік ғылым көшінің соңында салпақтап келеді. Global Innovation Indeх рейтингінде Қазақстан 132 елдің ішінде 83-орында тұр. Көзбояу дегеннен шығады, патенттерінің саны бойынша Қазақстан әлемде 39-орында. Алайда зияткерлік меншіктен түсетін табыс бойынша 99-орынды місе тұтты. Министрліктің тұжырымдауынша, бұл табыс әкелетін патенттердің үлесінің аздығын білдіреді. Ащы болса да айтқан жөн: қазақстандық ғылым басым көпшілігінде ел экономикасын көтеруге емес, шаң басқан архивтерді толтыруға жұмыс істеуде.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, инновациялық өнім өндіретін қазақстандық кәсіпорындардың елдегі тауарлар мен қызметтердің өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі бар-жоғы 3,4% ғана. Масқара болғанда, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 16%-ға төмендепті. Яғни шыңырау түбіне жеткен жоқ, құлдырауын жалғастырды. Елдегі 10 337 кәсіпорынның тек 296-сы ғана ҒЗИ-лармен ынтымақтастықта болды.

Ресми бір ақпарат көп жайттан хабар береді: гранттық қаржыландыру аясында 295 ғылыми жоба бір жыл бойы бюджеттен қаржыландырылған. Олардан елге қандай қайтарым болды? Министрлік ол жобалар аясында Web of Science журналдарында 64 мақала, Scopus базасындағы журналдарда 152 мақала жарияланғанын, 28 қорғау құжаты мен 79 енгізу актісі алынғанын хабарлады. Коммерциялық өнім туралы мәлімет жоқ.

Қаныш Сәтпаев іргесін қалап, өзі басқарған заманда Ұлттық ғылым академиясы дәуірлеп, отандық ғылымды бұрын болмаған биікке көтерді. Ал қазір ҰҒА ғылымды дамытудан шет қалыпты. Бұл туралы да Ғылым және жоғарғы білім министрлігі  құжатында айтылған.

"Еліміздің ғылыми, инновациялық, индустриялық даму жүйесінің құрылымы бұзылған және барынша бұрмаланған: бейінді министрліктерде салалық ғылыми-инновациялық әлеуеттерді дамытуға жауапты бөлімшелер де жоқ. Технологиялық жаңғырту жүйесі жоқ. Технологияларды бейімдеудің жоғарғы деңгейлерінде тіпті соған қажетті құралдар мен тетіктер жоқ. Іс жүзінде ғылым ғылыми, инновациялық, индустриялық даму стратегиялары мен тұжырымдамаларын қалыптастыру процестерінен лақтырып тасталды. Ұлттық ғылым академиясы инновациялық-индустриялық даму процесінен іс жүзінде шеттетілген. Дұрысы, еліміздің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамыту мен нығайтудағы негізгі шоғырландырушы рөл осы академияға ресми түрде бекітілуге тиіс еді", – деп мәлім етті министрлік.

Ведомство "Қазақстанда ғылым қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңаруының басты факторы ретінде қарастырылмайды" деген көңілсіз қорытындыға келді.

Бұрынғы билік тұсында инновация сөзі сәнге айналды. Бұл елдің өркендеп жатқанын сипаттайтын эпитеттердің бірі еді. Осы мақсатта Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Оның аясында Президенттің өзі жыл сайын екі рет телекөпір өткізіп, озық технологиялы кәсіпорындарды ашатын. Олар артынша дағдарып, жабылып жататын.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің құжатында бұл "псевдомодернизация" деп бағаланды.

"Псевдомодернизацияға және қуып жетуші жаңғыртуға, жергілікті ғылыми, инновациялық, өндірістік тізбектерге тиісті түрде бейімдемей импорттық инновацияларды тұтынуға басымдық беріліп келеді. Бұл Қазақстанды өзіндік даму және әлемдік озық қоғамдастыққа бейімделу мүмкіндігінен айырады. Осы айтылған факторлар Қазақстанның инновациялық әлеуетінің дамуына кедергі келтіреді", – деп түсіндірді Ғылым және жоғарғы білім министрлігі.

Былтырғы жазда ғылым саласы жеке отау құрып, бөлек министрлігіне ие болды. Ел Президентінің 2022 жылғы 11 маусымдағы жарлығымен Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Жуырда бұған бір жыл толады. Дегенмен, аста-төк қаржы жұмсағаннан басқа, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік байқалмайды.

Жыл басында М.Бейсенбі, Ғ.Қазиев, Б.Сүлейменов, Б.Айтжанов және басқа да кілең докторлар мен профессорлардан құралған ғалымдар тобы министр Саясат Нұрбекке ашық хат жолдады. Онда ғалымдар министрге жоғары білім мен ғылым саласында бірінші кезекте жылдам, батыл, құзырлы әрі білікті кадрлық реформа жүргізуді ұсынды. Ғалымдар отандық ғылымды жою процесі жүріп жатқанын білдіріп, дабыл қақты.

Техника ғылымдарының докторы, атақты профессор Мамырбек Бейсенбі мұның информатика, есептеуіш техника, телекоммуникация сияқты салаларға да қатысты екенін жеткізді.

"Реформаны жүргізбей, ары қарай уақыт соза беру ғылымды өлтірумен барабар. Жыл сайын қаптаған миллиардтық гранттар бөлінеді, мамандар бакалавриатта, магистратурада, PhD-докторантурада, пост докторантурада даярланады, ақырында мыңдаған мамансымақтар түлеп ұшады. Ондайлар ғалымдар қатарын толтырса, онда елдің дамуына тек нұқсан келтіре алады. Ғылыми зерттеу саласында ахуал тіпті нашар: өз салама қатысты айтсам, гранттарды ғылымнан алыс тұлғалардың шектеулі аз шоғыры өзара бөлісіп алады. Осы мақсатта Ұлттық кеңес, Ұлттық сараптама комиссиясы деп аталатын, атынан ат үркетін күрделі құрылымдар құрылған. Бұл құрылымдарды математик, физик, педагог, экономист сияқты базалық білімі бойынша да біліксіз мамандар қалыптастырады", – деді ғалым Мамырбек Бейсенбі.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда ғылыми жетістіктің дәлелі саналатын Хирш индексі (h-индекс) де, сонымен қатар ғалымның Q1 және Q2 тізімдеріндегі ғылыми журналдарда мақала басуы да оның біліктілігін, білгірлігін көрсетпейтінін қарерге салды. Себебі, аталған институттар өздеріне ұсынылған ғылыми жобаларға сараптама жүргізбейді. Салдарынан, олардағы жобалар фейк болып та шығып жатады.

Сарапшы тағы бір сорақы жайтты ескертті: Q1 және Q2 тізімдеріндегі журналдарда қырық жыл бұрынғы ғылыми жетістікті көшіріп басу тіркелген.

"Сол себепті әрбір жобаға және есепке білікті, объективті сараптаманы Ұлттық сараптама комиссиясы және Ұлттық ғылыми кеңес жүргізуге тиіс. Бірақ олай болмай тұр. Ғылыми жаңалықтары жоқ немесе ресейлік ғалымдардың нәтижелеріне құрылған жобалардың өзі жоғары бал алып кеткен. Салдарынан Қазақстанда ғылымды бизнеске айналдырып алды. Шынында ғылымның шығарған өнімі бизнеске айналуға тиіс еді. Елдегі ғылым мен білімнің мұндай сын көтермес жағдайы не индустриялық даму, не цифрландыру міндеттерін толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Бұлай жалғастыра беруге болмайды", – деді техника ғылымдарының докторы Мамырбек Бейсенбі.

41 жасар жас министр Саясат Нұрбектің ғылым патшаларына айналып кеткен мүйізі қарағайдай ағаларына қарсы келіп, салада түбегейлі жаңғыру жүргізуге жүрегі дауалар ма екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу