"Сусн" деген кімдер?
Мұндағы "СУСН" дегені халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобының орысшасы (қазақша ХӘОТ). Бұл қазіргі кезде, негізінен ең ауыр жағдайдағы қазақстандықтар. Оның ішінде мүгедектері де жетерлік.
"СУСН тобына жатамын. Қиын жағдайға тап болдым. Қаржылық ұйым ипотека бойынша төлем төлеуді тоқтатуыма байланысты сотқа шағым түсіріп, берешекті өтеу үшін жалғыз баспанамды сатуға қоюға қол жеткізді. Күйеуімнен ажырасқалы бері 1,5 миллион теңгедей негізгі қарыз қалған. Оған 700 мыңдай өсімпұл қосылды. Бірінші инстанциядағы сот банктің өтінішін қанағаттандырды. Бірақ апелляция соты оның үкімінің күшін жойды. Осыдан кейін банк қарызды жеке сот орындаушысына берді. ЖСО барлық шотымды бұғаттап тастады және ипотеканың бүкіл сомасын бірден өтеуді талап етуде", – дейді Гүлсім (есімі өзгертілді).
Бұған қоса, ЖСО өз қызметінің ақысы және мемлекеттік баж алымы ретінде тағы 300 мың теңгедей төлемді үстемелепті. Екі баласы бар жалғызбасты ана Гүлсім бұл тұйықтан қалай шығатынын білмейді. Қарызын өтемесе, далада қалады. Мемлекет оған банкроттық тетігін қолдануына рұқсат етпеген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдаймен таныс көрінеді. Бірақ сот шешімі шығып қойған істерге араласуға құқығы жоқтығын желеу етіп, жәрдемдесуден ат-тонын ала қашқан.
Ведомство тек заемшының "ХӘОТ-СУСН" тобына жататынын ескеріп, тараптарға өзара келісім бойынша қарызды қайта қаржыландыруға кеңес берді. Оған сәйкес, мысалы, борышкердің негізгі қарызы бойынша берешегін азайтуға, сыйақы ставкасын жылдық 3%-дан асырмай, 20 мың теңгелік ай сайынғы төлем төлеу кестесін белгілеуге және кепілдегі баспананы саудаға шығармауға болатын көрінеді.
Алайда Гүлсімнің қарызы ЖСО-ға беріліп кетті. Олар оны өндіртіп алмай тынбайды. Ол үшін баспанасын мәжбүрлі түрде саудаға қойғыза алады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков те ХӘОТ санатына жататын азаматтардың ауыр жағдайына қанық екенін жеткізді.
"Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобындағы қазақстандықтар көбіне қарыз тұзағына, қаржылық тәуелділікке түсіп қалған, құқықтық қорғауға зәру. Тек ресми мәлімет бойынша Қазақстанда ХӘОТ-қа жататын 3,2 миллионнан (!) астам адам тұрып жатыр. Арасында зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, мүмкіндігі шектеулі балаларды асыраушы отбасылар, әлеуметтік көмекке мұқтаждар бар. Олардың көпшілігі үшін жәрдемақы немесе зейнетақы – тіршіліктің жалғыз қайнары. Оның азғантайлығы сонша, сапалы өмір сүруге де жетпейді, мемлекет болса, енді соны қарызын өтеу үшін алып қоюға рұқсат етті", – дейді Ерлан Дәулетұлы.
Мәжілісмен ХӘОТ өкілдерінің жағалай бәріне берешек екеніне назар аудартты. Олар алдымен банктерден қаптатып несие алуға мәжбүр. Олар беруді қойса, ставкалары "тонауға" көбірек ұқсайтын микроқаржы ұйымдарынан микрозаем алады. Одан қалды, азды-көпті құнды дүниелерін, сондай-ақ қайырымды азаматтар сыйлаған заттарды ломбардқа салып, тағы қарыз алады екен.
"Банктер, МҚҰ-лар, ломбардтар клиенттің төлем қабілеттілігін бағаламай, қарыз бере салады. Олар мысалы, зейнеткердің күні қараған жалғыз зейнетақысын табыс көзі деп тани береді. Артынан сол азынаулақ зейнетақысынан берешекті ұстап, адамды жанбағыстан да жаман жағдайда қалдырады. Мысалы, Алматыда сот шешімімен "СейфЛомбард" пайдасына туа бітті ІІ-топ мүгедегі Жантөреден 15 миллион теңге өндірілген. Жеке сот орындаушысы кемтар жанның өмір сүруіне бір тиын қалдырмай, мүгедектік бойынша зейнетақысын 100% ұстап қалып отырған", – деді мәжілісмен Ерлан Стамбеков.
Депутат тағы бір мысал келтірді: алаяқтар зейнеткер Ирина Владимировнаны "Хоум Кредит банктен" тұтынушылық кредит алып, ақшасын өздеріне аударуға алдап көндіріпті. Банк қызметкері 72 жасар қарияның жалғыз зейнетақысын табыс көзі ретінде есепке алған.
Осылайша, мәжілісменнің байламынша, мемлекеттің қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған бүкіл күш-жігері заяға кетуде.
"Қаржы ұйымдары, ЖСО-лар, алаяқтар қоғамның ең әлсіз және осал топтары үшін жаңа "қарыз қақпандарын" қаптатып құруда. Кредиттерді адамның төлем қабілетін шынайы бағалаусыз, тіпті онлайн бере салады. Кепілзат ретінде жалғыз баспанасын қабылдайды. Азғантай зейнетақы не жәрдемақы табыс ретінде есепке алынады. Содан соң оны берешекті өтеуге алып қояды. Мемлекет осының бәріне көз жұма қарап, жол беріп қойған екен, онда ХӘОТ-қа жататын азаматтарды банкроттау рәсімін тағы жеңілдетуге, олар үшін оңайлатылған схемасын енгізуге тиісті", – деді мәжілісмен.
Төменгі палата депутаттары Үкіметтен қаржы ұйымдарын тәртіпке келтіріп, клиенттің жалғыз табыс көзі саналатын зейнетақы мен жәрдемақыны табыс ретінде ескеруіне тыйым салуды ұсынды.
Сондай-ақ зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден кез келген берешекті өндіріп алуға заң жүзінде тікелей тыйым салуды сұрады. Жалпы, заң қабылдайын десе, депутаттардың өз қолында, бұл олардың тікелей міндеті.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Асқарбек Ертаев қолданыстағы Әлеуметтік кодекстің 117, 174 және 203-баптарына сәйкес зейнетақылардан, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерден ұстап қалуға тек атқарушылық іс жүргізу, сот үкімі негізінде ғана жол берілетінін жеткізді.
"Бұл ретте "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардан, еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу – оның жалпы сомасының 25%-ынан аспауға тиіс. Ал, зейнетақыларынан ұстап қалу көлемі пенсия сомасының 50%-ынан аспауға тиіс", – деді бірінші вице-министр Ертаев.
Сонымен қатар, оның түсіндіруінше, аталған кодекстің 76, 233-баптарына сәйкес, келесілерден берешекті ұстап қалуға заңмен тыйым салынған:
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнен;
- баласы бар отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ұстап қалу жүргізілмейді.
"Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін әлеуметтік төлем алушылар мемлекеттік бюджеттен немесе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражаты есебінен төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді аудару үшін жеке банктік шот ашуға мүмкіндігі бары туралы хабардар етіледі. Міне, осындай шотта орналастырылған қаражатты үшінші тұлғалардың өндіріп алуына жол берілмейді! Бұл "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңының 58-ші бабында жазылған", – деді Ертаев.
Ол мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушыларға да мемлекеттік бюджеттен және МӘСҚ-тан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін жеке банктік шотты ашуға құқық берілгеніне назар аудартты.
"Осылайша, жоғарыда аталған шаралар мемлекеттік қолдау алатын азаматтарды ең құрығанда, табыстың ең төменгі рұқсат етілген деңгейімен қамтамасыз ету үшін қарастырылып отыр. Өйткені зейнетақылар мен жәрдемақылар әлеуметтік сипатқа ие. Олардың негізгі мақсаты – жасына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты жоғалтқан табысты ішінара толықтыру болып табылады, сондай-ақ олар аз қамтылған азаматтарды қолдауға бағытталған", – делінген Еңбекминінің бірінші вице-министрі Ертаевтың түсініктемесінде.