Жыл соңына дейін теңге бағамы қалай өзгереді?

Қазанның қорытындысы бойынша 1,1%-ға нығайған теңге бағамы қарашада құлдырай бастады. 

Жыл соңына дейін теңге бағамы қалай өзгереді? Фото: canva.com

Бүгінде ресми бағам 467,90 болса, ақша айырбастау орындарында доллар 469,5 – 471,5 теңгеден саудалануда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Теңге бағамы қалыпты құлдырауын жалғастырды. АҚШ долларына қатысты бағамына қарасақ нығаю кезеңін аяқтағандай. Әзірге оның төмендеуі трендтің өзгеруі емес, түзету сияқты көрінеді", – деді Alpari сарапшысы Анна Бодрова.

Сарапшы оған Brent маркалы мұнай бағасы, Таяу Шығыстағы қақтығыс сынды тәуекел факторлары ықпал ететінін атап өтті. Бірақ доллар индексі әзірге қалыпты.

"АҚШ долларының жаһандық валюта нарығындағы позициясы бейтарап", – деп атап өтті маман.

Ал жыл соңына дейін ұлттық валютамыздың долларға қатысты бағамы қалай құбылады? Оған қандай факторлар ықпал етеді?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауына сүйенсек, теңге бағамы биылғы жылдың соңына дейін нығая түседі. Бұған ықпал ететін факторлардың бірі – мұнай бағасының қымбаттауы. Сарапшылар нарықта шикізат тапшылығы туындап, "қара алтын" құны өседі, бұл теңгеге қысымды азайтады деп есептейді.

Сонымен қатар сала мамандарының пайымынша ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемінің артуы, мұнай бағасының жоғары болуы және алдағы салықтың кезең ықпал етеді.

"Қазан айында төл валютамыз 1,1%-ға немесе 5,35 теңгеге нығайды. Ұлттық валюта бағамы  бойынша қысқа мерзімді күтулердің айтарлықтай жақсаруына бірнеше фактор ықпал етті. Атап айтқанда, 1 млрд 512  млн доллар Ұлттық қордан бұрын берілген болжамды мәндерге сәйкес шетел валютасын сату, мұнай бағасының өсуі және алдағы салық кезеңі бар", – деген қаржыгерлер болжамдарымен бөлісті.

"Осы айда USD/KZT бағамы бір долларға 474,3 теңге болуы мүмкін. Бір ай бұрын 481,3 теңге болған", – деп жазды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдауында.

AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазин теңгеге қолдау болып отырған басқа факторды атады.

"Ұлттық Банк Үкіметтің тапсырмасына сәйкес Ұлттық қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге "ҚазМұнайГаз" акцияларын сатып алатынын хабарлады. Ұлттық Банк Қор қаражатын басқарушы ретінде осы акцияларды сатып ала бастады. "ҚазМұнайГаз" акцияларын сатудан түскен қаржы кейін республикалық бюджетке аударылады. Осылайша Қазақстанда мемлекеттік бюджетті айналып өтіп, Ұлттық қорға қаражат тарту арқылы бюджет тапшылығын қаржыландырудың жаңа схемасы ұсынылып отыр. Ұлттық қордан түскен бұл қаржы валюта бағамына жасырын қолдау болмақ", – деп жазды сарапшы өзінің Телеграм арнасында.

"ҚазМұнайГаз" акциялары бойынша қазанда сауда көлемі 500 млрд теңгені құраса, акция сатып алу процесі әлі аяқталған жоқ. Қараша мен желтоқсан айларында шамамен 800 млрд теңгеге тағы акциялар саудаланбақ.

"Нәтижесінде, Ұлттық банк қазан айында KASE-де шетел валютасының негізгі үлесін немесе 70%-ын сатқаны белгілі болды. Яғни, 2023 жылғы қазан мен желтоқсан аралығында Ұлттық қордан ҚМГ акцияларын сатып алу арқылы "бюджет тапшылығын қаржыландыруға" 1,3 трлн теңге бөлінеді, бұл 2023 жылға арналған бюджетке кепілдендірілген трансферт мөлшерінің 60%-ын құрайды. Яғни, биыл бюджетке 2,2 трлн теңге кепілдік берілген трансферт пен 1,8 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттен бөлек, ҚМГ акцияларын 1,3 трлн теңгеге сату арқылы жалпы сомасы 5,3 трлн теңге түсіп отыр", – дейді сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу