Жаңа тариф: тұтынушылар жылудың қымбаттауына қарсы

Оның бағасы бірнеше есеге өсетін түрі бар.

Жаңа тариф: тұтынушылар жылудың қымбаттауына қарсы Фото: Inbusiness.kz

Былтырдан бері Екібастұздағы жылу мәселесі әлі "жыр" болып келеді. Осыдан тура бір жыл бұрын, өткен жылдың қараша айында жылу желілері жарылып, станцияның өзінен ақау шыққан соң үйлердің басым бөлігі қақаған қыста жылусыз қалған-ды. Ал биыл монополист компания тарифті айтарлықтай өсіргелі отыр. Бұған жергілікті жұртшылық наразылығын білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Шығын көп, табыс жоқ

Өткен қысқы кезеңде жылу мәселесі екібастұздықтардың жанына аяздай батты. Көктем келгенге дейін жұрт жылуға жари қалған жоқ. Ал наурыз-сәуір айынан бастап республикалық, облыстық қазынадан бөлінген қаражатты, инвестордың есебінен ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Осы уақытқа дейін қазандықтар жөнделіп, магистральдер жаңартылып, жылу желілері ауыстырылды. Айталық, биыл 70 шақырымнан астам құбыр қайтадан төселді. Бұрын-соңды мұндай ауқымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген емес. 

Енді оның есебінен тұтынушылар қайтаратын кез келді. "Екібастұзжылуэнерго" өткен жылдың өзінде-ақ тарифті қайта қарау бойынша өтініш берген-ді. Алайда апаттық жағдайға байланысты оның қаралуы кейінге шегерілді. Сондықтан биыл монополист компания жылу ақысын көтеру мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып, қоғамдық тыңдау өткізді. 

"Екібастұзжылуэнерго" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Анатолий Моисейдің айтуынша, 2024-2028 жылдарға арналған тарифтік смета әзірленді. Онда негізгі шығындардың көлемі көрсетілген. Мысалға алар болсақ, кәсіпорынның есептеуінше, келесі жылы материалдық тұрғыдан керек-жарақпен қамтуға 940 млн 874 мың теңге керек. Тағы 182 млн теңгеден астам сома орталықтың қалтықысыз жұмыс істеуін қамтуға қажет қызметтерге бағытталады. Электр энергиясын төлеуге, көмір сатып алуға да қаражат бөлінуі шарт. Бастысы, қызметкерлердің айлығын арттыру тиіс. Себебі мұндағы жалақының аздығынан мамандар тұрақтамайды. Ал оның салдары тұтас станцияның жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп отыр. Жағдайды жақсартуға барлығы 2 млрд 148 млн теңге қарастырылыпты. 

salem.su

Сурет: salem.su

"Кәсіпорында кадрлық мәселе өткір тұр. Штаттық бірлік бойынша 860 адам еңбек етуге тиіс болса, бүгінде тек 601 маман жұмыс істеп жүр. Мамандардың көп уақыт тұрақтамауының басты себебі – айлықтың аздығы. Қазір орташа жалақы – 321 мың теңге. Мұндай сомаға көпшіліктің жүктемесі ауыр қызметті атқарығысы жоқ. Сондықтан жыл басынан бері 116 адам жұмыстан кетті. Ал олардың орнын толтыру қиынның қиыны. Кейде жұмыс орындары жарты жылға дейін бос тұрады", - дейді кәсіпорын басшысы. 

Анатолий Моисей жыл сайын кәсіпорын шамамен 4 млрд теңгеге шығынға батып отырғанын да алға тартты. 

Жылу қаншалықты қымбаттайды?

Осының барлығын ескере келе, "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС келесі жылы тарифті бірнеше есеге арттыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда жылу есептегіш құралы бар үйлердің тұрғындары үшін жылу ақысы 1807 теңге болса, енді оны 2960 теңге көлемінде бекітуді ұсынды. Ал мұндай есептеуіш құралдары жоқ баспаналардың иелері 3337,6 теңгенің орнының 3868,3 теңге төлеуге міндеттеледі. Сол сияқты кәсіпкерлердің төлейтін сомасы да ұлғая түспек. Бүгінде тиісті құралы барлар 8393 теңге төлейді. Жаңа тариф қабылданса, 9555 теңгеге дейін жетеді. Құралдар орнатылмаған бизнес нысандарының иелері 12 646 теңге беруі тиіс болады. 

Бұл ретте негізгі жүктеме бюджеттік мекемелерге түсейін деп тұр. Олардың жылу үшін төлейтін сомасы бірден шамамен бес есеге өседі. Қазіргі кезде бір Гкал үшін 25 241 теңге есептелсе, енді 117 мың 467 теңгеге бір-ақ өседі. Иә, тұтынушылардың қалтасына тікелей түсетін салмақ болмаса да, бюджеттік халық төлейтін салықтан қалыптасатынын ескерген жөн. 

Алдымен сапа, содан соң баға 

Қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері – барлығы жылумен қамтитын компанияның мұндай ұсыныстарын қабылдамай отыр. Олар бағаның осыншалық қымбаттауын негізсіз деп санайды. 

"Былтыр жылуға жарымасақ та коммуналдық қызметтің ақысы есептелді. Жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, оның нәтижесі аса байқала қойған жоқ. Сақылдаған сары аяз ғана жұмысты сынақтан өткізеді. Кейбір үйлер жылынып та үлгерген жоқ. Олай болса, не себепті жылу үшін еселенген соманы төлеуіміз керек? Алдымен биылғы қыста жылуға қарық қылып алсын, содан соң тариф мәселесін талқылайық", - дейді қала тұрғыны Төлеген Шаймарданов. 

Валерий Бугаев

Сурет: Валерий Бугаев

Көпшіліктің пікірі де осыған саяды. Екібастұздықтар алдымен сапаны арттыру керек екенін алға тартты. 

"Көмірдің үстінде отырып жылуға жарымау – ұят нәрсе. Электр энергиясын өндіретін ірі станциялар бола тұра коммуналдық қызмет ақысының көтерілуі де қисынсыз. Былтыр қыс бойы бүрсең қақпаудың амалын іздеп, электр жылытқыш құралдарды қостық. Ай соңында жарық үшін қомақты сома келді. Басқа-басқа емес, дәл осы кеншілер шаһарының мұндай қиындықтармен бетпе-бет келуі еш қисынға сыймайды. Монополисттер тұрғындар төлеп жатқан соманы ұқсатып, мемлекеттің қолдауын нәтижелі пайдалануы тиіс. Дифференциалды тарифті қарастырған да артық болмайды", - деді тағы бір екібастұздық. 

Қысқасы, қоғамдық тыңдауға келгендер кәсіпорынның ұсынысын құптамады. Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, компанияның өтінімі әлі де жан-жақты сараланады. Кейін қараша айының соңына қарай нақты байламға келеді. Сол кезде тұрғындар, кәсіпкерлер мен мекемелердің жылу үшін қанша төлеуі тиіс екені де анықталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу