Валюталық ипотеканы автоматты түрде теңгеге ауыстырмақ

4924

Тұрғын үй несиелерін 2015 жылғы валюта бағамымен қайта қаржыландыру қарастырылуда.  

Валюталық ипотеканы автоматты түрде теңгеге ауыстырмақ

ҚР әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалық етуімен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Парламент депутаттары бастамашы болған "Шетел валютасындағы ипотекалық несиелер және төлем қызметі нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері жөнінде ҚР кейбір заң шығару актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасы талқыланды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Симоновтың айтуынша, бұндай заң несиені қайтару үдерісін жақсарту үшін қажет.

"Парламенттің бір топ депутаты осы заң жобасына бастамашы болды. Бұл заң жобасы валюталық ипотекалық несиелерді реттеуге және электронды төлем жүйесін жетілдіруге бағытталған. Бізде 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін шетел валютасында алынған проблемалы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы бар. Бүгінгі күнге дейін 5 мыңға жуық несие алушы несиесін қайта қаржыландыру үшін банкке келген жоқ. Сол себепті, несиені қайтару үдерісін жақсарту үшін, шетел валютасында несие берген банктер мен қаржы ұйымдарына несие алушының өтінішінсіз 2015 жылдың 18 тамызындағы валюта бағамымен қайта қаржыландыра алу мүмкіндігін беру туралы өзгеріс енгізілді. Егер несие алушы бір ай ішінде несие алған жеріне келмесе, келісімін берді дегенді білдіреді. Яғни валютамен алынған несиесі автоматты түрде теңгеге ауысады", – деп түсіндірді депутат.

Сергей Симонов төлем қызметі нарығына қандай өзгеріс енгізу көзделгенінен айтып берді.

"Электронды ақша туралы екінші блок төлем ұйымдарының жұмысын кеңейтуге бағытталған. Қолданыстағы заңнамада тек жеке тұлғалар ғана электронды ақша мен төлемдерді пайдалана алады. Сол себепті, осындай төлемдерді жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың да пайдалануына болатындай мүмкіндік қарастырудамыз. Заңды тұлғалар 1000 АЕК электронды төлем жасай алатын болады. Сондай-ақ, анықталмаған төлем жасаушыларға қойылатын талаптарды күшейтеміз. Яғни, анықталып, сәйкестендірілген төлем жасаушыларға ешқандай шектеу жоқ. Ал жасырын төлем жасаушыларға 50 АЕК-ке дейін қарастырылған. Бұл жасырын төлемдер негізінен коммуналдық қызметтер үшін төлемдер жасауға мүмкіндік береді", – деді депутат.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу