Нобель сыйлығы: ғылымдағы ықпал картасы

203

Жыл сайын Нобель сыйлығына қатысты түрлі жаңалықтар тарайды. 

Нобель сыйлығы: ғылымдағы ықпал картасы Фото: Jacquelyn Martin / AP Photo

Біз көбінесе әдебиет саласындағы лауреаттар төңірегіндегі жаңалықтардан хабардар боламыз. Осы бір сыйлықтың тыртымды, тағылымды, талапты болуының сыры неде? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Нобельдің рухани символы және салмағы

Қазір қоғамда: "Нобель сыйлығына шынымен лайық тұлға болса, "Невада-Семей" антиядролық қозғалысын құрып, Семейдегі полигонды жабуға ықпал еткен Олжас Сүлейменов " деген пікір жиі айтылады. Әрине, бұл – жеке көзқарастар. Бұған біз баға бере алмаймыз. Нақты шешімді Нобель комитеті ғана шығарады. Белгілісі – кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет ұсынылған-ды. Тіпті АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі Нобельді иелене алмай, оған деген өкпесін білдіргені де мәлім.

Осыдан кейін еріксіз ойланасың, жұртты осынша толқытатын Нобель сыйлығының құдіреті неде?

Өз тәжірибемнен айтайын, екі жыл бұрын журналист ретінде "Үркер" сыйлығын алған сәтте бақыттан басым көкке бір елі жетпей қалғандай болған. Ұлттық марапат, еңбектің еленуі, бір мезетте қолыңа миллион теңге тигені өміріңе ерекше леп береді.

Ал Нобель сыйлығының ықпалы мүлде басқа деңгейде. Оның қаржылай көлемі – 11 миллион швед кроны. Бұл шамамен 495 миллион теңге. Бірақ Нобельдің ең үлкен құндылығы ақшасында емес – ол адамды халықаралық деңгейде мойындатып, есімін әлемдік ғылым, мәдениет немесе саясат тарихына мәңгілікке жазып кетуге мүмкіндік береді.

Енді тарихына аздап тоқталатын болсақ, Нобельдің өсиетіне бағдарлауымыз тиіс. Ол: "Менің байлығым адамзатқа пайда әкелетін ғылым мен бейбітшілікке жұмсалсын" деп өсиет қалдырады.

Алайда оның туыстары бұған қарсы болып, тіпті сотқа берген. Бірақ соңында Нобель қоры құрылып, 1901 жылдан бастап сыйлықтар табыстала бастады.

Сыйлықтың негізгі ұраны – "Ғылым адамзаттың игілігіне қызмет етуі керек". Сол себепті Нобель комитеті тек жаңалық ашқан емес, адамзатты алға жылжытқан идеяны бағалайды.

Әрбір Нобель лауреаты – өз заманындағы мүмкіндікті кеңейткен тұлға. Олар ғылымды тек кәсіби сала емес, адамдық жауапкершіліктің формасы ретінде түсінді.

Сондықтан Нобель сыйлығы – ғылымның ғана емес, ар мен әділдіктің өлшемі.

Нобель сыйлығы – жай марапат емес, жаңа бастаманың қайнар бұлағы ретінде бағаланады. Мәселен, Альберт Эйнштейннің фотоэффект жөніндегі еңбегі физикадағы жаңа дәуірдің есігін ашты. Уотсон мен Криктың ДНҚ құрылымын табуы биологияны түбегейлі өзгертті.

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен жасанды интеллект тақырыбындағы зерттеулер де осы сыйлықтың назарында тұр.

Нобель сыйлығы ғалымды ғана емес, идеяны марапаттайды. Яғни қай бағыттың болашағы бар екенін, қай сала адамзаттың келешегін айқындайтынын көрсетеді.

Ғылым географиясының өзгеруі

1901 жылы ең алғашқы Нобель сыйлығы неміс физигі Вильгельм Конрад Рентгенге берілді. Ол ашқан рентген сәулелері медицина мен физикада төңкеріс жасады. Бұрын дәрігерлер адам денесінің ішкі құрылысын тек хирургиялық жолмен көре алса, енді рентген аппараты арқылы сүйек, өкпе, жүрек пен ісік сияқты мүшелерді анық көруге мүмкіндік туды. Бұл жаңалық миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға жол ашты.

Рентген сыйлықтан материалдық пайда іздемей, Нобель жүлдесінің ақшалай сомасын университет зертханасына аударды. Бұл қадам оның ғылымға адалдығы мен рухани тазалығын айқын көрсетті.

Нобель сыйлығының тарихы – тек жекелеген ғалымдардың жеңісі ғана емес, сонымен бірге дүниежүзілік ғылым орталықтарының ауысу тарихы. ХХ ғасырдың басында ғылым мен техникадағы жетекші рөлді Германия мен Ұлыбритания иеленсе, оның екінші жартысында АҚШ-тың үстемдігі айқын сезілді. Ал ХХІ ғасырда ғылыми ойдың географиясы біртіндеп Азияға ойысып, Жапония, Қытай, Корея сияқты елдер жаңа интеллектуалдық орталықтарға айнала бастады. Мәселен, соңғы жиырма жылда физика мен химия саласындағы Нобель лауреаттарының шамамен үштен бірі азиялық ғалымдар. Бұл – ғылым мен инновацияның бағытының шығысқа қарай ауысып келе жатқанын дәлелдейтін нақты үрдіс.

Жалпы, Нобель сыйлығының географиясына көз жүгіртсек, 1901-2024 жылдар аралығында Еуропа құрлығынан – 515 лауреат шықты. Бұл – барлық лауреаттардың 52 пайызы. Солтүстік және Оңтүстік Америкадан – 312 лауреат, Азиядан – 90, Океаниядан (Аустралия мен Жаңа Зеландия) – 15 алды. Ал сыйлық алған халықаралық ұйымдар саны – 27.

Бұл деректер Нобель сыйлығының тек жекелеген жетістіктерді емес, адамзаттың ғылыми және зияткерлік даму картасын айқындайтынын көрсетеді. Ғылымның шекарасы өзгергенімен, оның басты миссиясы – адамзатқа қызмет ету – өзгермей келеді.

Нобель тарихы түрлі тағдырмен бай. Пәкістандық Малала Юсуфзай 2014 жылы небәрі 17 жасында қыздардың білім алу құқығын қорғап, ең жас лауреат атанды. Ал 97 жастағы америкалық физик Джон Б. Гуденаф 2019 жылы литий-иондық батареяны ойлап тапқаны үшін марапатталып, ең қарт лауреат ретінде тарихта қалды. Бұл мысалдар Нобель сыйлығының ұлтқа да, жасқа да, шекараға да қарамай, тек ақыл мен еңбекті бағалайтынын дәлелдейді.

Нобель сыйлығын екі мәрте иеленген санаулы тұлғалар бар. Солардың бірі – Мария Склодовская-Кюри, ол 1903 жылы физикадан, 1911 жылы химиядан Нобель алды. Сондай-ақ, Лайнус Полинг – химия (1954) және бейбітшілік (1962), Джон Бардин – физика (1956, 1972) саласында екі рет марапатталған.

Бұл ғалымдардың өмір жолы ғылымның тек зерттеу мен есеп қана емес, сонымен бірге рух пен ерік-жігер мектебі екенін дәлелдейді.

PS. Ғылымды шынайы бағалайтын мемлекет қана әлемдік процестің нақты ойыншысы бола алады. Ал біз болсақ, әлі күнге дейін ғылымды дамытудың нақты тетігін таба алмай келеміз. Сонда бұл кілтті академик Қаныш Сәтбаев өзімен бірге әкетті ме екен, әлде оны жалғастыратын лайықты мұрагері бар ма? Бізді қазір Нобель сыйлығын кім алатыны емес, осы сұрақ мазалайды…

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу