Талапкерлердің 75,3 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады – Министр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4886

20-30 маусым аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді.

Талапкерлердің 75,3 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады – Министр

Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Яғни  тапсыратын пәндер, сұрақтар, ұпай саны, уақыты бұрынғы форматта қалып отыр. Биылғы ҰБТ 20-30 маусым аралығында өтеді.

"ҰБТ-ға  қатысу үшін 117 242 адам өтініш берді. Оның 96 мыңнан астамы биылғы мектеп түлектері. Осы жылғы мектеп бітірушілердің 72 пайызы ҰБТ-ға қатысады. Ал 20 мыңнан астамы биылғы және өткен жылдардағы колледж бен шетелдік білім беру ұйымдарының бітірушілері", – деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырсында.

Өтініш берген 117 242 адамның 88 277-сі немесе 75,3 пайызы сынақты қазақ тілінде, 28 784-і немесе 24,6 пайызы – орыс тілінде, 181-і немесе 0,1 пайызы ағылшын тілінде тапсырады.

"Осы жылы талапкерлерге көмек ретінде бірқатар жеңілдіктер енгізілгенін атап өткім келеді. Біріншіден, биылдан бастап ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Бұл – оқушыларға психологиялық қысымды төмендетуге және маусым айында өтетін ҰБТ-ға дайындалуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, бұрын бітірушілер тестілеуді тек маусым айынан бастап  тапсырса, биыл түлектер қаңтар айында, наурыз айында ҰБТ тапсырды. Сондықтан осы жолғы тестілеуге оқушылар жақсы психологиялық дайындықпен келіп отыр", – деді Асхат Аймағамбетов.

Қаңтардағы тестілеуге 35 мыңға жуық, ал наурызда 80 мыңдай оқушы қатысқан. Аталған екі ҰБТ-да жалпы мектеп бітірушілердің 78 пайызы қамтылды. Олардың 70 пайызы қазірдің өзінде ақылы негізде оқуға түсе алады. Енді оқушылардың грантқа түсем дегендері алдағы тестілеуге қатысып, өз білімдерін сынауға мүмкіндіктері бар.

"Екіншіден, колледж түлектеріне де жеңілдіктер жасалды. Олар бітірген мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсем десе, ҰБТ-дан босатылып, тек емтихан тапсырады.

Үшіншіден, IELTS халықаралық сертификаты бар түлектер "Шет тілі" пәні бойынша тестілеуден босатылады. Оларға пән бойынша максималды балл (40 балл) автоматты түрде беріледі. ҰБТ-ға қатысушылардың арасында мұндай балалардың саны – 708", – деді Асхат Аймағамбетов.

Төртіншіден, әр бітірушіге ҰБТ сертификатымен бірге арнайы ақпараттық парақ беріледі. Онда мамандықтар тізімі, оған сәйкес бөлінген грант саны, сондай-ақ өткен жылғы грант конкурсының нәтижелері, яғни өту балы көрсетіледі. Бұл талапкерлерге болашақ мамандығын дұрыс және жинаған ұпай деңгейіне сәйкес таңдауға мүмкіндік береді.

"Бесіншіден, ағымдағы жылы гранттар білім бағдарламаларының топтары бойынша беріледі. Грантқа құжат тапсырғанда, талапкер білім бағдарламаларының тобы  бойынша өтініш береді, ал грант жеңіп алғаннан кейін оқу орнын және сол топтың ішіндегі нақты бағдарламаны тандайды. Мысалы, "Ақпараттық технологиялар" тобының ішінде "Информатика", "Ақпараттық жүйелер", "Биг дейта" және тағы басқа нақты білім беру бағдарламасын таңдай алады. Бұл – өте ыңғайлы", – дейді министр.

Осы орайда еліміздің "бас мұғалімі" әкімдерді ҰБТ нәтижесі бойынша облыстардың, қалалардың, мектептердің рейтингін жасамауға шақырды.

Еске сала кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 жыл бойы өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін оған 1 млн 800 мыңға жуық адам қатысқан.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу