Перизаттан да өткен: Шенеуніктер "жүгіріп, секіруден" жүздеген миллиард табуда

2032

Қатардағы бір қызметкер 7,7 миллион теңгеден алып отырған.

Перизаттан да өткен: Шенеуніктер "жүгіріп, секіруден" жүздеген миллиард табуда Фото: chatgpt

Қатал бюджеттік тапшылық жағдайында Қазақстанда спортқа деп бағытталған қыруар қаражаттың тиімсіз шашылуы жалғасуда.

Салаға аудит жүргізген Жоғары аудиторлық палата осыны әшкереледі. Ал, депутаттардың байламынша, триллиондап ақша төксе де, Қазақстан спорттық державаға айнала алмады.

Небәрі 3 жыл ішінде Қазақстанда кәсіби спортқа шығындалған бюджеттік шығыстар 2 есе – ең кемі 153 миллиардтан 315 миллиард теңгеге өскенімен, жоғарғы жетістіктер спортының тиімділігі тоқтаусыз төмендеуде. Мемлекеттік аудиторлар осындай қорытындыға келді.

Жаппай емес, ішінара жүргізілген аудит қорытындысының өзінде жалпы сомасы 17 миллиард теңгедей бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде:

  • 348 млн теңге қаржы заң бұза отырып шығындалған,
  • 2,8 млрд теңге тиімсіз жоспарланған,
  • 13,7 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.

Салада 56 жүйелі кемшілік пен 270 рәсімдік бұзушылық тіркелді. 157 аудит материалы айыптыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін жауапты органдарға жолданды.

"Мысалы, 2021-2024 жылдары "Спортты дамыту дирекциясы" өзінің әкімшілік персоналына сыйақы төлеуге 3,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жұмсаған. Кейбір жағдайларда төлем сомалары жалақы қорынан асып кеткен. Ал, бір қызметкерге шаққанда орташа сыйақы 7,7 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, спортшыларды даярлауға қатысы жоқ қызметкерлерге де оқу-жаттығу процесіне орай қосымша ақы төленіп отырған", – деп мәлімдеді Жоғары аудиторлық палата.

Егер миллиондап ақы алатын "мамандар" Қазақстанды бұл салада әлемдік лидерлер қатарына шығарған озық менеджер болса дау жоқ. Бірақ аудиторлар саланың мақтанары шамалы деген тоқтамға келді.

"Жалпылама медаль санының артуына қарамастан, спортқа жұмсалған қаражаттың тиімділігі төмендеуде. 2022-2024 жылдар аралығында шамамен 4 миллиард теңге шығындалған 11 спорт түрі елге бірде-бір медаль әкелмеді. Спорттық резервті даярлау жүйесі әлі де тиімді емес. Балалар мен жасөспірімдерді спорт мектептеріне қабылдау процесі ашық емес. Спортшылар мен жаттықтырушылардың бірыңғай цифрлық есебі жүргізілмейді. Медициналық сүйемелдеу ескірген әрі барлық спортшыны толық қамтымайды", – делінген ЖАП есебінде.

Спорт шенеуніктері де, бапкерлер де бірінші кезекте бюджет қаражатын игеруге бағдарланған. Сапа кейінгі орындарға ығыстырылды. Салдарынан ЖАП дерегінше, талабы жоғары олимпиадалық спорт түрлері бойынша білікті жаттықтырушылар тапшылығы туындаған.

Ал, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша штаттар керісінше, артығымен жасақталыпты, өйткені "бұл бағыттарда медаль алу мүмкіндігі жоғары және оған сәйкес бонустар да қарастырылған". Еш қиналмай, бюджеттен миллиондаған сыйақы алады.

Сала әлі күнге тәртіпке келтірілмеген. Жоғары аудиторлық палатаның хабарлауынша, аудит жүргізу барысында бір емес, 6 жазғы олимпиадалық спорт түрі бойынша әлі күнге кешенді мақсатты бағдарламалар бекітілмегені әшкереленді. Яғни, алдына еш мақсат қоймай, міндеттеме алмай жұмыс істейді.

"Сонымен қатар, жазғы Олимпиаданың 46 спорт түрінің 19-ы бойынша спорт ұйымдарында спортшыларды даярлау бағдарламалары жоқ! Оның ішінде 5 спорт түрі бойынша дайындықтың әлсіздігі мен бәсекелестіктің төмен болуы салдарынан қазақстандық спортшылар олимпиадалық іріктеу турнирлеріне мүлде қатыспайды. Олар Олимпиадаға лицензия бермейтін өзге халықаралық жарыстарға ғана қатысумен шекетеледі. Соған қарамастан 2022-2024 жылдар аралығында осы спорт түрлеріне спортшыларды даярлауға бюджеттен шамамен 2 миллиард теңге босқа жұмсалған", – делінген ЖАП есебінде.

Жүздеген миллиард ел қаражатының заяға кетуінің және саланың атағы жер жарған, әлемге танылған спортшыларды тәрбиелей алмауының себептері көп және оның басым көпшілігі – бұрыннан шешімін таппай қордаланып, жүйеліге айналған проблемалар.

Мысалға, Аудиторлық палата мамандарының пікірінше, спорт саласын дамытуға қатысты қаптаған мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар қабылданғанына қарамастан, жоғары жетістіктер спортын дамытудың кешенді тәсілі сол бойы қалыптастырылмады.

Бұл ретте өзін өзі ақтамаған ескі бағдарламалық құжаттағы шаралар мен міндеттер келесі кешенді жоспарға көшіре салынып отырған.

Президент жоғары жетістіктер спортын дамытып, елді қайтадан спорттық державаға айналдырсын деп салаға жеке министрлік құрып берді. Оның шығыны барған сайын артуда. Нәтиже шамалы көрінеді.

"Басқаны айтпағанда, тіпті саланы ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуде де кемшіліктер бар. Туризм және спорт министрлігі спорт саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбеген. Ал, кезеңдік жоспарларда спортшыларды даярлау мен медициналық-ғылыми сүйемелдеудің заманауи тәсілдері ескерілмейді. Спорттың басым түрлерінің тізімін қалыптастыруда да бұзушылықтар анықталды. Бұл шешімдер кешенді талдау жүргізілмей қабылданған және көбіне спорт федерацияларының мүддесіне тәуелді болып келеді", – деді Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлары.

Соның кесірінен, олардың тұжырымдауынша, спорт түрлерінің әлеуеті, жетістіктері мен материалдық-техникалық базасы ескерілмей қаражат бөлінуде. Мәселен, кейбір олимпиадалық емес спорт түрлеріне осыған ұқсас олимпиадалық спорт түрлеріне қарағанда көбірек қаражат беріледі. Бұл деректі Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов растады.

"Спорт әлі күнге былығуда. Спортты басып алған коррупциядан, бассыздықтан, субьективизмнен, тамыр-таныстықтан, жершілдіктен, сондай-ақ олигархтардың және қылмыс әлемінің ықпалынан әбден шаршадық. Халық қаржыландырады екен, ендеше спорт халық үшін қолжетімді, түсінікті, әділетті әрі таза болуға тиіс. Оның орнына спортты былық жайлауы, ел қаржысының жаппай ұрлануы жанкүйерлерді жабырқатады. Спорттық федерацияларды ескі бай-бағыландар, олигархтардың басқарып отырғаны масқара емес пе?! Бұған тоқтау салатын кез жетті", – дейді мәжілісмен.

Марат Бәшімов 2018 жылдан бері спорттың жалпы бюджеті еселеп өсіп, былтыр 1,4 триллион теңгеден асқанына назар аудартты. Биыл да осыған жуық, 1,3 триллион қаражат жұмсау жоспарланған.

"Қаржының аяусыз құйылып жатқанына қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медаль есебінде және дүниежүзілік спорттық рейтингтерде ең төменгі орындардан көтеріле алатын емес. Мұның бір себебі – кәсіби спорт саласында ашық емес, субъективті төлем төлеу үшін жағдай жасалған. Екіншіден, бюджет қаржысын игеру бақылаудан шығарып алынған, кілең сыбайлас жеткізушілер іріктеледі, оқу-жаттығу жиындары, тіпті турнирлер жалған, қағаз жүзінде өткізіледі. Спорт ғимараттарының аренда ақысын да, еңбекақыны да қосып жазады", – деді депутат.

Оның дерегінше, мысалы, 18 кәсіби футбол клубына 200 миллиардтан астам теңге берілген. Марат Бәшімов клубтардың бюджеттерін және ойыншылардың жалақысының мөлшерін шектеу туралы Президенттің тапсырмасы орындалмай қалғанына назар аудартты.

Спортқа бағытталған миллиардтарды сыртқа жылыстатып әкетудің түрлі жүйелі схемалары қолданылады екен. Оның ішінде:

  • тыйым салынғанына қарамастан, шетелден өнімсіз ойыншыларды сатып алу (оларға жоғары жалақы белгіленеді, бірақ оның бір бөлігі ғана спортшыға төленеді),
  • әлдебір делдал фирмаларға агенттік төлемдер аудару,
  • оқу-жаттығу жиындарын шетелде өткізу (спортшылар шынында ондай жиындарға тіпті шақырылмайды, бәрі құжат жүзінде ғана ұйымдастырылады),
  • әлдебір ойыншыларға, бапкерлерге, менеджерлерге, басқасына шектен тыс көп өтемақылық төлемдер ("парашют") төлеу,
  • ақысыз трансфер және басқасы бар.

Мәжіліс депутаты 2023 жылы тіпті тіркелмеген спорт түрлері бойынша жүлделі орындар үшін кейбір спортшылар мен бапкерлеріне 17,3 миллиард теңге сыйақы төленгенін мысалға келтірді.

Сонымен, жоғары жетістіктер спортының дамуына жүйелі кедергі мынадай:

  • спортқа берілген қаражаттардың тиімді жұмсалмауы және жолай талан-тараж етілуі,
  • спорт саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нашарлығы, спорт ұйымдарында спортшы даярлау бағдарламаларының жоқтығы,
  • бұл істің бейберекет жүргізілуі, олимпиадалық спорт түрлері бойынша білікті бапкерлердің тапшылығы,
  • елде қанша спортшы мен жаттықтырушы барын көрсететін цифрлық есептің әлі күнге жасалмауы,
  • спорт ұйымдарының қоғамға есеп бермеуі, қаржы жұмсау деректерін құпияландыруы және басқасы.

Ranking сарапшылары бұқаралық спортта да соңғы жылдары жағдай нашарлағанын хабарлады. Спорт министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы спортпен шамамен 8,4 миллион адам айналысқан.

Олай болса, 2023 жылмен салыстырғанда әуесқой спортшылар саны бірден 750,4 мың адамға азайып кеткен.

Сарапшылар Қазақстанда 8,4 миллион адамның спортпен әуестенетініне сенбейді. Мысалы, небәрі 5 миллионнан астам халқы бар Норвегияда Бергендегі бұқаралық жарысқа 500 мыңға дейін адам жиналады. Ослодағы BMW Oslo Marathon-ға 23 мыңнан аса, Birkebeinerrennet шаңғы жарысына 20 мыңдай әуесқой спортшы қатысады.

Қазақстанда ірі марафондарға орта есеппен 6-10 мың, спартакиадаларға 100 шақты әуесқой ғана қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу