Үнемге беттеу – шығынды шектеу

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4483

Экономистер есеп комитетінің өкілеттілігін  күшейту қажет деп санайды.

Үнемге беттеу – шығынды шектеу

Қазына қаржысын үнемдеу ел билігінің басты трендіне айналып отыр. 2018 жылы бюджет кірісі - 8 трлн 578 млрд 3 млн теңгені құрайды.  Бұл биылғымен салыстырғанда 1 трлн 050 млрдқа  кем көрсеткіш. Бұған мұнайдан түсетін 1 трлн  900 млрд теңгенің қысқаруы себеп болып отыр.

Экономист  Константин Смирновтың айтуынша,  алдағы жылдардағы экономикалық өсім туралы болжам көңіл көншітпейді.

"2000 жылдардан бері жыл сайынғы бюджет тапшылығы  600-700 млрд  теңгенің айналасында болатын.  Мұнайдан түскен табыс қалыпты болып тұрған кезде бұл қаржы министрлердің сөзімен айтқанда "плюс-минустің" арасында  жүрді. Сондықтан орны ойсыраған жоқ" , – деді Константин Смирнов.

Оның сөзінше, біз шикізат тәуелділігінен құтылмағандықтан ел экономикасын әртараптандыра алмадық. 2015-2016 жылдардан бастап бюджет тапшылығы  мұнайдан  түсетін табыспен емес, бұрыннан жинақталған қаржы есебінен толықтырылып келген. Мұнайдан түскен табыс қоры түгелісілген соң, үкімет пен Ұлттық банк ұлттық қорға ауыз салған.

Экономистің дерегінше, экономикадағы өндірістің үлесі 2016 жылғы 32%-дан 25,5%-ға кеміген. Әлемдік тәжірибеде мұндай жағдайда шығын өндіріс көлемін ұлғайту арқылы толықтырылады екен.

"Бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз бюджет тапшылығын үнемдеу арқылы ғана толтыра  аламыз.  Үкіметтің қолға алған реформалары алдағы онжылдықта экономиканың өсіміне әсер ете алмайды. Қымбат теңге уақытша құбылыс" , – деді Константин Смирнов.

Экономист тапшылықтың орнын қалай толтырамыз деген сауалдың жауабы белгілі екенін айтты.

"Қаржы министрлігі қажетті сомаға мемлекеттік облигация жасап, оны жаппай сатылымға шығару туралы шешім қабылдады. Тек қана қаржы министрлігі емес, жалпы  экономикалық  блоктың пайымдауынша, сырттан қарыз алмай бюджет тапшылығын жоюдың жалғыз жолы осы ғана. Бірақ облигациялардың  инфляцияны тежей алатын әлеуетінің қандай деңгейде болатынын ешкім білмейді. Себебі облигацияларды долларға сатсақ, ол теңге бағамына, теңгемен бекітілетін бюджетке  әсер етеді. Қаржы министрінің айтып отырғаны әзірге болжам ғана.    Үкімет бұл жолы да: "Біздің міндетіміз уәде беріп, халықтың көңілін сабасына түсіру. Арғы жағын уақыттың өзі реттейді", – деген ұстанымнан әрі аспай тұр",  – деді Константин Смирнов.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына" қарасты ұлттық компаниялар 2010 жылға дейін  сатылып бітуі тиіс деген әңгіме 2014 жылдан бастап айтылды. Уәде бойынша "Самұрық-Қазынаға" қарасты компаниялардың басым бөлігі 2018-2020 жылдар арасында сатылуы тиіс еді.

Константин Смирнов  үкіметтің экономикалық блогы  бюджет тапшылығын ішкі мүмкіндіктер арқылы реттегісі келсе үш жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жекешелендірудің қорытындысын шығарып, таңдауды халықтың өзіне қалдыру қажет екенін айтады.

"Мемлекеттік облигациялар осыған дейін болған. Сол себепті оның қолдауға  ие болатынына күмәнмен қараймын. Жекешелендірудің екінші толқынында сатылатын ұлттық компаниялардың ең мықтыларын 2018-2020 жылдарға қалдырып отыр", – дейді Константин Смирнов.

Экономистің айтуынша, мемлекеттік шығындарды қысқарту дағдарыс жағдайында қабылданатын шешім. Үкімет шекті шығындар жайлы шешім қабылдаған кезде  елдің әлеуметтік наразылығын тудыруға себеп болатын тетіктерге көз сүзбей, жекелеген министрліктердің немесе квазисектордың сыртқы пиары немесе форумдары, сонымен қатар шетелге жасайтын іс-сапарлар шығынын барынша шектеген дұрыс.

"2018-2020  жылдарға арналған бюджетте әлеуметтік секторға бөлінген қаржы қысқарып қалған. Есесіне сыртқы қарыздарды төлеуге 116 млрд теңге қарастырылған. Қорғаныс саласына бөлінген қаржы  өткен жылдармен салыстырғанда көп. Қаржы көзін үнемдеуді әлеуметтік секторға бөлінген қаржыдан бастасақ,  әлеуметтік-экономикалық саясатқа кері әсер етеді. Бұл  әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтың наразылығын тудырады", – деді Константин Смирнов.

Экономист Жангелді Шымшықов үкімет облигацияларды өткізуге шындап кіріссе, ойлаған мақсатына жететінін, ЭКСПО билетін сатудағы тәжірибе бұл жолы да қолданылуы мүмкін екенін айтады.

"2014-2015 жылдар арасындағы  IPO бағдарламасы  кезінде сатылымға шыққан компаниялардың акциясын қанша адам сатып алды, акционерлер акцияларынан пайда көріп отыр ма деген сұраққа нақты жауап берілген жоқ. Облигацияларды халыққа сату тәжірибесі 1960 жылдарға дейін қолданыста болды. Бірақ оның құнын КСРО жүйесі де сақтай алмады. Құр қағаз болып, сандық түбінде қалды. Біз өткеннің тәжірибесіне орала алмаймыз.  Сондықтан  бұл жолы облигациялар  халыққа емес, коммерциялық банктерге сатылуы керек.  Халыққа немесе ШОБ-қа мәжбүрлеп сатқаннан, банктерге сатқан әлдеқайда тиімді. Облигацияның өтімділігін қалай арттыру керектігін банктер жақсы біледі. Осы күнге дейін үкіметтің асырауында болып келген банктердің жұмыс істейтін кезі енді келді",  – деді  экономист.

Қаржыгер Әнуар Үшбаевтың сөзінше,  дәл қазіргі кезде бізге реформатор үкімет қажет. 

"Билікке технократтар келуі тиіс. Министрлер өздерін шенеунік емес, дағдарыс менеджері сезіну тиіс. Осылай болғанда ғана ұлттық экономиканың тасы өрге өрлейді", – деді ол.

Қаржыгер  Бейсенбек Зиябеков  еліміздегі шынайы бюджеттік қажеттілік ресми саннан екі есе жоғары болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Қаржыгердің айтуынша, ұлттық қордан бөлінген трансферттерді бюджет табысы деп қарауға болмайды, өйткені ол бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаражат көзі ғана.

"Қазына қаржысын үнемдеу арқылы мемлекеттің ақшасын тиімді пайдалануға болады. Бізде дамудың салалық және территориялық аспектілерін үйлестірумен айналысатын орталық жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы стратегиялық жоспарлау агенттігін қайта ашып, әлеуметтік-ээкономикалық саясат бойынша барлық шешімдерді қабылдауға ықпал ететін бас оорталыққа айналдыру туралы ұсыныс айтқан болатын.  Президент пәрменінің өөдеріне  тиісті тұстарын алға жылжытуға дағдыланып қалған кейбір топ  бұл ұұсынысты қаға берісте қалдырды.  Ал мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жөніндегі еесеп комитетінің өкілеттілігі азайып, министрлер жүре тыңдайтын құрылымға аайналды", – деді Бейсенбек Зиябеков.

Оның сөзінше, республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің  өкілеттілігін  күшейту қажет.

"Біз осылай ғана бюджет қаржысын үйлестірудің барынша автоматтандырылған және ақпараттандырылған жүйесіне қол жеткізе аламыз. Бұл "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының орындалуы  үшін де қажет, – деп қорытты ойын Бейсенбек Зиябеков.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться