banner

Судан тарыққан бүтін бір ауыл жойылғалы тұр

2139

Абай облысына қарасты Жарма ауданы Үшбиік ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр. Мәселе талай жылдан бері шешімін таппағандықтан ел көше бастаған.   

Судан тарыққан бүтін бір ауыл жойылғалы тұр

Тұрғындар редакциямызға хабарласып, көмек сұрады. Ауызсу әсіресе маусым мен шілде айларында тартылып қалатын көрінеді. 

"2004 жылы елдімекендегі су құбырына "Ақбұлақ" бағдарламасы арқылы жөндеу жүргізілгенімен, одан еш пайда болмады. Әсіресе соңғы үш-төрт жылда қуаңшылық болып, судың деңгейі төмендеп кетті. Ұңғыма суды 70-80 метрден сорады. Судың деңгейі төмен болған соң таусылып қалады. Содан сыздықтап ағады",  дейді ауыл тұрғыны Мерғали Қабай.

Ауыл халқы суға жарымай отырғанда, айналасындағы шаруашылықтарды да осы ауылға қосып тастаған. Себебі олардың су құбырлары істен шыққан. 

"Басқа шаруашылықтардың жеке су құбыры болатын. Олардың бәрі күйреген соң, алды да бізге қоса салды. Әр жаққа жеке тартыңдар, судың мөлшері жетпейді дедік. Оған қараған жоқ. Ақшаны үнемдемекші болды. Екі жерге мұнара қою керек. Айтқанды тыңдамай тарта салды", – дейді ауыл тұрғыны Орал Ақшабаев.

Тұрғындар ауылдағы ескі су сорғыны ауыстырып, жаңасын орнатуды талап етіп отыр. 

Үшбиіктіктердің айтуынша, аудан әкімі төрт рет ауысыпты. Төртеуі де мәселені шешкеннің орнына, құр уәдемен "қарық қылып" келе жатқан көрінеді. Биліктен биыл қайыр болмайтынын сезген жұрт мәселені өздері көтере бастаған. 

Айта кетейік, аталған ауылда электр желісі де ескірген. Жарты ғасырдан асса да әлі жөндеу көрмепті. 2015 жылы жаңа трансфарматор орнатылғанымен, 10 күн өтпей жанып кеткен. Салдарынан тұрғындар жауын-шашынды күндері жарықсыз қалатындықтарын айтты. 

"Ауылымызда жарық жиі өшеді. Ана трансфарматор жанып кеткеннен кейін басқа ауылдан ескісін құрып берді. Оған найзағайға қарсы құрылғы қойды. Күн күркіресе, құс қонса, қатты дауыл болса, өшіп қалады. Тоқ бір жанып, бір өшкеннен кейін тұрмыстық техникаларымыз да жанып жарамсыз болып қалды. Әкімдіктен осы мәселедерімізді жуық арада шешіп беруін талап етеміз", – дейді ауыл тұрғыны Төлеубек Ахметжанов.

Ал аудан әкімдігі мәселенің қашан шешілетініне нақты жауап бере алмай отыр. "Жұмыс жүргізіледі деп сеніп отырмыз" деген әкімнің орынбасары ауылдағы су құбырын жаңғырту үшін 2022 жылдың басында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне өтінім берілгенін айтады. 

"Жобалық сметалық құжатқа 15 миллиондай ақша керек. Жаңарту жұмыстарына 260 млн теңгедей қаражат керек болып отыр. Облыстың екіге бөлінгеніне байланысты құжаттарды Абай облысының әкімдігіне тапсырамыз. 2023-2025 жылдары жұмыс жүргізіледі деп сеніп отырмыз. Біздің аудандық электронды құжат басқармасы тамыз айында жөндеу жүргізді. Енді оқыс жағдайлар қайталанбайды деп сенеміз", – дейді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Ернар Бексұлтанов.

Тұрғындар екі ауылдың арасын бөліп тұрған көпірдің де апатты жағдайда екенін айтуда. Сөздеріне сүйенсек, әкімдік былтыр "қатырмақшы" болыпты. 

"Көпір 70 жыл бұрын салынған. Ауылды екіге бөліп жатқан "Ашысу" өзеніне салынған. Ұзындығы 20 метрден асады. Екі ауылдың арасын жалғап тұрған жол осы. Шөп, көмір әкелетін көліктер де осынан өтеді. Қазір көпірден өтуден қорқамыз. Қай күні опырылып түсерін кім білсін. Әбден тозығы жетті. Асты теміз, үсті ағаш. Тұрғындар өздері бір рет жөндеген. Қайта шіріп кетті. Көктемде су тасығанда қауіпті. Егер көпір жоқ болса, өте алмай қаламыз. Көпірден ауылға жеткенше жолы өте нашар. Көктемде көлікті қойып, жаяу адам әрез жүреді, аяқ киімің шешіліп қалады батпақтан", – дейді ауыл тұрғыны Мирас Серікболұлы. 

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, Үшбиік ауылында 1 254 тұрғын, 280 түтін бар. Тұрғындардың ендігі үміті жаңадан құрылған Абай облысының әкімінде. 

Таунар Қайратұлы 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу