Су тегінге сатылған резиденция: ендігі "тағдыры" не болмақ?

Осыдан бес жыл бұрын сатылған резиденцияға қатысты мәселе жабылар емес.

Су тегінге сатылған резиденция: ендігі "тағдыры" не болмақ? Фото: Ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында қызмет көрсету бағасы аспанмен таласқан "Jasybai resort" демалыс үйі бар. Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл куорттық аймақтың тарихы қазіргі билік тарапынан күмән тудырған-ды. Алайда көп ұзамай бұл күдіктері сейілгенге ұқсайды. Неге? Inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.

Резиденция демалыс аймағына қалай айналды?

Әңгімемізді әріден бастасақ. Бүгінгі қымбат курорттық аймақ тарихы сонау 1999 жылдан бастау алады. Сол уақытта Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағындағы демалыс орны "Жанбақы-Арнасы" деп аталатын. Иесі "Майқайыңалтын" АҚ осыдан 24 жыл бұрын оны облыс әкімдігінің меншігіне беріп, содан ғимарат жоғары лауазымды тұлғалар тұрақтайтын резиденцияға айналды. Оны күтіп-ұстау Павлодар мұнай-химия зауытына жүктелді. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, 2017 жылы кәсіпорын резиденцияға шамамен 68 млн теңге бөлген.

Ал 2018 жылы облысқа Болат Бақауов жетекшілік еткен тұста коммуналдық меншіктегі мекемені сатып алу құқығымен бір жылға сенімді басқаруға қатысты шешім шығарылып, бірден мемлекеттік конкурс жарияланды. Соның негізінде 145 млн 537 мың теңге ұсынған "Асфальтбетон" ЖШС резиденцияны өз иелегіне алды. Араға бір жыл салып, нысанды біржола өз меншігіне алды. Бірақ бұл жолы бағасы сәл өсті. Қаржы басқармасы мен жеке кәсіпорын арасында жасалған шартта 161,6 млн теңгеге сатылды деп көрсетілді. Сөйтіп, 20 жылға жуық уақыт бойы мемлекеттің иелігінде болған элиталық ғимарат су тегінге жекенің қолына өтті. "Гәптің" бәрі де осыдан басталды.

Олай деуіміздің себебі бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, сол уақытта жалпы аумағы 627 шаршы метр болатын демалыс үйі 328,7 млн теңгеге, 573 шаршы метрлік тағы бір туристерге арналған ғимарат 301,6 млн теңгеге бағаланған болатын. Ал аумағы 1599 шаршы метрді құрайтын резиденция бар-жоғы 161,6 млн теңгеге сатылды. Яғни, аумағы анағұрлым кең, жағдайы да жақсы демалыс орны басқа үйлерге қарағанда арзанға шықты.

Сатып алушы кәсіпорынға, оның иелеріне тікелей қатысы болмаса да, ел арасында резиденциядан элиталық курорттық аймаққа айналған демалыс орны "Бақауовтыкы" деп аталып жүр. Бүгінде мұнда екі адамға арналған бөлмені бір күнге жалға алу бағасы 30 мың теңге тұрады. Үш адамға лайықталған бөлме 40-50 мың теңге тұрады. Алты адамдық киіз үйде демалуды қалайтындар үшін баға – 40 мың теңге. Вилланы жалға алсаңыз, бір күні 80 мың теңге болады. Бағасы қымбат болғанымен, оған сұраныс бар. Мәселен, биыл маусым айының соңына дейін бөлмелерге бронь жасалып қойған. Кейбір жұмыс күндері ғана бір-екі орын бос.

Былтыр Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Сқақов журналистерге берген жауабында бұл демалыс орнында мүлдем болмағанын айтқан еді.

"Резиденция 2018 жылы мемлекеттік реестр порталы арқылы сатып алу құқығымен 161 млн теңгеге сенімді басқаруға берілді. Мен бұл нысанда болған емеспін, сондықтан бағаның қаншалықты сай келетінін айта алмаймын. Аукцион мен қызметке келген соң болған жоқ. Меніңше, нысанның сатылуы қаншалықты негізді болғанын құзырлы орган бағалауы керек", - деп қысқа қайырған-ды Әбілқайыр Сқақов.

Қайтарылмайтын болды ма?

Құзырлы органдар араға бес жыл салып іске араласты. Табиғатты қорғау прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесі жердің кәсіпкерге заңсыз сатылғанын анықтады. Сондай-ақ, кезінде бағасы әдейі арзан боп көрсетілсе керек. Түптеп келгенде, шамамен 1 млрд теңге тұратын резиденция алты есе арзанған бағаланды.

"Шенеуніктер нысанды сату кезінде бұрыс ақпарат берген. Мүлік толығымен және әділ түрде бағаланған жоқ. Соның салдарынан демалыс аймағындағы ғимарат арзанға сатылды. Демалыс орнының тұрғын емес үй-жайларын есептен шығару барысында жер учаскесінің бағалауы жүргізілген жоқ", - деп мәлімдеді таяуда табиғатты қорғау прокуроры Ерлан Салханов.  

Прокуратураның осындай байламын негізге алған облыстық қаржы басқармасы кезінде су тегінге кеткен резиденцияны қайтару жөнінде сотқа арыз түсірді. Зәулім ғимарат миллиард теңгеге жуық инвестиция салып үлгерген кәсіпорынның иелегінде қалары не коммуналдық меншікке қайта берілуі сотта қаралуы тиіс-тін.

Бірақ күні кеше арыз беруші тарап сотқа оны қарастырмау туралы өтініш бергені белгілі болды. Бүгін мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот процессті кейінге шегерді. Мұндай әрекеттер резиденцияның мемлекетке кері қайтарылмайтынын аңғартса керек. Оған қоса, әңгімемізге арқау болған "Jasybai resort" демалыс үйінде туристік маусым қызу жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу