Қазақстан мұнай бағасының құлдырауына іштей дайын болды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
15150

Валюта бағамының күрт құбылуынан қарапайым халық зардап шегеді. 

Қазақстан мұнай бағасының құлдырауына іштей дайын болды

ОПЕК-тің 2020 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін тәулігіне тағы 1,5 млн баррельге түсіру туралы ұсынынан Ресей бас тартқан тұста Сауд Арабиясы мұнай бағасын төмендететінін және мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге жеткізетінін жариялады. Мұның салқыны біздің елге тиді. Доллар күшейіп, теңге әлсіреп, Президент үкіметті, үкімет Ұлттық банкті қозғады. Осылайша аяқ астынан "аласапыран" басталды да кетті.

Обалы не керек, билік басындағылар мұнай бағасының арзандауы мен доллар бағамының жоғарылауы қарапайым халықтың жонынан таспа тілмейтінін және бұл үшін кешенді шаралар жүзеге асырылатынын айтты.

Президенттің пәрменімен министрлер кабинеті мен Ұлттық банк тайлы-тұяғымен іске кірісіп, жоспарын жариялады. Премьер-министр Асқар Мамин ұлттық компаниялар мен мемлекттік органдарға шетел валютасын сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу қоюды тапсырса, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев базалық мөлшерлеме 12%-ға көтерілетінін мәлімдеді. Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайылов сәуір айында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет қайта қаралып, республикалық бюджеттің шығындары қысқаратынын жариялады.

Бұл кезде Ресей ОПЕК-пен неге тілтабыса алмағанын түсіндіріп жатты.

Ресей тарапы ОПЕК келісімінің бұған дейінгі талабын орындағандарын, келісімнен өздері шықпағанын, шығу туралы шешімді Сауд Арабиясы қабылдағанын және Сауд Арабиясы мұнай өндірісінің қысқаруынан келетін шығынды ОПЕК-ке кірмейтін елдердің есебінен өндіргісі келетінін алға тартты.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін біз мамандарға жүгіндік.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Қуаныш Бейсенғазиннің байламынша, мұнай бағасының төмендеуі қысқамерзімді құбылыс.

"Бұл жағдайға макроэкономикалық немесе жаһандық қаржы дағдарысы түрткі болған жоқ. Кері құбылыс ОПЕК аясындағы Ресей мен Сауд Арабиясының ұстанымынан туды. Шынтуайтына келгенде арзан мұнай Сауд Арабиясына да, Ресейге де тиімсіз. Таяу арада екі ел келісімге келеді деп үміттенеміз. 2016 жылдан бері өндірісін кеміте отырып, ОПЕК+  мұнай бағасын тұрақтандырып келеді. Бүгінгі таңда АҚШ тақтатастан мұнай өндіріп отыр. Сондықтан оған энергетикалық ресрустардың арзандағаны тиімді. Себебі оның бюджеті шикізат бағасына тәуелді емес. Ал Сауд Арабиясында мұнай көп. Олардың да ештеңесі кетпейді. Бұл жерде ұтылатын - Ресей, – деді директордың міндетін атқарушы.

Қуаныш Бейсенғазиннің сөзінше, біздің ел мұнай бағасының құлдырауына іштей дайын болды.

"Бұған дейін коронавирус салдарынан Қытайдың мұнайға деген сұранысының қысқаратыны болжанды. Антидағдарыс

бағдарламасы әзірленіп, түрлі шаралар кешені қабылданды. Президент барлық мемлекетті органдарға нақты тапсырма берді. Үкімет пен Ұлттық банк мәлімдеме жасады. Сондықтан қатты дүрлігуге негіз жоқ деп ойлаймыз", – деді ол.

Экономист Сергей Домниннің пікірінше, валюта бағамының аяқ астынан және күрт құбылуынан қарапайым халық зардап шегеді.

"Алыпсатарлар ел ішінде мақсатты түрде дүрбелең туғызып, халықты адастырады. Қалтасында азын-аулақ ақшасы бар адамдар жаппай валюта айырбастау пнктеріне барып, қымбат бағаммен шетел валютасын сатып алады. Уақыт өте келе валюта бағамы бұрынғы қалпына келеді. Азаматтар сол кезде ғана пайда табуға деген құмарлық пен қаржылық сауатсыздықтың қақпанына түскенін түсінеді. Бұл кезде барлығы кеш болады. Себебі валюта бағамымен ойнатын алыпсатарлар кірісін көбейтіп, қалтасын қампайтып үлгереді. Дәл қазір әліптің артын бағу керек. Жанталасып валюта айырбастау пунктеріне жүгірудің қажеті жоқ", – деді экономист.

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Олжас Төлеуовтің түсіндіруінше, мұнай нарығында "баға соғысы" жалғаса беретін болса, әлем экономикасына кері әсерін тигізеі.

"Мұнай бағасының дәл осылай құлдырамағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл Ресейді ОПЕК-тің талабына көндіру үшін жасалып жатқан шараға ұқсайды. Мұнайдың бағасы төмендей беретін болса ақша, қаржы нарығы тығырыққа тіреледі", – деді директор.

Олжас Төлеуов қазіргі жағдайдың Қазақстанға әсері қандай болатынын да баяндады "Ұлттық банк теңге бағамын 385-390 деңгейінде ұстап тұруы мүмкін.

Бұл үшін қор жеткілікті. Алтын валюта қоры, Ұлттық қор бар. Теңге осы бағамда тұрса, рубльге қарсылығы күшейеді. Егер, қаржы реттеушісі теңге бағамын еркін айналымға жіберсе, 1 доллар 400 теңге шамасында болуы мүмкін. Біз қазіргі жағдайдың уақытша болуын тілеуіміз керек. Мұнай бағасы мен теңге бағамы дәл осылай тұра беретін болса, экономикамызға ауыр болады", – деді ол. 

Экономист Сапарбай Жобаевтың ойынша, Саудия ОПЕК+ ұсынысын қолдамағаны үшін Ресей мен Қазақстанды мұнай нарығынан шеттету мақсатында Brent маркалы мұнай бағасын төмендетті. Салдарынан теңге мен рубль құнсызданды.

"Теңге бағамын 395-400 ден асырмау керек. Мұнай бағасы алдағы уақытта қайта көтеріледі деп үміттенеміз. Долларды биржада сатып, 1 рубльді 5,5  теңгеден түсірмеуге тырысу керек. Ал қарапайым халық ақша айырбастауға жүгірмей, сабыр сақтауға тиіс", – деді маман.  

Абылай Бейбарыс