Талдықорғандықтар Нұр-Сұлтаннан "қол үзуі" мүмкін

5218

Жұртшылық авиабилеттердің күрт қымбаттағанына наразы.

Талдықорғандықтар Нұр-Сұлтаннан "қол үзуі" мүмкін

Үкімет ұзақ жылдар бойы өз қалаларымыз арасындағы әуе тасымалын бюджеттен субсидиялап келді. Бұл біріншіден, қарапайым тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың бір түрі болатын.

Екіншіден, ол – елдің бүтіндігін сақтаудың бір жолы екені мәлім. Республиканың шалғай өңірлері орталықпен үнемі аралас-құралас болғаны, қол үзбегені, бұл үшін жедел әуе қатынасы қарапайым халыққа да қолжетімді болғаны маңызды. Әйтпесе, шекаралас облыстарымыздың астанамен емес, көрші мемлекеттердің өңірлерімен байланысы мықтырақ екені жасырын емес.

Мысалы, Түркия өз азаматтары үшін ішкі рейстерге әдетте 200-300 түрік лирасы (7-10,5 мың теңге) көлемінде арзан тарифтер бекіткен. Көбіне жергілікті тұрғындар түрлі жеңілдіктерді де пайдалана алады. Осының арқасында түріктердің күні пойызға таңылмаған, аз табыс табатындарының өзі ұшақпен елдің әр қаласына еркін сапарлай береді.

Ал халқы әлдеқайда кедей Қазақстанда 7 мың теңгеге билет табу қиын. Бұған қоса, пандемия кезеңінде ел Үкіметі бірқатар қаламен арадағы әуе қатынасын субсидиялауды тоқтатыпты. Бұл авиабилеттер құнының қымбаттауына соқтырған.

Осыған орай Алматы облысының тұрғындары Үкіметке шағымдануда. Жергілікті белсенді Ләззат Тоқмағамбетованың айтуынша, "Талдықорған–Нұр-Сұлтан–Талдықорған" бағытында жалғыз мемлекеттік "Qazaq Air" ғана ұшады.

"Оның билеттерінің құны жоғары болып тұр. 2021 жылдың екінші жартыжылдығында бұл бағытты мемлекет қайта субсидиялай бастаған еді. Сонда билет құны шамамен 19 мың теңге болды. Алайда 2022 жыл басталғалы, билет бағасы қайта көтерілді. Содан наурыз айынан бері ол 28 630 теңге тұрады. Сонымен бірге балалар билеті ересек жолаушыға арналған билеттің 50%-ын емес, 80%-ға дейінгісін құрайды. Сондай-ақ балалар билеті 12 жасқа дейін ғана беріледі. Бұл – ішкі емес, халықаралық рейстердің талабы ғой", – дейді шағым иесі.

Айта кететін жайт, бұл тарифтерге шабадан-багаж ақысы кірмейді, оған жеке төлеу талап етіледі. Тек шағын қол сөмкесін тегін алып жүруге рұқсат. Алайда өңірлерден астанаға қатынайтын ағайын құр қол келмейтіні мәлім. Өзімен бірге сәлем-сауқат әкеліп, елордадан қажеттісін алып кетеді.

Сондықтан қол жүгінің қосымша шығыстарына билеттің қымбаттауы қосылып, қазақстандықтардың қалтасын қағып тұр.

Жетісулықтар осы бағытта сапарлайтын ұшақтар тіпті пандемия кезінде де, қазір де үнемі аузы-мұрнынан шыға толатынын айтады. Демек сұраныс мол. Ендеше Үкіметтің бұл бағытқа өзге авиакомпанияларды неге жібермейтініне таң.

"Мысалы, Air Astana Алматыға ұдайы қатынайды. Біріншіден, ертерек алса, ересек жолаушыға да 12 мың теңге тұратын билетті табуға болады. Екіншіден, балалар билеті ересек билетінің жартысын ғана құрайды. Үшіншіден, балалар билеті 15 жасқа дейін беріледі. Төртіншіден, билет құнына 8 келіге дейін тартатын қол сөмкесін ғана емес, 23 келіге дейінгі салмақтағы багажды алып жүру де кіреді. Жалпы өзге барлық облыс орталықтарына ұшатын лоукостерлерді неге Үкімет аққұла Талдықорғанға жібермейді?", – деп жазады шағымында талдықорғандықтар. 

Олар жауапты меморганнан мемлекет қолдап отырған авиакомпанияның бағаларын ретке келтіруді сұрайды.

Билік не дейді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті сұранысы жоғары бағыттарға өзге авиакомпанияларды, әсіресе лоукостерлерді шенеуніктер жібермей отыр деген тұспалдың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.

"Қазақстанда ішкі авиатасымалдаулар нарығында 2012 жылдан бері рейстер мен бағыттар саны бойынша шектеулер жойылды. Яғни бұл нарық толық ырықсыздандырылды. Олай болса, ішкі тұрақты коммерциялық әуе тасымалдауларын орындауға рұқсаты бар кез келген қазақстандық авиакомпания өзіне қолайлы кез келген уақытта және кез келген ішкі маршрутта тұрақты рейстерді орындауға құқылы", – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Оның түсіндіруінше, жолаушыларды, багажды, жүктерді, пошталарды тасымалдау шарттары мен тарифтерін әр әуе тасымалдаушы өзі бекітеді. Тиісінше, тегін алып жүретін қол жүгі мен багаждың салмағын, габариттерін, нормаларын тасымалдаушы өз бетінше белгілейді. Оған мемлекет араласа алмайды екен.

Дегенмен кейбір мәселелерді мемлекет "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидалары" аясында реттейді. Мәселен, оның 28-бөліміне сәйкес, ішкi тасымалдарда авиакомпаниялар жолаушыларға жеке орынды алмай, 2 жасқа толмаған сәбиді ақысыз тасымалдауға рұқсат етуі шарт. Ішкi рейстерде жолаушымен бiрге ұшатын 2-ден 15 жасқа дейiнгi басқа балалар толық тарифтiң 50 пайызы төленген билеттер бойынша және жеке орын беру арқылы тасымалданады.

"Qazaq Air" АҚ-ы берген ақпаратқа жүгінсек, оларда "Жеңіл" арнайы тарифтік топтамасы бар, ол бойынша келісімнің шартына сәйкес, кәмелетке толмаған жолаушыларға жеңілдік беру қарастырылмаған. Арнайы тарифпен билет алған жолаушы осы шартпен келіседі.

Ал егер жолаушы билетті "Оңтайлы" немесе "Жайлы" атты стандартты тарифтермен сатып алса, онда балалар билетінің құнына 50% жеңілдік ұсынылады.

"Негізі, Қазақстанда әуе көлігіндегі бағалар мемлекет тарапынан реттелмейді. Өйткені мемреттеу азаматтық авиация нарығының дамуына кедергі келтіреді. Әйткенмен қазіргі кезде біздің комитет "Нұр-Сұлтан–Талдықорған" авиамаршрутін субсидиялауды қайта жандандыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мақсатта Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Алда биылғы жыл бюджеті нақтыланады. Сонда тиісті қаражат бөлінсе, аталған авиамаршрут субсидияланған форматта іске қосылады", – деп хабарлады Салтанат Томпиева.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу