Павлодарда жылу қуатының тапшылығы байқалып отыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15929

Бұл өңірдің дамуына кедергі келтіретін бірден-бір фактор. 

Павлодарда жылу қуатының тапшылығы байқалып отыр

Павлодар облысында жылу қуатының тапшылығы жыл сайын байқалады. Оны қыстыгүні тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көптігінен-ақ аңғаруға болады. Өз кезегінде күрмеуі тарқамаған бұл мәселе өңірдің дамуына кедергі келтіреді.

Жылыту қондырғыларының аздығы, магистралдық жылу желілерінің қажетті деңгейде жылу көлемін өткізе алмауы күрделі мәселеге айналып отыр. Оны Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Әбілқалықов та мойындады.

"2030 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес, облыс орталығын қысқы маусымда жылумен қамтамасыз етудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Осы арқылы Павлодар қаласындағы жылу желілерін кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізіп, жылу құбырларын жаңалау жоспарлануда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде", – дейді басқарма басшысы.

Бұл жердегі негізгі мәселенің бірі – жылу желілерінің тозуы. Тоз-тозы шыққан желілер қыстыгүні жылуды толық ұстап тұра алмайды. Салдарынан қала ішіндегі желілерде түрлі ақаулар, апаттар орын алады. Бұл бір.

Екіншіден, монополистер желілерді жөндеп, жаңалау үшін коммуналдық қызметтердің тарифін өсіру қажет деп есептейді. Бірақ мұның қаншалықты қисынды екені белгісіз. Себебі тозған жылу желілерін ауыстыру жұмыстары "Нұрлы жол" 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы жүргізілуде.

"Жоба жасаушылар жылу тапшылығындағы түйткілді нүктелерді анықтады. Біріншіден, магистралды жылу желілерінің жылу өткізу жүйелерінде әлі де ақаулар бар. Екінші мәселе, қолданыстағы энергия көздерінің жылу қуаттары бөлігін сақтау қажет. Қазір №1, №2, №3 жылу орталықтары облыс орталығын жылумен қамтамасыз етеді. Салыстырмалы талдау барысында қосымша жылу қуаты №3 орталықта жеткілікті, ал №2 орталықта болмашы ғана қосымша жылу қуаты қалады. Сондықтан №1 жылу орталығына түсер салмақ көп. Оның үстіне қалада құрылыс қарқын алып, жаңадан "Сарыарқа", "Достық" шағын аудандары салынуда. Сол себепті жылу тапшылығы бар", – дейді "СЕВКАЗЭНЕРПРОМ" ғылыми-өндірістік фирмасының бас директоры Владимир Пешков.

Деректерге сүйенсек, былтыр "Нұрлы жол", 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламалары бойынша 34,9 шақырым жылу желісі, 33,5 шақырым кәріз жүйесі ретке келтірілген. Биыл облысқа сумен қамту және кәріз жүйелерін жасауға республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінген.

"Бұл қаражатқа өңірдің коммуналдық кәсіпорындары сумен қамту жүйелерінің 22,2 шақырымын, кәріз жүйелерінің 9 шақырымы мен жылу желілерінің 2,5 шақырымын жөндеу жоспарлануда", – дейді Мұрат Әбілқалықов.

Алайда бұл да жеткіліксіз. Тозығы жеткен желілер көлемін қысқарту үшін жыл сайын жылу желілерінің 40 шақырымын, сумен қамту желілерінің 53 шақырымын және кәріз жүйелерінің 38 шақырымын жөндеу қажет.

Екіншіден, өткен жылы салынған тұрғын үй көлемі 332,7 мың шаршы метрді құрады. 2020 жылы 400 мың шаршы метр, 2021 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу туралы тапсырма бар. Құрылыс қарқыны көңіл қуантқанымен, осыншама тұрғын үйді жылыту үшін қосалқы жылу орталықтарының, қосалқы стансалардың қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жыл басынан бері коммуналдық қызмет тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Жоспарға сәйкес, жылумен қамту бағасы бюджеттік ұйымдар мен бизнес өкілдері үшін 19  %-ға, ал тұрғындар үшін 10  %-ға қымбаттады. Жылумен қамту тарифі 2,9  %-ға, электр қуаты 10  %-ға өсті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу