Тұтыну несиесі тығырыққа тірейді

20649

Екінші деңгейлі банктерге кейбір шағын компаниялар 1,5 млрд теңге қарыз.

Тұтыну несиесі тығырыққа тірейді

Fitch Ratings сарапшысы Марина Стефаний бізге берген сұхбатында жеке секторды қаржыландыру мәселесінде құбылмалы фактор басымдыққа ие болатынын айтты.

"Бұл фактор долларға деген тәуелділіктен мүлдем арыла алмаймыз дегенді білдірмейді. Теңге бағамының төмендеуіне ішкі фактор ғана емес, сыртқы жағдайлар да әсер етіп отыр", – деді Марина Стефаний Fitch Ratings компаниясы өткізген халықаралық жиында.

Басқосу барысында сарапшылар еліміздің несие нарығы жайлы сөз қозғады. "Несие нарығындағы соңғы жаңалық – пайыздық мөлшерлеме төмендеді. Нарық заңы бойынша енді экономиканың тынысы ашылуға тиіс. Алайда бізде керісінше, банк несиені төмен пайызбен бергенде экономикаға қысым жасалады", – деді Halyk Financ  өкілі Мұрат Темірханов.

Белгілі болғандай, 2015 жылдан бастап ішкі нарықта капиталы аз, қарызы көп шағын және орта бизнес өкілдерінің қатары көбейген. 2018 жылы олардың тең жартысы банкротқа ұшыраған. Бұл үдеріс биыл да жалғасып жатыр. Осы орайда  нарықтағы бәсекеге қабілетсіз компанияларды банктер кімдердің кепілдемесімен қаржыландырып отыр деген сұрақ туады.

Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және тәуекел департаментінің директоры Сәбит Хакімжанов штаттық кестесі 4-5 адамнан ғана тұратын кейбір компаниялардың банк алдындағы қарызы 1,5 млрд теңгеден асатынын айтты. Олардың көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында орналасқан екен.

"2015 жылдан бастап мұндай компаниялардың саны қысқара бастады. Біз олардың акционерлері өздерін қаржыландырған банктердің акционерлеріне де қатысы болуы және олар мұндай компанияларды құтқару жастықшалары ретінде құруы да әбден мүмкін деген байламға келдік", – деді Сәбит Хакімжанов. 

Халықаралық жиынның макроэкономикалық жағдайды талқылаған келесі сессиясы Азия және Еуропалық даму банкі өкілдерінің қатысуымен өтті. Олардың сөзінен ұққанымыз, Қазақстанда экономиканы әртараптандыру баяу  дамып жатыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Ханс Хольцхакер қазақстандықтарға мұнайдың елесінен айығып, шындықтың бетіне тіке қарауды үйренетін кез келген жеткізді. Себебі елге келіп жатқан инвестицияның 40%-ы – шикізат секторына бағытталады екен. ІЖӨ-нің 4%-ы ғана ауыл шаруашылығы немесе қайта өңдеу секторының үлесіне тиеді. Оның сөзінше, мұнай экономикадағы басты рөлінен әлі айырылмаған. Алдағы уақытта да бір нәрсенің өзгере қоюы екіталай.

Қаржыгер Мұрат Темірханов Қазақстанда бюджеттің шығыс және кіріс бөлігінде айқындылық аз екеніне тоқталды.

"Ұлттық қордың және квазикомпаниялардың шығынын бюджетте көрсету керек. Олардың кірісі мен шығысы бүгінге дейін бюджет есебінен тыс қалып келеді. Мұнай бағасының шырайы кетіп тұрған заманда қоғамға Ұлттық банк және квазисектор тарапынан ашықтық қажет", – деді Мұрат Темірханов.

Жиынның түстен кейінгі пленарлық сессиясы төмендеген пайыздық мөлшерлеменің банк депозиттеріне әсері тақырыбына арналды. Модератор  Александр Данилов Ресейдегі қаржы саясатындағы жылымық банк депозиттерінің пайыздық өсіміне оң әсер еткенін тілге тиек етті.

Оның пайымдауынша, пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі бізде де банк депозиттерінің пайызына әсер етуі тиіс еді. Бірақ іс жүзінде басқаша болды.  Тек соңғы 1, 5 жылда біздің банктердегі теңге депозиттері 1,5%-ға дейін төмендеп кеткен.

Шетел валютаcындағы депозит салымдары пайызының төмен болуы – қаржының шетелдік банктерге қарай жылыстауына себеп болады  

Бұл пікірді тәуелсіз сарапшы емес, Ұлттық банк өкілі Мұрат Көшенов айтты. Оның ойынша, теңге және шетел валютасы формасындағы депозит  пайызының төмендеуі біз күтпеген проблемаларды тудыруы әбден мүмкін. Себебі Қазақстанда шетел банктеріне депозит салуға мүмкіндігі бар компаниялар жетерлік.

Жарыссөзде сөз алған сарапшылар тұтыну несиесінің күш алып бара жатқаны жақсылықтың нышаны емес екеніне назар аударды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, халықтың несиеге деген сұранысы оның табыс деңгейінен асып кетуі қоғамға үлкен қауіп төндіреді.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу