Павлодар суармалы алқап көлемін екі есе арттырмақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9106

2022 жылға қарай өңірдегі 140 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады. 

Павлодар суармалы алқап көлемін екі есе арттырмақ

Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру үшін арнайы жол картасын әзірлегені белгілі. Құжатқа сәйкес, 2021 жылға қарай игерілмей жатқан 610 мың гектар жер айналымға енгізілмек. Бүгінде елімізде 1,4 млн гектер суармалы алқап бар. 2021 жылға қарай олардың үлесі 2 млн гектарға жетпек. Бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар облысында да жалғасын табуда.  

"Мамандар арнайы сараптама жүргізіп, суармалы егіншілікті дамытуға қолайлы жерлерді анықтады. Қазір аймағымызда 70 мың гектардай суармалы алқап бар. Алдағы үш жылда бұл көрсеткішті шамамен екі есе көбейту көзделген. Яғни, 2022 жылға дейін суармалы егістіктердің көлемін 140 мың гектарға жеткізу жоспарда бар", – дейді Павлодар облыстық мәсилихатының аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Жанат Тұрлыбаев.

Депутаттың сөзінше, суармалы алқаптың тиімділігі зор. Мәселен, жай жерде өскен жүгерінің 1 гектарынан 50-80 центнер өнім алынса, суармалы алқаптан 150-500 центнер өнім жинауға мүмкіндік бар. Қазір 5 гектар жері бар шаруалар суармалы алқапты қолданысқа енгізіп, табысқа кенелуде. Алдағы уақытта өңірде "Ертіс-Успенка" жобасы қолға алынбақ. Оның аясында 10 мың гектар аумақ ретке келтіріліп, суармалы егіншілік дамытылмақ.  

Деректерге сүйенсек, бүгінде павлодарлық шаруалардың иелігіндегі суармалы алқаптардың 17 669 гектарын жем-шөп дақылдары алып жатыр. Ал 12 мың гектардан астам алқапта картоп, 11 981 гектарында астық өсіріледі. Қалған бөлігі майлы дақылдар мен көкөніс, бау-бақша өнімдеріне тиесілі.

"Павлодар облысында суармалы егін шаруашылығы бойынша 28 мың гектарды қамтитын 9 жоба әзірленуде. Оның жалпы құны 19 млрд теңгені құрайды. Сол арқылы күзде жиналатын жалпы өнім көлемін 1,4 млн тоннаға дейін арттырып, қосымша 700 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Аталған жобалар Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына жіберілді", – дейді Жанат Тұрлыбаев.

Халық қалаулысының айтуынша, Павлодар облысында фитосанитариялық жағдайды қадағалау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Диқандарға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, сақтық шараларын жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, бұл іске негізінен ірі шаруа қожалықтары ғана белсене кіріседі. Себебі, олардың егіс алқабы ауқымды. Өсімдіктен ауру табылса, мол шығынға ұшырайтыны анық.

"Ауру көбіне тұқым арқылы таралады. Бұл ретте, Ресей шекарасында фитосанитарлық бекеттің жоқтығы алаңдатып отыр. Шаруалардың иелігінде дәріні сақтау және пестицидтерді залалсыздандыру қоймалары жоқ. Аталған проблемаларды шешу жолдарын қарастырудамыз. Бұл мәселені қаңтар айында Парламент депутаттары да көтеріп, ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасына түзетулер енгізуді ұсынған болатын", – дейді облыстық мәслихаттың депутаты.

Жанат Тұрлыбаевтың айтуынша, өңірде қайта өңдеу саласы ақсап тұр. Мәселен, облыста жылына 2000 тонна күнбағыс тұқымы жиналады. Бірақ, оны көп бөлігі амалдың жоқтығынан сыртқа жіберіледі. Картоптың жағдайы да сол. Өзімізде қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ.

"Қазақстанда қайта өңдеудің 9 түріне басымдық берілген. Яғни, сүт пен етті, тері мен жүнді, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс пен көкөністі, қант қызылшасы мен картопты қайта өңдеу кәсіпорындарын құру қажет. 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты жаңғырту көзделген. Сөйтіп, қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін ұлғайту, сондай-ақ 7 мың жұмыс орнын құру жоспарланған", – дейді Жанат Тұрлыбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу