"Астана" секілді төрткіл дүниеге әйгілі кәсіби клубымыз бола тұра, Азия ойындарынан алтын алмасақ, ұят емес пе?! "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының өзі қолдап отырған жоба жерге қаратпады. Үміт артқан серкеміз, яғни Алексей Луценко сенімді ақтады. Көмбеге тақағанда қарқынын үдетіп, мәре сызығын өзімен үзеңгі қағыстыра алға ентелеген жапон және тай жігіттерінен бұрынырақ қиды. Бәрін де саралап, тәжірибесі мен деңгейінің жоғары екендігін паш ете білді.
Бұл веложарыстан тас жолдағы 150 шақырымдық топ бәйге болатын. Әрине, Луценкоға осы бәйгеге қатысқан жігіттеріміз көмектесіп отырды. Көмбеге дейін оған жағдай жасауға тырысты. Бірақ соңғы метрлерде, жауапты сәтте Алексейдің өзі қайсарлық танытып, бар күшін салды. Уақыты – 3:25:25. Сөйтіп, 2014 жылдағыдай, екінші рет Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал оған көмектесіп отыру тырысқаан Евгений Гидич 40-орынға, Жандос Бижігітов 42-орынға, Даниил Фоминых 43-орынға орналасты.
Төрт көзіміз түгелдей тықыршып, сарыла тосқан саф алтыннан бөлек ел қоржынына кеше төрт қола медаль түсті. Бұлардың әрқайсысы да – шүмектетіп тер төгумен бұйырған жүлделер. Әрі тарихи маңыздысы да бар. Мәселен, Әділбек Мусиннің 50 метрге батерфляй әдісімен жүзуде Қазақстан рекордын жаңартып, қола жүлде жеңіп алуы – сөз жоқ, ерен жетістік! Азия ойындарында ел рекордын екінші рет жаңғыртып отыр. Жас талантымыз тәжірибесі толысып, әлі талай белестерді бағындырады деп үміттенеміз.
Таэквондодан 80 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ерасыл Қайырбек те үшінші орынға ие болып, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол Таиланд және Малайзия жігіттерін ұтып, жартылай финалда оңтүстіккореялық Ли Дахунға есе жіберіп алды. Жалпы, шығыс жекпе-жегінің осы түрінен еліміздің қыз-жігіттері бес жүлде (1 күміс, 4 қола) олжалады.
Академиялық ескек есуден Александра Опачанова жекелей сында үшінші орынға ие болып, қуанышқа кенелді. Ал Мария Дмитриенко стенд атудың "дубль-трап" жаттығуында 125 ұпаймен қола жүлдеге қол жеткізді. "Трап" жаттығуында жүлдеге сынық сүйем жетпей, төртінші орынмен шектелген қызымыз бұл жолы мақсатына жетті.
Теннисшілер арасындағы додалар да көмбесіне тақап қалды. Қазақстан намысын қорғап жүрген қыз-жігіттердің ішінде Александр Бублик пен Денис Евсеев жұптасып өнер көрсетуде финалға шығып қуантты. Анна Данилина мен Александр Недовесов аралас жұпта жартылай финалға өтті. Әйелдер арасындағы жұптасып өнер көрсету сынында Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова да жартылай финалға шықты.
Спорттық гимнастикадан жекелей сындағы кейбір жаттығулардың финалына іліккен спортшыларымыз да бар күш-жігерлерін салып, тырысып бақты. Атап айтқанда, Милад Карими "еркін" жаттығуда 5-орынға, ал Нариман Курбанов "ат" жаттығуында 6-орынға ие болды.
Садақ тартудан Ильфат Абдуллин жартылай финалға дейін жетіп, Оңтүстік Кореяның "құралайды көзге атқан" мергені Вусеок Лиге 1:7 есебімен есе жіберіп алды. Енді 28 тамыз күні Индонезия спортшысымен қола жүлдені сарапқа салады.
Ұжымдық ойын түрлерінен жеңістерімізден жеңілістеріміз басым бола бастады. Кеше волейболшы қыздарымыз ғана жеңіске жетті. Олар Үндістан құрамасын үш партияда тізе бүктірді (3:0). Баскетболдан ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз Қытай жігіттерінен ұтылды (66:83). Көгалдағы хоккейден әйелдер арасындағы құрамамыз Индонезия қыздарына 1:2 есебімен есе жіберіп алды.
Гандболшы қыздарымыз Оңтүстік Корея аруларынан 22:34 есебімен ойсырай ұтылып қалды. Өкінішке қарай, осы жеңілістерінен кейін "А" тобында төртінші орынға ығысты. Ұпайлары бірдей болса да, Қытай және КХДР құрамаларынан кейін орналасты. Енді тек 5-8 орындар үшін додаға түседі.
Маруан Түсіп