"Журналистердің материалдарына ел күдікпен қарай бастады"

2400

Елдегі бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары жұмысының негізгі қағидаттары бекітілмек.  

"Журналистердің материалдарына ел күдікпен қарай бастады"

"Қазақстан медиасының негізгі принциптері" деп аталатын бұл құжат журналистік этика кодексінде көрсетілген әдептілік стандарттарына негізделіп әзірленуде. Жобаны дайындаған сарапшылардың сөзінше, елдегі редакциялар осы қағидаттарды сақтайтын болса, БАҚ саласында өзін-өзі реттеудің деңгейі өсіп, заңнама арқылы шешілетін мәселелер саны кемиді". 

"Жобаның негізгі мақсаты – медиа қоғамдастықты жұмылдыра отырып, БАҚ саласындағы мәселелерді кәсіби қызмет этикасы аясында шешу. Өйткені журналистің жіберген қателігі дереу қоғам талқысына түседі. Барлық жерде сөз болып, істің аяғы сотқа дейін жетіп жатады. Енді бір журналист заңға қайшы, әдепке жат әрекеттерден қорқып, өзіне-өзі цензура қояды. Терең зерттеулер жасауға батылы бара бермейді. Сонымен қатар БАҚ пен медиа қызметіне қатысты және кәсіби этиканы сақтау жөніндегі шағымдарды қоғамдық органдарда қабылдау тәжірибесі әлем елдерінде бар. Көптеген елдің медиа қағидаттарын зерттедік. Мысалы, Қырғызстан өзін-өзі реттеу қоғамдық органын осыдан 13 жыл бұрын құрған", – дейді жоба модераторы Бақтыгүл Бурбаева. 

Оның айтуынша, елімізде медиа саласында өзін-өзі реттеуші қоғамдық органды құратын уақыт келді. 

"Қазіргі пандемия кезінде жалған ақпараттың тарауы ерекше көбейіп, журналистика беделінен айырылып жатыр. Журналистердің материалдарына ел күдікпен қарай бастады. Сол себепті медиа нарықтың кәсіби тұрғыдан жетіле түсуі үшін күресуіміз керек. Медианың негізгі қағидаттарын жалпыға түсінікті етіп, әркім қабылдай алатындай нормалар енгіздік. Медиа деп айту себебіміз – бұл мәселе тек бұқаралық ақпарат құралдарына ғана емес, әлеуметтік желіде жазба жазатын әркімге де қатысы бар. Өйткені кез келген адам ақпарат көзі болғандықтан, оның жазбалары қоғамға тарайды. Медианың негізгі қағидаттарын қолдаған адам осы нормаларды сақтауға тиіс. Құжат негізінде әр редакция өзіне керекті мәселені анықтай алады. Кез келген адам осы қоғамдық ұйымға келіп, медианың әрекетіне шағымдана алады", – деп түсіндірді сарапшы. 

"Қазақ газеттері" ЖШС бас директорының орынбасары, жоба консультанты Жұлдыз Әбділданың айтуынша, жоба медиаға байланысты мәселелерді барынша қамтиды.

"Бұл құжатта ақпаратпен жұмыс, редакция ішіндегі тәртіп, плагиат, баспагерлер мен құрылтайшыларға дейінгі мәселелер қамтылды. Әсіресе, балаларға қатысты ақпаратты және белгісіз жерден келген хабарды тексермей жариялап жіберу сынды этикаға байланысты нормалар бар. Сенсация қуып, аудиториясын үлкейтумен айналысатын БАҚ өкілдері қарапайым әдепті сақтамай жатады. Суицид жасағандардың суретін жариялау немесе зорлық көрген баланы, оның әке-шешесін, үйін көрсеткен жағдай болды. Осы мәселелерді пысықтағымыз келді. Әр медианың жобаға қосылуы ерікті түрде жүзеге асады. Дегенмен өзін журналист санайтын адамдар қатарымызға қосылады деген үмітім бар", – дейді танымал журналист.

Жұлдыз Әбділда плагиат мәселесіне ерекше назар аударды.

"Өкінішке қарай, көптеген медиа плагиатқа ұрлық емес, қалыпты нәрсе сияқты қарайтын болды. Бір-бірінің шығып кеткен материалдарын алып, өздерінің аты-жөнін қойып жариялай беретін жағдай дағдыға айналып барады. Әсіресе, фотосуреттерге қатысты проблема өте көп. Бұндай кезде не істеу керек? Қаламақысын төлеуді айтпағанда, қарапайым ғана кешірім сұрап, теріске шығаруды да білмейді. Тек материалын өшіре салады. Құжатта осындай мәселелер барынша қамтылды. Бұл журналистер үшін этика кодексі тәрізді болады деп ойлаймын. Университет студенттеріне бұл қағидаттарды трениг түрінде оқыту жоспарда бар. Егер оқу орындары шақыратын болса, барып түсіндіріп беруге дайынбыз. Дегенмен бұны оқытушылар өз оқу бағдарламасына пайдаланса, студенттер жұмыс істеуге келген кезде қағидаттарды өмірде қолданар еді", – деді жоба консультанты.

Тәжірибелі журналистің сөзінше, қарапайым әдептілік пен адамгершілікке жат материалдарды кейбір әріптесіміз білместіктен жариялап жіберсе, енді бірі рейтинг үшін ар-ұяттан аттап кетеді. Сол себепті медианың негізгі принциптерін сақтамаған журналистің аты аталып жатса, келесі жолы олай істемеуіне түрткі болмақ.

Литва журналистер одағының төрағасы, Литва радио және телевизия комиссиясының мүшесі Дайнюс Радзявичус бұқаралық ақпарат құралдарын барынша қорғау қажет екенін сөз етті.

"Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдары – демократиялық жағдайда еркін пікір алмасу алаңы. Сол себепті оның ісіне мемлекет араласпауы керек әрі БАҚ барынша қорғауды қажет етеді. Екіншіден, медиа болып жатқан оқиғаларды көпшілікке қалай жеткізу керек екенін өзі шешеді. Сол себепті редакция – қоғамды қалыптастыра алатын маңызды тетік. Бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, өзін-өзі реттеуі керек", – дейді Литвалық журналист.

Atameken Business медиа холдингінің басшысы Қанат Сахария өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жұртшылықты Қазақстан медиасының негізгі принциптерімен танысуға шақырып, осы қағидалардың мәтініне қатысты пікір, ұсыныстар болса, media.principles.kz@gmail.com электронды поштасына жолдауды ұсынды. Ұсыныстар 15 қарашаға дейін қабылданады.

Нұржан Көшкін


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу