ОПЕК 60-қа жете ала ма?

4021

Коронавирус пен баға соғысы кесірінен мұнайға тәуелді елдердің табысы күрт азайып, әлемдегі ең сәтті картель күйрейді деген қауіп туындап отыр.   

ОПЕК 60-қа жете ала ма?

Халықаралық Энергия Агенттігі (ХЭА) бірер күн бұрын жариялаған баяндамасында мұнай бағасының құлдырауы шикізат экспорттайтын "осал" елдердің кірісін 85 пайызға қысқартатынын ескертті. Бүгінде коронавирус пандемиясына байланысты көмірсутегіне сұраныс күрт азайып отыр. Ал, Ресей мен Сауд Арабиясы, осы жағдайға қарамастан, өндірісті қысқартуды тоқтатып, жақында баға соғысына кіріскені белгілі.

Штаб-пәтері Парижде орналасқан ХЭА-ның мәлімдеуінше, мұнай нарығының күйреуінен ең көп зардап шегетін мемлекеттер – Эквадор, Ирак, Нигерия. Сондықтан оларға тіпті Халықаралық валюта қорының көмегі қажет болуы мүмкін.

"Егер баға қазіргідей барреліне 30 долларды төңіректеп тұра берсе, "осал" өндірушілердің табысы 50-85 пайызға төмендейді", – дейді осы агенттіктің басшысы Фатих Бирол.

Сонымен қатар, ХЭА мұнай мен газдан түскен табысқа аса тәуелді Алжир мен Анголаға да қауіп төніп тұрғанын атап өтті. Бұл елдердің жағдайы Саудия мен Ресей әлемдік нарықта клиенттерін көбейту үшін өндіріс қарқынын тіпті арттырғанда, одан сайын нашарлауы ғажап емес. Айта кетсек, әр-Рияд сәуірде өндірістің тәуліктің көлемін 9,7 млн баррельден 12,3 миллионға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Осынау дағдарыстан Ирак ай сайын 4 млрд доллар жоғалтып, мемлекеттік қызметкерлерге жалақы, қарттарға зейнетақы төлеу жолында қиындыққа душар болуы мүмкін. Ал, Нигерияның жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда өз көлемінің үштен бір бөлігін жоғалтса, Эквадор осыған дейін де шығындарын қысқарта бастағанды. Баяндамада мұнай бағасының арзандауынан ең қатты жапа шегетін елдер қатарына Қазақстан кірмеген.

"Олардың баға соғысы – Қазақстан үшін де проблема"

Дегенмен, кейбір сарапшылардың пікірінше, энергетикалық шикізаттың күрт арзандауы қазақ экономикасын жолдан тайдырып, теңгені еркін құлдырауға итермелеп отыр.

Айта кетсек, Қазақстан үшін мұнай – валюта әкелетін үлкен ресурс. Көмірсутегінің құны түскенде, сырттан келетін "жасыл ақша" азайып, доллар кейінгі күндері 440-450 теңгеге сатыла бастады.

Осы айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ үкіметінің бюджет қысқарған күннің өзінде де әлеуметтік төлемдерді жалғастыру міндеттемелерін орындайтынын мәлімдеп, экономиканы тұрақтандыру мен ұлттық валютаны қорғау мақсатында шұғыл жауап беру тобын құруға бұйрық берді.  

Сондай-ақ Қазақстан экономикасының өсімін қолдау үшін пайыздық үстеме 2,75 %-ға көтеріліп, 12 %-ға дейін жеткізілді. Сонымен қатар, теңгені тұрақтандыру жолында миллиондаған долларлық интервенция жасалғаны белгілі.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақстан бюджеті үшін мұнай нарығының 50-55 доллар болғаны тиімді. Демек, Ресей мен Саудия арасындағы баға соғысы шикізат құнын 30 доллардан да төмендетіп, елімізге кері әсер етіп отыр.

"Баға соғысы – бюджеті 55долларлық мұнайға негізделген Қазақстанның да басын ауыртып отырған проблема. Қазақ үкіметі ғаламдық энергетикалық саясат тұрақсыздығына шығыны мол құрылымдық экономикалық реформа жүргізіп қана қарсы тұра алады", –дейді Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу орталығының аға дәріскері Лука Анчески Жапонияның Тhe Nikkei Asian Review газетіне берген сұхбатында.

Қазақстан мұнайсервистік компанияларының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың ойынша, шикізат бағасының құлдырауынан мұнай компанияларының бюджетке төлемдері үш есеге азаюы, тіпті нөлге дейін түсуі мүмкін.

Тағы бір айта кететін жайт, Қытай - Қазақстанның Ресейден кейінгі №2-ші сауда серіктесі. Коронавирус эпидемиясына байланысты ақпан айында екі жақ арасындағы сауда-саттық айтарлықтай баяулаған. Еліміздің индустрия министрлігінің дерегінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл Қытайдан тауар тасымалдау деңгейі 43 %-ға немесе 150 421 тоннаға кеміпті. Ал, Қазақстан энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, Қытайға газ экспорты 20-25 %-ға қысқарған.

ОПЕК-тің дәурені өтті ме?

Биылғы жылдың соңында Мұнай Экспорттаушы Елдер Ұйымы – ОПЕК өзінің 60 жылдығын атап өтуі керек. Қазір энергетикалық картельдің сол күнге жете алатынына күмән туындап отыр.

Осыған дейін ОПЕК әлемдегі ең сәтті ұйым саналды. Бірақ Сауд Арабиясы Ресеймен тайталасып, өндірісті қысқартудан бас тартқаннан кейін, әлем қоймаларын мұнай басып кетті. Ал, тым арзан шикізат ОПЕК-тің өзге мүшелеріне мүлде тиімсіз. Мәселен, Саудия оны қымбаттатпай-ақ, мейлінше көп шығарып та табысқа кенеле алады. Алайда картельдің басқа елдерінде мұндай мүмкіндік жоқ. Сонда ОПЕК оларға не үшін қажет?

"ОПЕК сонау 1960 жылы құрылғанда, оның басты мақсаты – "өз мүшелерінің мүддесін жеке де, ұжымдасып та қорғау" еді. Бұл мақсат оның 2012 жылы қайта қаралған статусынан да маңызды орын алды. Бірақ Сауд Арабиясының кейінгі кездердегі әрекеттері осы мақсатқа қарсы тұрып, мұнай бағасын бір аптада 40 %-ға жуық түсіріп жіберді. Әрине, бұл – ОПЕК-тің ұжымдық мүддесіне қайшы шешім", – деп хабарлайды "Блумберг" агенттігі. 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу