Өсім бар, кезек – сапада

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
3530

Halyk тобы Qazkom-мен біріккеннен кейінгі алғашқы қаржы жылын қорытындылап отыр.

Өсім бар, кезек – сапада

Қазақстанның Халық банкі 2017 жылдың 12 айының шоғырландырылған қаржы нәтижелерімен таныстырды. Ерекшелігі сол, бұл былтырғы жазда біріккен Halyk тобы мен Qazkom-ның ортақ алғашқы есебі. Яғни, құжат мәміленің қаншалықты экономикалық тиімді болғанын болжамдауға мүмкіндік бермек.

Сандарға көз жүгіртсек, Halyk тобы бірнеше баптар бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген екен. Ең бастысы, біріккен банк тобы активтерін 65,6 %-ға, 8,8 трлн теңгеге дейін молайтқан. Активтердің өсуіне негізінен Qazkom-ды сатып алуы серпін бергенге ұқсайды. Аталмыш банктің активтері биылғы жылдың қаңтары айы басында 3,5 трлн теңгені құраған болатын.

Қос банктің бірігуі жиынтық таза кірістің өсуіне де ықпал етіп отыр. Ол 32 %-ға, 173,4 млрд теңгеге жетіп отыр. Qazkom қосылмағанда ол 154,3 млрд теңгені (25%) құрайтын еді. Банктердің бірігуі Халық банкінің қоржынындағы клиенттер қаражатының көлемін де арттырып отыр. Оған жаңа депозиттер тарту, сондай-ақ Qazkom тобының көрсеткіштерін шоғырландыру әсер еткен. Halyk-тың дербес капиталы 40,4%-ға өсіп, 934 млрд теңгені құрады. Бұл да көп жағдайда Qazkom тобын сатып алумен байланысты.

Дегенмен теңгерімдерін шоғырландыру бірқатар көрсеткіштерді төмендетіп жіберген. Мәселен, Казкоммерцбанктің (29,59%) мерзімі өткен несиелерінің көлемі Халық банкі (7,56%) нәтижелерінен айтарлықтай жоғары болып отыр. Ендігі жерде Qazkom-ның кредиттік қоржынын ретке келтіру жұмысы Халық банк менеджментінің мойнына артылатыны мәлім. Сонымен қатар Казкоммерцбанктің теңгелей және валюталық облигациялары түріндегі борышқорлық қоржыны Халық банкінің дәл осындай міндеттемелерінің айтарлықтай көлемін жабады. Оларды өтеу де міндеттемені өзіне алған банктің мойнында.

Нәтижесінде Halyk тобының пайыздық таза маржасы Qazkom-мен бірігудің есебінен 2016 жылғы жылдық 5,5%-бен салыстырғанда 4,9%-ға дейін қысқарды. Халық банкінің дербес кірістілігі әлдеқайда жоғары – 5,4% болатын. Маңыздысы сол, 2017 жылдың қорытындысы бойынша пайыздық таза кірістің өсімі қызметтер мен комиссиялар бойынша таза кірістің өсімінен жоғары болып шыққан. Бұл дегеніміз – банк секторы кредиттік операцияларға әлі де күні қарап отыр деген сөз. Әрі комиссиялық табыстардың аса жоғары өсімі кредиттеудің төмендеуінен келетін шығындарды сақтандырмақ.

2017 жылдың қорытындысына қатысты Алматыда өткен баспасөз жиынында Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банк секторында өсім болу үшін жағдайлар жоқ емес екенін атап өтті. Экономика серпін алды, сол себепті де банкирлер банк секторын тазалау мен сауықтырудан кейін кредиттік қоржын өсім көрсетуге тиіс деп күтіп отыр. Халық банкі басшысының айтуынша, ШОБ секторы және бөлшек сауда – кредиттеу үшін қолайлы салалар болып қала бермек. Ірі корпоративтік клиенттер секторы әлдеқайда ірі банктермен жұмыс істейтіні мәлім. Өйткені мұндай клиенттер бір ғана қарыз алушының лимиті аса ірі қарыз алуға мүмкін беретіндей капитал деңгейіне ұмтылатыны сөзсіз.

"Экономиканың секторлары туралы айтар болсақ, телекоммуникация және көлік салаларында өсім болуы ықтимал. Инвестициялық қарыздарды да қарастырудамыз, қазір клиенттеріміз жаңғырту және өндірісті жарақтандыру идеяларын ұсынып жатыр, – деп тілге тиек етті Шаяхметова ханым. – Теңге нығайып келе жатқандықтан, клиенттеріміз импорттық қондырғылар сатып алу мүмкіндіктеріне сеніммен қарай бастады және өз бизнес-жоспарларын құрып жатыр, сонымен қатар өсім көрсете алатын сала ретінде бөлшек сауданы атауға болады. Экономика 4%-ға өседі, демек, банктің кредит қоржыны кемінде екі есеге өсуге тиіс".

Үміт Шаяхметованың сөзінше, базалық мөлшерлеменің төмендетілуі банктер мен қарыз алушылардың кредиттік белсенділігіне қосымша ықпал етпек.

"Ұлттық банктің ноталары бойынша пайыздық мөлшерлемелерінің деңгейі жоғары болған кезде банктерге ақшаны ноталарға инвестициялау тиімді болған еді. Ноталар бойынша кірістілік базалық мөлшерлемемен бірге төмендейді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, кейбір банктерде ШОБ, бөлшек сауда және корпорациялар бойынша кредиттеу өскенін байқап отырмыз. Сондықтан инвестициялаудан гөрі кредиттеудің табысты екенін байқаған соң Халық банкі де кредиттеуді арттырды", – деп атап өтті Үміт Шаяхметова.

Демек те банк жүйесіне қазына ақшасының құйылуы кредиттеу нарығы үшін маңызды факторлардың бірі болып табылады.

"Бұған дейін де айтып келдік, Ұлттық банк бір жағынан банк секторына ақшаның құйылуын қадағалап отырады, дегенмен мемлекеттік бағдарламалар арқылы секторға қайтадан үлкен көлемде қаржы құйыла бастады, ал банктер оны игеріп үлгермеуде. Оларды инвестициялайтын нәрсе көп те емес, сондықтан банктер ақшаны қайтадан ноталарға сала бастады. Мемлекет үшін аса қымбат ақша айналымы жүріп жатыр", - деп нақтылап кетті Үміт Шаяхметова.

Банкир Ұлттық банктің тәуекелдерді қадағалауды енгізу арқылы қаржы секторын реттеу жөніндегі жаңа ұсынысына қатысты да өз пікірін білдірді. Аталған заң өте даулы, сондықтан банк қауымдастығы құжатты құптап отырған жоқ.

"Онда субъективті факторлар көп, олар кейде реттеушіге біржақты тәсілге баруға мүмкіндік береді. Оған қоса пайымдамасы дұрыс болмаған жағдайда жауапкершілікті реттеуші өз мойнына алуы қажеттігі туралы мәселе көтердік, – деді Үміт Шаяхметова. – Банктерге пайымдаманы сот арқылы шешу мүмкіндігі берілуге тиіс. Мұндай құқық та қарастырылмаған, әйтсе де халықаралық тәжірибеде банк қауымдастығы үшін дәл осындай мүмкіндік бар. Құжаттың соңғы нұсқасы шыққан жоқ, әлі де талқыланып жатыр".

Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу