Сарапшылар алаяқтардың арбауына түспеудің жолын атады

Жыл басынан бері қаржы пирамидаларының әрекетінен 19 мың адам зардап шекті.

Сарапшылар алаяқтардың арбауына түспеудің жолын атады

Ресми деректерге сүйенсек, 2019 жылы елімізде 24 қаржы пирамидасы болса, 2020 жылы олардың саны 180-ге жеті. Былтыр 200-ден аса күмәнді ұйым тіркеліп, олардың әрекеттерінен 31 мың адам зардап шекті. Келтірілген шығын көлемі 54 млрд теңгеден асады. 

Биылғы жылы табысын еселейміз деген соқыр сенімге үміт артқандар саны азайған жоқ. Тергеу органдары 19 мың адамның арызы негізінде 330 қылмыстық іс тіркеді. Полицияға арыздана келген жәбірленушілер саны әлі де азаяр емес. Салымшы боламын деп опық жемеудің жолы қандай? Inbusiness.kz тілшісі мұны сарапшылардан сұрады. 

Қаржы пирамидасын анықтаудың 3 жолы

Сарапшысы Андрей Чеботарёв ақшаңызды сеніп тапсыруға тұрарлық ұйымды анықтаудың үш жолын атады.  

"Оның біріншісі – компанияның лицензиясын тексеру. Инвестордың қаражат тартуына, бағалы қағаздармен жұмыс істеуіне лицензиясы болуы керек. Сонымен қатар аталған құжат бар дегеннің өзінде, оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің веб-сайтынан қайта тексеруді ұмытпаңыз. Өйткені алаяқтар құжаттың жалған нұсқасын қолданып, халықты алдауы мүмкін", – деді сарапшы. 

Бұл ретте Андрей Чеботарёв лицензияның болуы да компанияның нағыз инвестициялық ұйым екеніне кепілдік бермейтінін атап өтті. 

"Лицензиясы бар мекемелердің де теріс әрекетке барған жағдайлары да болған, бірақ лицензияның болуы қылмыскерлерге тап болу қаупін айтарлықтай төмендетеді", – деді сарапшы. 

Екіншіден маман сенімді инвестициялық компания табыс табуға кепілдік бермейтінін айтады.

"Қор нарығында табыс табуға кепілдік берілмейді, ондай ешқашан болған емес және болуы да мүмкін емес. Егер сізге валютада жоғары кірістілік уәде етілсе – бұл күмәнді ұйым. Өйткені Баффеттің өзі индекстердің өсуінен бірнеше пайыз ғана пайда табады. Ал дәл қазір нарық құлдырап, көпшілігі шығынға ұшырауда", – деп түсіндірді маман. 

Сонымен қатар сарапшы шетелдік карталарға, қолма-қол ақша түрінде немесе криптоға ақша аудару туралы ұсыныстар айтатындардан аулақ болуға шақырды.   

"Егер инвестициялық компания қолма-қол ақша әкелуді сұраса, оны басқа біреудің атына, басқа біреудің картасына немесе жай ғана криптовалютаға салыңыз деген ұсыныс айтса – бұл алаяқтар. Лицензиясы бар инвестициялық компания сіздің атыңызға қосалқы шот ашады және сіз соған ақша саласыз", – деді Чеботарев.

Күмәнді ұйымдардың арнайы тізімі бар

2020 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқ ұйымдарды, пирамидаларды анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша тиімді шараларды әзірлеуге бағытталған орган құрды. Оның құрамында агенттіктің, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілдері бар. 

Сонымен қатар реттеуші жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдардың тізімін жасап, үнемі жаңартып отырады. (ttps://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/318075?lang=kk)

Қазіргі уақытта бұл тізімге қызметі лицензияланбаған, күмәнді 154 субъект кіреді.

"Тізім жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылы негізінде қалыптастырылды. Осыған байланысты, агенттіктің тізімінде көрсетілген ұйымдармен қаржылық операциялар жасауда салынған қаражатты жоғалту тәуекелдері жоғары", – деп хабарлады агенттік.

Инвестициялауды қалай бастаған дұрыс?

"Jusan Invest" ірі клиенттермен жұмыс департаментінің вице-президенті Әйгерім Молдабекова алаяқ ұйымдар мен қор нарығындағы сенімді компанияларды шатастырмау керек деп есептейді. Осы орайда ол инвестиция саласына алғаш қадам басқандарға бірнеше кеңес айтты. 

"Кебір адамдар брокерлерге несие алып, кейін бағалы қағаз сатып аламын деп келеді. Біз оларға қарызға ақша алып, инвестиция жасауға болмайтынын ескертеміз. Мұндай адамдарға адамгершілік танытып, жағдайды дұрыстап түсіндіру керек. Бірінші кезекте адамның өзінің қажеттіліктеріне жеткілікті ақшасы болуы шарт. Сондықтан инвестиция жасаудың алдында бюджетіңізді есептеңіз, жұмыссыз қалу сынды тәуекелдерді де ескеріңіз. Тек содан соң қалған "бос" ақшаны инвестициялауға болады", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол сенімді инвестициялық ұйымның мақсаты салымшының жағдайын нашарлату емес, жақсарту екенін атап өтті. 

"АҚШ-та әр екінші, Скандинав елдерінде әр үшінші адам инвестиция жасайды. Бірақ оның алдында әр инвестор жоспар құрып, стратегия жасауы керек. Қаржыны басқарудың сиқырлы формуласы жоқ, сол себепті қаржылай сауатты болуды үйрену қажет", – деп қорытындылады маман. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу