Субсидия қарызына шаруалардың өздері кінәлі ме

Өткен жылы шығысқазақстандық шаруаларға 6,2 млрд теңге субсидия төленбей қалған. 

Субсидия қарызына шаруалардың өздері кінәлі ме

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан экономикасында айтарлықтай өсім көрсеткен үш саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Облыстың жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн теңге болса, соның 506,7 млрд теңгесін аграрлық сала берген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір аймақтар арасында төртінші орында. Салаға тартылған инвестиция көлемі де өскен, 23 млрд теңге. Өсім көрсеткіші – 34 пайыз. Ауыр еңбекпен өңір экономикасына еселеп үлес қосқан шаруалар сол жақсылықтарының қайтарымын көрмей отыр. Әсіресе, мал шаруашылығын қолдауға бағытталған субсидия қарапайым шаруаларға тиген жоқ. Мұны басқарма басшысы жергілікті шаруалардың шектен тыс белсенділігінен көреді.

"Облыстағы ауылшаруашылық тауар өндірушілердің іскерлік белсенділігі 2018 жылы мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялар бойынша 6,2 млрд теңге берешекке әкеліп соқты. Ол 2019 жылға арналған қаражат есебінен төленбек. Биылғы жылға субсидиялау үшін жалпы қосымша қажеттілік өткен жылғы берешекті қоса есептегенде 10,0 млрд теңгені құрайды. Аталған мәселені пысықтау үшін 2019 жылғы ақпанның бірінші онкүндігінде ҚР ауыл шаруашылығы министрлігіне бару көзделіп отыр", – деді әкімдік мәжілісінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев.

Жер мен малдан нәпақасын айырған ағайын үшін өткен жылдың бұдан да бөлек әттегенайлары баршылық екен.

Малдың басын көбейту үшін 2018 жылы сырттан 10 мың бас сиыр әкелінуі керек болған. Оның орнына 3,2 мың бас қана жеткізілген. Бесқарағай, Бородулиха, Катонқарағай аудандары бірде-бір мал сатып алмаған.

Облыс бойынша 9500 басқа арналған бес бордақылау алаңы салынуға тиіс еді. Оның орнына 6000 бас үшін үш алаң ғана салынған. Жалпы өңірдегі мал бордақылау алаңдарына бір жылдың ішінде 34800 бас ірі қара қойылу керек еді. Нақты нәтиже 25 мың бас қана. Әйтсе де, бұл жөнінен облысымыз 75 пайыздық көрсеткішпен республика бойынша көш бастап тұр. Аягөз, Жарма, Көкпекті, Күршім, Үржар, Шемонаиха аудандары мен Семей қаласы сылбырлық танытпағанда бұл межені 100 пайыз орындауға да болар еді.

Агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша биыл облыс 1000 тонна сиыр етін эскпорттауға тиіс болды. Оның орнына 272 тонна ет сатылған. Халықаралық эпизотикалық бюроның Шығыс Қазақстан облысын аусылға бейім өңір деп тануы Ресейге ет сатуға кедергі келтірсе керек. Бір қызығы, бұл шектеуге Өзбекстан аса көңіл бөлмеген сыңайлы. Сыртқа сатылған сиыр етінің барлығын алашапанды ағайындар алған.

Тауарлы сүт фермаларын салу жоспары да жүз пайыз орындалмапты. 1250 орындық сегіз ферманың орнына 950 орындық алты нысан ғана бой көтерген. Өткен жылы бұрынғылардың үстіне 15 сүт қабылдау бекетін қою жоспарланған болатын. Нақты нәтиже – 13 бекет. Қатонқарағай және Күршім аудандары мойынға алған міндеттерін орта жолда қалдырды.

"2018 жылы халықтан 113 мың тонна сүт алынған. Осылайша жоспар 100 пайызға орындалды. Өңірдегі сүт өңдеуші зауыттар шикізатпен 75 пайыз қамтылып отыр. Суармалы жерлерді игеру бойынша проблемалар бар. Күршім, Тарбағатай, Үржар, Көкпекті, Жарма аудандары иесіз жатқан каналдар мен тоғандарды "Қазсушар" мекемесінің балансына өткізу процесін кешіктіріп жатыр", – деді Асқар Жақыпбаев.

Облыс басшысы сала өкілдеріне ветеринарлық қауіпсіздікті нығайтуды тапсырды.

"2015 жылы сүт зауыттарының шикізатпен қамтылуы 29 пайыз ғана болатын. Үш жылдың ішінде 75 пайызға жетіп отыр. Сүт қабылдау жүйесінің орныққанын көрген "Восток-молоко", "Эмиль" сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтқан. Міне, осындай нақты нәтижелер қажет. Ендігі жерде халықтың қолындағы малдың саны мен тапсырылған сүттің теңгеріміне талдау жасау керек. Яғни сүт зауыттары басымдықты шаруа қожалықтарына емес, қарапайым тұрғындарға беруге тиіс. Сүт қабылдайтын бекеттер солар үшін қойылып жатыр", – деді Даниал Ахметов

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу