Ұлттық компаниялар жекенің қолына көшетін болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4247

Президент тек табиғи монополияны және стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыру міндетін ғана мемлекетте қалдыруды ұсынды.

Ұлттық компаниялар жекенің қолына көшетін болды

Елдің санасында ұлттық компанияда жоғары лауазымды тұлғаның, биліктегі бай-бағланның балалары, жастар тілімен айтқанда, "мажорлар" жұмыс істейді деген сенім қалыптасқан.

Болашақта бұл жағдай жойылып, тарихтың еншісінде ғана қалуы мүмкін. Өйткені үкімет бірте-бірте ұлттық компаниялардағы үлесін азайтып, орнын босатуы, оның орнын жаңа трансұлттық корпорациялар басуы ықтимал. Ал жекеменшік корпорацияда кадр таңдауда "блат" емес, біліктілік басты орынға қойылатыны мәлім. Бизнестің заңы – осы!

Айта кетейік, үкіметтің 31 қаңтардағы отырысында Мемлекет басшысының сол күні жарияланған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жиын барысында елбасының жолдауында белгіленген басымдықтар мен міндеттерді өз орынбасарлары мен министрлер арасында бөліп берді.

Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз мәслихатын өткізген ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекет меншігіндегі "майшелпек" ұлттық компаниялардағы акциялар пакеті де жекешелендірілетінін жариялады.

Тағы бір белгілі болғаны, бұдан бұрын "2020 жылға дейін жекешелендірілетін" 800-ге жуық мемлекеттік кәсіпорынның тізімі жасалған болатын. Енді біріншіден, бұл тізімдегі жекеге берілетін мемлекет меншігіндегі нысандардың қатары тағы жүзге артатын болыпты, екіншіден, сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіру тездетіліп, бұл науқан екі жыл ерте, 2018 жылдың соңына дейін аяқталатын болды.

Сонымен жолдауға сәйкес "мемлекеттің экономикадағы үлесі ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін азайтылады"! Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш қырық пайыздан жоғары көрінеді. Төмендегі кестеге үңілсеңіз, өзге елдермен салыстырғанда үкімет істеуі тиіс жұмыстың көп екенін түсінесіз.

Дамушы елдердің экономикасындағы мемлекеттік кәсіпорындар үлесі

(дереккөз: Aldo Musacchio, Sergio G. Lazzarini. Liviathan in Business: Varieties of State Capitalism and their Implications for Economic Performance. Boston, Massachusetts)

Мұның сыртында елбасы үкіметке ірі ұлттық компанияларды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдетуді жүктеді.

Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекетке экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді. Келесі кезеңде осы қағидаларға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорын мен ұйым 2020 жылға дейін не жеке секторға беріледі не жойылады. Ал ондай кәсіпорын саны бірнеше мыңға жетеді екен.

Жолдау бойынша мемлекет биыл қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерін қалдыратынын нақты анықтайды. Барлық дерлік ірі ұлттық компанияны басқаратын "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқару және өндірістік бизнес үдерістеріне толық ревизия жүргізіліп, оңтайландырылады. Нәтижесінде бұл қор тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуы тиіс. "Самұрық-Қазына" сыртында, "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтері де қайта құрылымдалады.

Президент тек "табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның ішінде трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін ғана мемлекетте қалдыруды" ұсынды. Қалғандарының барлығы бизнес ортаға тапсырылуы қажет.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік меншікті жаппай жекешелендірудің мемлекетке үлкен тиімділік, зор пайда келетінін айтады.

"Біріншіден, қаржы тиімділігі. Мемлекеттің қандай да бір меншігі сатылса, одан бюджетке табыс түседі. Бұған қоса, біз әрі қарай сол мемлекеттік нысанды ұстап тұруға жұмсалып келген бюджеттік шығындарды үнемдейміз. Бұл – бәріне түсінікті фискалды пайда. Екінші тиімділік – жеке кәсіпкерлердің бастамалары үшін экономикалық кеңістік босайды. Мемлекеттік АҚ, ЖШС, РМК-лар барлық қызмет саласын басып алған, ал олардың орнында жеке бизнес жұмыс істей алар еді. Бірақ мемлекет қолдайтын және қаржыландыратын мемлекеттік кәсіпорындар бизнестің өз бастамаларын жүзеге асыруына қажетті өрісті тарылтады. Ендеше бұл тиімділік аса маңызды әрі кең ауқымды болмақ. Өйткені мемлекет бизнеспен бәсекелесуден кетеді!", – дейді ұлттық экономика министрі.

Ол жекешелендірудің де кең ауқымды болатынын нықтады.

"ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақстан теміржолы" және басқа да стратегиялық кәсіпорындардың да бақылау пакеті болмағанымен, ауқымды акциялар пакеті саудаға шығарылады. Олар ІРО арқылы қор нарығында сатылады. Алайда осыдан мемлекетке қанша табыс түсетінін қазір есептеу өте қиын. Себебі бұл ірі ұлттық компаниялардың акциялар пакеті 2018-2020 жылдары сатылмақ. Ал ол кезде нарықтың жағдайы қандай болады, бұл кәсіпорындардың инвестициялық ұсыныстары қаншалықты күшті болады – осы және өзге де мәселелер тартылатын қаржының мөлшеріне ықпал етеді", – дейді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, биржада емес, тікелей саудаға шығарылатын мемлекеттік кәсіпорындардың және жергілікті коммуналдық шаруашылықтардың әу бастағы тізіміне 783 нысан кірген екен. Биыл түгендеу жұмысы жүргізілген соң, бұл топ қосымша жүзден аса нысанға толығады деп күтіліп отыр.

"Өткен жылы ұлттық заңнамаға өзгеріс енгізілді және мемлекеттік меншікті сату рәсімі жеңілдетілді. Яғни ол қазір үш деңгейден тұрады. Біріншісіне қатысты егер жекешелендірілетін мемлекеттік нысанға әділетті нарық бағасы мен үлкен сұраныс болса, аукцион басталады да, баға арта береді, ақыры кім ең көп бағаны ұсынса, нысан соның қолына көшеді. Егер жағдай басқаша болса, нысан біз күткендегідей инвесторлар арасында танымал әрі тартымды болмай шықса, екінші әдіс іске қосылады: бағаны төмендету ойыны жүреді, бірақ баға үкімет жалдаған бағалаушылар сол нысан үшін белгілеген "нарықтық құнының" елу пайызынан төмен бола алмайды. Ал үшінші әдіс бойынша баға әйтеуір біреу сатып алғанға дейін арзандатыла береді", – дейді Тимур Сүлейменов. Мұндай жағдайда мемлекеттік кәсіпорын не нысан 1 долларға да сатылып кетуі ғажап емес.

Дегенмен салық, жалақы, халықаралық заем және басқалары бойынша қарызы, немесе басқа компаниялар алдындағы берешегі көп болса, ондай кәсіпорынды инвесторлар тіпті бір теңгеге де сатып алып, сау басына "сақина" тілегісі келмейтін кездер болады. Қазір үкімет жекешелендіріп жатқан нысандар қатарында осы үш деңгейден де өткен, бірақ әлі сатылмаған нысандар бар деседі. Бұл жағдайда кәсіпорынның тағдыры не болмақ?

"Ешкімді қызықтырмайтын мемлекеттік кәсіпорындар сирек. Бірақ бар. Жолдауға сәйкес, үкіметке қажет емес, пайда әкелмейтін бірқатар мемлекеттік нысан қайта құрылымдаудан өтіп, жойылады. Олардың мүлік кешені сақталады, бірақ өздері заңды тұлға ретінде жоғалады. Бұл кәсіперге дәл сол салада өз бастамасын жүзеге асырып, төл кәсіпорнын ашуына жағдай жасайды", – дейді министр.

Ол жекешелендіру бағдарламасы орындалып отырған екі жылда мемлекет меншігіндегі 150-ге жуық нысан бәсекелестік ортаға берілгенін хабарлады. Қалғанының барлығы 2018 жылдың соңына дейін жекешелендірілуі тиіс.

Рас, мемлекет экономикадағы үлесін азайтпауы керек деп санап, бұл идеяға іштей болса да қарсы адамдар биліктің өзінде де жетерлік. Дегенмен шетелдік жетекші экономистер мен ғалымдар елбасы жолдауындағы осы ұстанымның дұрыстығын айтады.

"Мемлекеттік бизнес – биліктегілердің "әмиянына", ал билікке жақындардың жемсауына айналып кеткен компаниялардан тұратын аморфты конгломерат. Шынын айту керек, тұтастай алғанда, мемлекеттік бизнесті пайдалы немесе зиян деп кесіп айту қиын. Бір белгілісі, қалыпты бизнес-компаниялар үшін негізгі міндет саналатын "құрылтайшыларға мейлінше мол табыс түсіру және клиенттерге барынша жағымды болу" – мемлекеттік кәсіпорындарда жиырмасыншы орындарда тұрады деуге болады. Олар үшін бастысы, менің ойымша, "agency cost", бақылау жасау және басқарушыларының жеке мүдделері. Егер жеке компания тым шығынды болса, ол дәрменсіздікке ұшырап, жабылып тынады. Ал мемлекеттік кәсіпорын ше? Ол шығынмен де ұзақ өмір сүре береді. Ал егер шығыны апатты ауқымға жетсе, оны бюджеттен қаржы алып, жабуға болады. Қазақстанда басқаша шығар, ал Ресейде осылай", – дейді ресейлік жетекші экономист, Мәскеудегі Карнеги орталығының экономикалық бағдарламасының басшысы Андрей Мовчан.

Қазақстанда да басты құрылтайшысына – үкіметке ешқандай дивиденд төлемейтін, қайта әр жылды тек шығынмен жабатын ұлттық компания мен мемлекеттік кәсіпорын жетерлік. Мұны есеп комитеті жыл сайын анықтап, парламентке тапсыратын есебінде көрсетеді.

Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы парламент есеп комитетінің "2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін" бекітті (2016 жылғы бюджет жөніндегі мұндай есеп мәжіліске биыл жыл ортасына қарай енгізіледі).

ABCTV порталы осы маңызды құжатқа талдау жасай келе, біраз қызық жайға қанықты.

"2015 жылы мемлекеттік АҚ, ЖШС-лардан түскен дивиденд және қатысу үлесінен кіріс 5,5 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте 2014 жылы таза табыстың 2,7 млрд теңгеге немесе 2013 жылмен салыстырғанда 24,3%-ға қысқаруына байланысты, АҚ және ЖШС-лардан түскен дивиденд пен кірістің абсолютті шамадағы сомасы 2015 жылы 81 млн теңгеге немесе 1,5%-ға кеміді. 2015 жылы РМК-лардың (РГП) таза түсімі 4,8 млрд теңге болды, бұл жоспардағы көрсеткіштің 100,7%-ы", – дейді Есеп комитеті.

Көріп отырсыз, бюджет есебінен қоректеніп отырған кәсіпорынның бәрі жиылып, бюджетке аударатын қаржысы ауыз толтырып айтатындай емес. Сол 5 млрд-тай қаржыны БЖЗҚ-ның жалғыз өзі талан-тараж еткен жоқ па!

Есеп комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2011 жылы квазимемлекеттік сектордан түскен дивиденд бюджет кірісінің небәрі 0,3 пайызын ғана құраған. Рас, "дивиденд саясатын қатаңдатудың арқасында 2015 жылы республикалық бюджетке түсетін дивиденд түсімінің үлесі 2,2 есе артқан" екен. Бірақ соның өзінде оның мардымсыздығы байқалады.

"Сонымен бірге аудиторлық тексеру нәтижесінде анықталғанындай, таза табыстың бір бөлігін төлегеннен кейін де квазимемлекеттік сектор субъектілерінің иелігінде қосақты қаражат қалады және ол екінші деңгейлі банктің депозитіне орналастырылады. Заң талаптарын бұза отырып, 19 ЖШС таза табысының бір бөлігін бюджетке аудару туралы шешім қабылдамаған. Сондай-ақ есеп комитетінің квазимемлекеттік сектордың таза табыстан төлемді және дивидендті уақтылы аудармағаны үшін өсімді есептеу тәртібін анықтау туралы үкіметке ұсынысы орындалмай қалды", – деп қынжылыс білдіреді есеп комитеті.

Мұның барлығы жылдан-жылға қайталанып келе жатқан жағдай, "созылмалы дерт". Одан үкіметті бір жазса, тек елбасы жолдауы аясында жүретін түбегейлі реформа ғана жазбақ.

Мемлекет басшысы өз жолдауында бизнеске ізгілік әкелетін басқа да міндеттер қойып отыр. Мысалы "бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту" үшін бір стратегиялық мақсат өмірге жолдама алуы қажет екенін баса айтты. Яғни үкімет "елдің жалпы ішкі өніміндегі (ЖІӨ) шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз етуге" міндетті.

"Жолдауға сәйкес, әзірленіп жатқан жаңа "Стратегия-2025"-ке сәйкес, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 50 пайызға дейін жеткізілуі тиіс. Бұл оңайға соқпасы анық. Өйткені өзге салалардың, дәлірек айтқанда, мұнай-газ және өндіруші секторлардың да ЖІӨ-дегі үлесі артып отыр. Осының нәтижесінде ауқымы кіші бизнес дамығанымен, ауқымы әлгілердей үлкен болмағандықтан, әрине, үлесі кері шегінетіні мәлім. Бұл міндетті "өте ғаламат, өр" деп атайтынымыз да сондықтан. Демек біз бұл саламен айрықша белсенді айналысуға тиіс боламыз", – дейді Тимур Сүлейменов.

Министр елбасының "мемлекеттің экономикаға араласуын азайтуды", "бизнесті қатаң реттеуді тоқтатуды" қадап тапсырғанын еске салды: "Ал бұдан ең көп дивиденд алып, ұпайын түгендейтін де шағын және орта бизнес болады. Себебі ірі бизнес онсыз да үкіметпен серіктесіп, қоян-қолтық жұмыс істей береді. Оның үстіне ірі компания өз штатында реттеуші тетіктер мен нормалар арасында оңай бұлтақтауға көмектесетін заңгерлік, салықтық және басқа да кеңесшілердің тұтас тобын ұстай алады", – дейді Тимур Сүлейменов.

Ендеше кәсіпкерлерді мемлекеттік реттеу құрсауы босаңсыса, бұдан төменгі және орта буындағы бизнес орта тек ұтады. "Біз бизнесті реттеуді түбегейлі азайту жөніндегі жүйелі шаралардың нақты жиынтығын әзірлеп, биылғы 1 шілдеге дейін үкімет қарауына енгізуге тиіспіз. Қазір біз осы жұмыспен қызу айналысып жатырмыз", – дейді министр.

Ол жолдауды жүзеге асыру аясында бизнес жүргізу шығындары да күрт азайтылатынын мәлімдеді. Бұл екі жолмен жүзеге асырылмақ.

"Біріншіден, бизнестің көп шығыны шектен тыс мемлекеттік реттеумен байланысты. Соның кесірінен бүгінде кәсіпкерлер үздіксіз әрі үдемелі бизнес жүргізудің орнына, өздерінің уақыт, адам және қаржы ресурстарын ұдайы мемлекетпен қарым-қатынасқа, қаптаған есеп пен статистикалық формаларды толтырып, дайындап, тапсыруға, саналуан салада білікті кеңесшілерді іздеп, тартуға бұрып отыруға мәжбүр болады. Бұл енді өзгеруге, мемлекеттік қатаң реттеу босаңсуға тиіс", – дейді ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, бизнес жүргізу шығынын қысқартудың екінші жолы – табиғи монополияға қатысты. Қазір мемлекет табиғи монополияның тарифтерін бекіту тәжірибесінен бас тартып отыр. Бұған дейін су, жарық, жылу алпауыттары өздері көрсететін қызметтің құнын көтеру жайлы монополияға қарсы органға өтінім енгізетін, ол орган өтінімнің қаншалықты негізді екенін зерделей келе, не қанша пайызға көтеруге болатынын көрсететін, не тариф көтеруге рұқсат беруден бас тартатын. Енді бәрі өзгереді: монополиске өз тарифін өзі көтеріп отыруға рұқсат етіледі. Ал "антимонополист" тек заңнама бұзылғанын аңғарса ғана аңыраған тұтынушыға араша түсе алады.

Әрине, бұдан кейін монополистің тарифтері бассыз кетіп, шығынның қымбаттауы мүмкін. Бұл сөзсіз, Қазақстанда бизнес жүргізу шығынының артуына әкелетін еді. Сондықтан үкімет осы алған бағытына бірталай өзгеріс енгізетін түрі бар.

"Табиғи монополия тарифтері отандық өнімнің өзіндік құнының үлкен бөлігін құрайды. Бұл салада біз табиғи монополия туралы жаңа заң аясында жұмысты жаңаша түзбекпіз. Біздің ұлттық экономика министрлігі бұл заңның жобасын биыл мамыр айына дейін үкіметке енгізуге міндеттелді. Ол жобаға біраз жаңалық енеді. Бизнестің шығынын азайту жөніндегі ауқымды әлеует осы заң арқылы жүзеге асырылады деген үміттеміз", – дейді Тимур Сүлейменов.

Кәсіпкер азаматтар да осыдан үмітті. Яғни билік пен бизнестің ойы бір арнадан табылып отыр. Бәлкім, мемлекет пен отандық кәсіпкерлік бір-бірімен бәсекелеспей, бақталаспай, үйлесімді дамитын заман туып келе жатқан болар?

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу