Жер дауы ауыл халқының пайдасына шешілді

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жер дауына нүкте қойды.  

Жер дауы ауыл халқының пайдасына шешілді

Латифундистердің қолына өтіп кеткен Шаған ауылының жері әділ соттың төрелігімен ақыры халқына қайтты. Былтырдан бері дауға айналған мәселені Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Б.Елшібеков "Шаған Жер" ЖШС-нің бұрыңғы құрылтайшыларының заң бұзушылықтарын анықтап, 2005 жылдан бергі жалпы жиналыс хаттамаларының шешімдері жалған әрі заңсыз екенін дәлелдеп, істің нүктесін қойды.

Жиырма жылдан астам "жеріміз бар" деп келген ауыл тұрғындары былтыр ғана меншігіндегі жерлерінің кімдерге өтіп кеткенін біліп наразылықтарын білдірген еді. Осыған орай олар "Шаған Жер" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 90% үлеске заңсыз ие болған құрылтайшыларға қатысты сотқа талап арызбен жүгініп, осы кезге дейін халықтың қатысуынсыз жүргізілген жалпы жиналыс хаттамаларының шешімдерін заңсыз деп және Әділет органындағы тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тануды сұраған болатын. Себебі, құрылтайшы болып табылатын ауылдың 3112 тұрғыны небары 10% үлеске, ал басқа 6 құрылтайшы 90% үлеске ие болып, шаруашылық қызметін халықпен санаспай жүргізген екен.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі халыққа қайтқан жерді нақтылай келе, "Шешімге қарсы тарап бір ай ішінде Қызылорда облыстық сотының апелляциялық сот алқасына шағым келтіру құқығы бар. Сот шешімі заңды күшіне енбеген", деп мәлімдеме берді. Осылайша серіктестік құрылтайшылары болып табылатын Шаған ауылының тұрғындары кезекті жеңісіне жетті. "Алғыс айту" күні әділеттілікті қалпына келтірген судья Б.Елшібековке ауылдың қарапайым халқының айтар алғысы зор.

Дегенмен, бұрыңғы құрылтайшылар ауыл ішінде әлі де келеңсіз тірліктерін жалғастырып жатыр. Ағайындар арасындағы ауызбіршілікке сына қағып жүргендердің көксегені не? Және бұл жағдайлар неден басталды, не себеп?!, деген сауалымызға шаруашылықтың жаңа басшысы Жеңісбек Сыздықов осы уақытқа дейін экс-құрылтайшылардың шаруашылықтың қаржысын жеке басқа пайдаланғанын аудиттік және заңдық тексерулер мен зерттеулерін ұсынды.

""Шаған Жер" ЖШС "Шапағат" ЖШС-нан 2007 жылы бөлініп шыққалы тек сыртқы инвесторларға тәуелді болып жұмыс жасап келеді. Яғни, қара күрішке келісім-шарт жасап, әр жылдың қыркүйек, қазан айлары ішінде есептесіп келген. 2018 жылы шаруашылықта инвестор "Ақорда" ЖШС-не 3000 тонна қара күріш қарыз қалыптасқан. Содан осы күнге 1900 тоннасы қалды. (Ескере кетер жайт, жыл бойы серіктестік ауыл халқын күрішпен қамтуына және егін егуіне 1300 тонна күріш пайдаланады). Орташа 75 теңге бағамен есептегенде 142,5 млн. теңге. Шаруашылықты белшеден қарызға отырғызған құрылтайшыларды сотқа беріп, әділдік орнатудағы мақсат - ауылдың, шаруашылықтың тағдырын тек 6 адамның иеленуіне жол бермеу. Бір ғана орталық қырмандағы таразыны электронды етіп жаңартудың өзінен жылдағыдан мыңдаған центнер астық нақты есебімен шаруашылық шығынын жауып, барлық ұжымның, ауыл тұрғындарының көзін ашты, әділдік орнатылды. Жылдағы еңбекақы көтерілді, нәтижесінде орташа жалақы мөлшері 20 мың теңгеге өсіп, 115 мың теңгені құрады. Осыған дейін, айтудың өзі ұят, дала қостарында ұжым мүшелеріне берілетін тамақтандыру мәселесінің өзі ақылы болып келген, 50% болмашы жалақыларынан ұсталған. Бұл шығындарды шаруашылық өз мойнына ала отырып, оның сапалы берілуіне де аса мән беріп келеді. Демалатын жатын орын, ыдыс-аяқтарға дейін жаңартылуда" ", - дейді серіктестік директоры.

 "2019 жылдың 20 мамырында, егін егу науқаны аяқталатын тұста 7,5 млн. теңгеге 38,0 тонна күріш тұқымын алады, бірақ та бас агроном, басқа мамандар осы күріш тұқымының қай жерге себілгенінен мүлдем бейхабар. Сондай-ақ жанар-жағар майдың өзі ысырапсыз бөлінген. 2019 жылы 136,2 млн. теңгеге 910 мың литр дизель отыны жұмсалса, 2020 жылы шаруашылық жұмыстарына барлығы 94 млн. теңгеге 642,6 мың литр дизель отыны пайдаланылып, 267,4 мың литр дизель отыны үнемделіпті. Жұмсалуы беймәлім 267,4 мың литр дизель отыны дегеніміз ақшалай әр литрі 165 теңгеден есептегенде 44,1 млн. теңге. Бұның ішінде тікелей егін шаруашылығынан бөлек қараша айында алғашқы қар жауған уақытқа дейінгі қаншама күзгі сүдігер айдағаннан бөлек бірқатар каналдар мен ішкі арықтарымыз қазылды, көктемде жаңадан жерлер ашылған", - дейді Ж.Сыздықов.

Экс-басшылардың көлеңкелі тіршіліктері бұнымен бітпеген. 2020 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 63 млн. теңге, 2019 жылы 45 млн. теңге кем кірістелген.

"Бұрыңғы директор Б.Қадыров басшылыққа келген тұста қаржылық шығыстар жасадым деген себеппен 2015-2017 жылдары шаруашылық кассасынан қолма-қол 42,1 млн. теңге қаржыны ешқандай құжаттарды ұсынбастан негізсіз алған. Тиісті бухгалтерлік құжатынсыз 2 млн. 750 мың теңге қаржы кассадан негізсіз шығысталып, мекеменің кассасына қайта кірістелмеген. Атап айтқанда, шаруашылықта бас механик-МТМ басшысы қызметін атқарған Е.Пралиевке 2017 жылы 1 млн. 750 мың теңге, 2018 жылы 500 мың теңге, барлығы 2 млн. 250 мың теңге және адвокатқа 500 мың теңге қаржы ешқандай қаржылық құжатсыз берілген.

3) мал шаруашылығы бойынша 2015-2019 жылдары құны 15,5 млн. теңгені құрайтын 248 бас жылқы және құны 15,5 млн. теңгені құрайтын 241 бас МІҚ малдары шығысталған. "Шапағаттан" бөлініп шыққанда шаруашылықта 500-ден астам МІҚ малы болған, бүгінде оның бірде-біреуі қалмаған, ол жұмыстар бақылауға қойылмаған. Есесіне құрылтайшылардың жылқы, МІҚ малдары көбейіп отырған. 

4) 2015-2019 жылдары шаруашылық бойынша қосалқы бөлшек сатып алуға жұмсалған жалпы қаржы сомасы 299,5 млн. теңгені құрады. Бірақ қосалқы бөлшектерді шығыстау кезінде бірде-бір ақау актісі жасалмаған. Яғни, бөлшектердің шын мәнінде бұзылғандығын растайтын бірде-бір құжат жүргізілмеген. Ол не үшін қажет болды және неліктен бас механик-МТМ басшысы ол құжаттарды жүргізбеді?!"

Мұнан бөлек, күдік туғызатын тұманды келісім шарттар болыпты.

"Атап айтар болсақ, 2018 жылы "Шаған Жер" ЖШС "Жанель и К" ЖШС-нен құны 28250 000 теңгеге 6075 кг қант, 309300 кг (6186 қап) I-ші сортты ұн, 8718 кг макарон өнімдері сатып алынған. Бірақ бірде-бір көрсетілген өнімдер шаруашылыққа түспеген (жауапты есепшінің түсінігі бар). Тағдыры белгісіз? Тағы да 2018 жылдың мамыр айында Б.Қадыровтың өзіне тиесілі ФХ "Шағанға" шаруашылық есебінен негізсіз 3 млн. теңге аударылған. Бұл қаржының да аудару себебі түсініксіз! 3000 басқа арналған ірі қара малдарын бордақылау алаңының жұмысын жүргізу үшін 2017 жылы "Байқоңыр" СПК-мен бірлесіп "Шаған Агрофуд" ЖШС құрылады. Осы шаруашылықты жүргізу үшін серіктестік есебінен жұмсалған 51,1 млн. теңге қаржыға негізсіз жұмсалған деген аудиторлық қорытынды беріліп отыр. Мұнан бөлек, 10 млн. теңгенің үстінде қаржы белгісіз себептермен есепке алынбай отыр. Аудиторлық қорытынды алынғаннан кейін құзырлы органдарға жүгінетін боламыз", - дейді серіктестік басшысы.

Бұлардан бөлек қосымша 130 млн. теңгенің көлемінде заңсыз шығындар да бар болып шыққан. 2015-2019 жылдардың өзінде күмәнді қосалқы бөлшектерге бөлінген 299,5 млн. теңге қаржыны қоспағанда 563,5 млн. теңгеге есепсіз шығындар жасалған. Бұл тек соңғы 5 жылда келтірілген қаржылық зардаптар екен.

 "Жалпы жиналыста берілген тапсырмаларға сәйкес жұмыстар жасалды. Өзекті мәселеміз, шаруашылық жұмыстарының соңғы 5 жылына аудиторлық қорытынды мен сараптама нәтижесі алынды. Алдағы уақытта бұл құжат бойынша тиісті өкілетті органдар арқылы шаралар қабылданатын болады", дейді серіктестік директоры Жеңісбек Сыздықов.

Енді серіктестікті тақырға отырғызып тонағандардың мәселесімен құзырлы орындар айналыспақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу