Үкімет сарбаздарды тоя тамақтандырудың жолын іздеуде

1915

Бұл проблемаға Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті назар аудартты.

Үкімет сарбаздарды тоя тамақтандырудың жолын іздеуде Фото: aqorda.kz

Оның мәліметінше, қазіргі кезде жалпы әскери азық-түлік үлестерінің (әскери паек) құнын арттыру қажеттілігі күн тәртібінде күйіп тұр. Өйткені үйінде жақсы тамақ ішіп үйренген жігіттер әскерде берілетін тамақ порциясына тоймайды, азырқанады екен.

Ал, әрбір әскери бөлімді тамақтандыру тендерін ұтып алған компаниялар қалпымен шығынға отырмау үшін әрбір жауынгерге бекітілген көлем мен құннан асыра алмайды. Содан солдаттар туған-туысына хат жазып, азық-түлік сатып алу үшін ақша сұратады.

Жалпы, осы күрмеулі проблеманың түйінін тарқату үшін 2016 жылы бірден 4 күш құрылымы ведомстволары басшыларының бірлескен бұйрығымен әскерилердің азық-түлік үлестерінің құнын есептеу әдістемесі бекітілген болатын.

Осыдан кейін 2022 жылы "паектың" құны 1 713 теңгеден 2 250 теңгеге дейін көтерілді. Бүгінде осы тариф сақталып тұр. 

Бұған дейінгі шақырылымдардағы депутаттық корпустар бұл мәселені талай рет көтерді. Оған жауап ретінде уәкілетті органдар әскери үлестің құнын өзектілендіруге және оны есептеу әдістемесін жетілдіруге уәде етті. Алайда жағдай әлі күнге өзгеретін емес.

"Жаңа әдістеме сол бойы жоқ, ал, қолданыстағы әдістемені пайдаланбай тастады. Өйткені қолда бар қазіргі әдістеме бойынша "паектың" құны қолданыстағы тарифтен 40% жоғары болуға және шамамен 3 150 теңгені құрауға тиіс. Мұндай тапшылықпен сарбаздар мен сардарларды қалай сапалы тамақтандыруға болады?!" – дейді Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.

Оның айтуынша, әскерилеріміз күн сайын еттен бастап, көкөніс пен жеміске дейінгі азық-түліктің 48 түрін жеуге тиіс. Дегенмен, қазіргі қаржылық шектеулер салдарынан өнім жеткізушілер қатты үнемдеуге және азық-түлікті арзанқол баламаларымен алмастыруға мәжбүр көрінеді.

Мысалы, мәжілісменнің мәліметінше, табиғи сүттен жасалған ірімшік орнына "ірімшік өнімі" беріледі. Оның құрамында сүт майын алмастыратын пальма, кокос және басқа майлар болуы, ал, ақуыз массасы өсімдіктік баламаларынан, соя ақуызынан тұруы мүмкін. Мұндай ірімшіктің денсаулыққа пайдасыздығы сыртында, ол адам бойына сіңімді емес әрі қоректік заты шамалы.   

Депутаттардың айтуынша, сол сияқты сүт – сүті бар өніммен, сары май – спредпен ауыстырылады. Мұндай "компромистер" мен үнемдеулер солдаттың денсаулығын құртуы мүмкін.

"Біз бұл проблеманың тау басынан құлаған жентек қардай барған сайын ұлғайғанын байқап отырмыз. 2024 жылы тексеріс нәтижесінде 30 тоннадан астам азық-түлік жеткізушілеріне кері қайтарылған. Өнім берушілер тарапынан келісімшарттық міндеттемелерін бұзу бірден 46%-ға өсіп шыға келді. Олардың "халтураға" бармасына амалы жоқ. Өкінішке қарай, бұл қайғылы салдарларға соқтырады. Тек 2024 жылдың тамызынан 2025 жылғы қаңтар аралығында әскердегілердің жаппай улануының 3 ірі фактісі тіркелді. Соның кесірінен, Теміртауда – 39, Сарыөзек гарнизонында – 20, Шымкент гарнизонында – 40 жауынгер уланып қалды", – деді депутат Құспан.

Өз кезегінде кәсіпкерлер де, Қорғаныс министрлігі де дабыл қағып, Үкіметке "паектың" құнын арттыру туралы ұсыныстармен шықты.

Алайда Үкіметтің қаржы мен бюджетке жауапты қанаты міз бағар емес. Депутаттардың айтуынша, имидждік сипаттағы және практикалық маңызы төмен бастамалар мен жобалардан бас тартпаған Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері әскерилердің денсаулығынан үнем қылып отырған жайы бар.

Құзырлы меморгандардың мәліметінше, әскери азық-түлік үлесінің құнын тиісті көтеру үшін сонша көп қаржы да қажет емес: жылына қосымша 10,2 миллиард теңге бөлсе жетіп жатыр.

Бұл – кейбір министрліктердің немесе ұлттық компанияның бір айлық шығынына ғана тең екен. Бәлкім, бұл қажеттілікті өтеу үшін біраз министрлік пен квазимемлекеттік компанияны қысқартып, оңтайландыруға болар еді.

Мәжілістің Үкіметке хатында айтылғандай, бұл мәселе алда қайта-қайта көтеріле бермеуі үшін "паек" құнын инфляция мен баға өсіміне қарай тұрақты түзетіп отыруға мүмкіндік беретін арнайы механизм талап етіледі.

Бұған қоса, депутаттардың байламынша, әскердегілерді тамақтандыру шығыстарын көтеріп қана қоймай, ол қаржы жолай армиядағы бірқатар ірілі-ұсақты жемқорлардың қалтасында тұнып қалмауын, оның әрбір теңгесі солдаттың тәрелкесіне тамақ болып жетуін қатаң бақылау және кепілдендіру керек.

Мәжіліс мұны қамтамасыз ету үшін қоғамдық бақылауды да орнатып, оған ардагерлік ұйымдар мен сарбаздар аналарының кеңес-комитеттерін тартуды ұсынды.

Үкімет не дейді?

Премьер-министр Олжас Бектенов жалпы әскери үлес құнын арттыру мәселесі 2024 жылғы қарашада және 2025 жылғы мамырда қаралғанын жеткізді.

Үкімет басшысы әскерилерді тамақтандыру Қорғаныс министрлігі Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп әзірлеген азық-түлік үлестерінің және тамақтану рациондарының нормаларына сәйкес ұйымдастырылатынына назар аудартты.

"Азық-түлік үлесінің құнын арттыру және оны есептеу әдістемесін жетілдіру мәселесін Қорғаныс министрлігі жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы пысықтап жатыр. Оның құрамына Қаржы, Ішкі істер, Төтенше жағдай министрліктерінің, ҰҚК, "Атамекен" палатасының өкілдері кірді. Топ жұмысының аясында "паектің" жаңа құны 2023-2024 жылдардың статистикалық деректері негізінде есептеліп жатыр. Бұған қоса, әскерді өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге көшіру жолы да қарастырылуда", – деді Олжас Бектенов.

Бұл бір жағынан құлаққа оғаш естілуі мүмкін. Шынында, армияның өз бетінше азық-түлікпен қамтамасыз етуі – кеңес кезінде қолданылған тәжірибе. Ол заманда Қарулы күштердің төл ауыл шаруашылығы кәсіпорындары болды. Олар ет, картоп, басқа да көкөніс пен азық-түлік өнімдерін өндіріп, армия мен флоттың жеке құрамын жабдықтайтын.

Бұдан бөлек, әскери совхоздардың иелігінде табын-табын ірі қара мал, қора-қора қой мен ешкі болатын. Олардың кейбірі тауық, балық және қоян өсіретін.

Тәуелсіздік жылдарында бертінге дейін көптеген гарнизонда қосалқы шаруашылық болды, онда мінуге арналған, жүк тасуға арналған және жегетін жылқылар, малдың өзге түрлері ұсталды.

Қазақстан сол тәжірибеге қайта орала ма, жоқ па, оны арнайы жұмыс тобы шешеді.

Сондай-ақ, жұмыс тобы әскери "паектың" құнын инфляцияға сай түзетіп отыруға мүмкіндік беретін тетікті анықтау мәселесін пысықтап жатыр.

Бұған қоса, "тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылауға қоғамдық ұйымдарды тарту мәселесін" қарастыруда.

"Жаңа тәсілдемелерді енгізу мемлекеттегі экономикалық ахуалдың дамуына да байланысты болады. Сонымен қатар, республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай жүзеге асырылады. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында", – деп мәлім етті Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу