Сирек кадрлар: Кемел Тоқаев пен қазақ қаламгерлері Қызылордада

421

1983 жылдың көктемінде Қызылорда облысы ауқымды мәдени оқиғаның орталығына айналды – мұнда Қазақ кеңестік әдебиетінің күндері өткізілді. 

Сирек кадрлар: Кемел Тоқаев пен қазақ қаламгерлері Қызылордада Фото: Kazinform

Бұл тарихи сәт тек газет беттерінде ғана емес, сирек кездесетін фотосуреттерде де сақталып қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақ әдебиетінің үздік өкілдерімен жүздесуді асыға күткен Сыр өңірінің жұртшылығы жазушылар делегациясын ерекше ықыласпен қарсы алды.

Аталған фотолар облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газетінің 1983 жылғы 27 және 28 мамыр күнгі сандарында жарияланған.

Бірінші сурет жазушылар делегациясының Қызылордаға ұшып келген сәтін бейнелейді. Аэродромда оларды гүл шоқтарымен, дәстүрлі нан-тұз және ұлттық музыкамен қарсы алған.

Бұл әсерлі сәт туралы журналист О. Жаппарханов былай деп жазады: "1983 жылдың 27 мамыры, сағат 16:40-та Сырдың көгінде күміс ұшақ көрінді. Қазақ кеңестік әдебиетінің күндеріне келген қаламгерлерді қарсы алу үшін аэродромға жиналған халық қол соғып, қошемет көрсетті. Айналада "Қош келдіңіздер, сөз зергерлері!" деген жылы лебіздер естіліп, гүлдің жұпар иісі ауада таралып, көңілді әуенмен әрленіп тұрды".

Әдебиет күндеріне қатысқан қаламгерлердің қатарында КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы, көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев бастаған делегация мүшелері болды.

Сондай-ақ, ақындар Әбділдә Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, С. Сейітов, А. Жәмишев, С. Жиенбаев, Л. Кривощеков, Р. Кунакова, А. Бақтыгереева, А. Шамкенов және прозашылар Тахауи Ахтанов, Дүкенбай Досжанов, Кемел Тоқаев, Н. Сералиев сынды қаламгерлер келді. Сонымен қатар, академик Мұхамеджан Қаратаев пен белгілі әдебиет сыншысы Рахманқұл Бердібаев та осы шараға қатысты.

Екінші суретте Қазақ әдебиеті күндерінің ресми ашылу салтанатына қатысқан қаламгерлер бейнеленген.

Бұл фотоларда Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жазушы, редактор әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – Кемел Тоқаевтың бейнесі де көрініс тапқан. Ол замандас қаламгерлері мен қоғам қайраткерлерінің ортасында тұрған сәті тарихи құндылыққа ие.

Кемел Тоқаев – шытырман оқиғалы және детектив жанрында қалам тербеген, қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан қаламгер. Оның алғашқы жинағы "Жұлдызды жорық" 1954 жылы жарық көрген. Кейіннен "Солдат соғысқа кетті", "Ерекше тапсырма", "Соңғы соққы", "Түнгі ату", "Сарбағанда болған іс" секілді романдары мен повестері тек Қазақстанда ғана емес, шетел оқырмандарына да танымал болды.

Ол І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ екі мәрте "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Соғыстан кейін түрлі республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарып, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болды.

Бұл фотосуреттер – жай ғана тарихи кадр емес, тұтас бір дәуірдің айғағы. Олар әдебиет қоғам өмірінің мәнді әрі ықпалды бөлігі болған кезеңді көз алдыңа әкеледі. Ол заманда кітап оқуға деген қызығушылық халықтың рухани өмірінің өзегіне айналған еді.

Айта кетейік, жуырда ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында Кемел Тоқаевтың 1984 жылы Маңғыстауда түскен сирек суреттерін де жариялаған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу