Жыныс ауыстырғандар ЖСН ауыстыра ма?

5657

Өмір бойына таңылған осы нөмір проблема тудыруда. 

Жыныс ауыстырғандар ЖСН ауыстыра ма?

Қазақстанда мыңдаған адамның ЖСН-індегі цифрлары жаңсақ жазылған. Бұл әртүрлі проблема тудыруы мүмкін екен. Мысалы, алматылық Нұржан Әнуарбек біраз жылдан бері осы нөмірлерін қалай ретке келтіремін деп бас қатырып жүр.

"Маған тағайындалған жеке сәйкестендіру нөмірімдегі туған күніме қатысты цифрлар жеке куәлігімдегі туған күніме сәйкес келмейді. Жағдайды қалай түзеуге болатынын білмеймін. Бұл өмірдің әлдебір саласында проблема әкеле ме деп қауіптенемін", – дейді Нұржан.

Қазақстанда азаматтарды құжаттандыруға Ішкі істер министрлігі жауап беретіні мәлім. Халықтан көп шағым түсетіндіктен, бұл мәселе бойынша ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді.

"Әр азамат үшін ЖСН қалыптастыру – туу туралы куәлікті, жеке куәлікті немесе паспортты беру кезінде қолмен емес, ақпараттық жүйеде автоматты түрде жүреді. Осы нөмір бірегейлік пен өзгермеушілік қағидатына негізделген. Яғни әрбір қазақстандықтың ЖСН-і басқа адамның нөміріне ұқсамайды, тиісінше, бірдей екі ЖСН жоқ. Бұған қоса, ол адамға тек бір рет тағайындалады және өмірінің соңына дейін өзгертілмейді", – дейді министр.

Дегенмен мамандардың айтуынша, кей жағдайда өзгереді. Мысалы, қолданыстағы "Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы" заңына сәйкес, жетім бала асырауға берілсе, оның жеке басына қатысты құпияны сақтау үшін ЖСН-ы ауыстырылады екен. Сондай-ақ осы рәсім жеке сәйкестендіру нөміріндегі бақылау разряды (соңғы цифр) оны есептеу алгоритміне сәйкес келмесе, ЖСН өзгертілуі керек.  

"Жалпы азамат өз өмірі бойында аты-жөнін, туған күнін, тіпті жынысын және басқа деректерін өзгертуі мүмкін. Алайда ЖСН-ы бәрібір өзгеріссіз қалады. Себебі бұл – меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі сол азаматтың басты идентификаторы болып табылады. Егер мемлекеттік мекемелер, банктер не басқа да ұйымдар адамның туған күні, туылған ғасыры, жынысы оның ЖСН-ындағы цифрларға сәйкес келмейтінін сылтауратып, төлем қабылдаудан, қызмет көрсетуден бас тартса, бұл заңға қайшы екенін атап өтемін!" – деді ішкі істер министрі.

Атын өзгертсе, ЖСН не болады?

Түсіндіре кетер жайт, бастапқыда ЖСН-да адамның туған ғасыры мен жынысы көрініс тапты. Мәселен, 12 цифр 4 бөлікке бөлінді. Бірінші бөлік 6 саннан тұрады, ол адамның туған жылын, айы мен күнін білдіреді.

Екінші бөлік 1 цифрден құралған, оған қарап, адамның жынысы мен туылған ғасыры анықталатын. Нақтылай кетсек, 1 саны – XIX ғасырда туылған ер адамдарға, 2 – XIX ғасырда өмірге келген әйелдерге, 3 – ХХ ғасырда туылған ерлерге, 4 – ХХ ғасырда дүние есігін ашқан әйелдерге телінеді. Келесі ғасырларда қазақстандық атанатындар үшін 5, 6, 7, 8, 9 және 0 цифрлары резервке қойылған-тын. Тақ сандар – ерлерге, жұп сандар – әйелдерге қатысты болады.

Үшінші бөлікке бірден 4 сан жатады және олар тіркеудің ақпараттық базадағы реттік нөмірін көрсетеді. Төртінші бөлікке соңғы 1 цифр тиесілі, ол – бақылау цифрі.

Дегенмен 2013 жылғы 26 тамыздағы №853 Үкімет қаулысымен азаматтың туған күні, туылған ғасыры, жынысы және басқа да деректерін ЖСН-ге енгізу тәжірибесінен Қазақстан бас тартты. Өйткені бұл азаматтың жеке басына қатысты құпия деректерін сыртқа шашу саналып, сынға ұшырады. Мысалы, ЖСН-ының екінші бөлігінде тақ сан тұрса, ал өзі әйел болса, онда бұл адамның жынысын өзгерткенін білдіріп тұрады. Немесе болашақта Қазақстан тұрғыны жас көрінуі не басқа себеппен жасын өзгертуі мүмкін. Ал ескі ЖСН-ы оның шын туған күнін әшкерелеп тұрады.

Айтқандай, бұл жаңалықтардың игілігін тек 2013 жылдан кейін жарық дүниеге келген қазақстандықтар пайдалана алады.

Жалпы ЖСН азаматтарға мемқызмет көрсету, бейнесін сәйкестендіру салаларында көп жеңілдік әкелуі керек еді. Бірақ көп қайыр болмады.

Ағылшын тілінің мұғалімі Малика Сәулебекова аты-жөнін өзгертіпті. Оған жаңа куәлік, құжат, анықтама алуға тура келген. Машақаты сонымен таусылмады. Жаңа аты-жөні түсірілген жаңа диплом сұратуға мәжбүр болған. Енді еңбек кітапшасында да сол өзгерістер түсірілуі керек екен.

"ИИН-ым өзгерген жоқ қой. Осының бәрі сонда не үшін қажет. Жаңа аты-жөніммен жаңа өмір бастағым келеді. Әзірге бұл қолдан келмей тұр. Еңбек кітапшамда ескі аты-жөнім тұр ғой", – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, 2015 жылғы 30 қарашада бекітілген "Сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру ережесіне" сәйкес, жұмыскердің аты, әкесінің аты, фамилиясы, туған жылы өзгерсе, соңғы жұмыс орнындағы жұмыс берушісі еңбек кітапшасына түзету енгізуі керек.

"Ол түзету еңбек кітапшасының бірінші бетіне (титулды бетіне) жазылады. Азаматтың ескі аты-жөні не туған күні бір сызықпен белден сызылады және жаңа деректері жазылады. Түзету қандай құжаттарға сүйене отырып жасалғаны туралы сілтемелер мұқабаның ішкі жағына жазылады және басшының не уәкілетті тұлғаның қолымен, не ұйымның мөрімен расталады", – деді еңбек ведомствосы.

Билік өз айтқанын өзі орындамайды

Министрліктер қанша түсініктеме бергенімен, "ЖСН-ың дұрыс емес" деп меморгандар бәрібір адамның бетін қайтарады. Еңбек жолын жаңа бастаған Бақытжан Тастанов сондай проблемаға маңдай соқты.

"Мен 1998 жылы туғанмын. Ал ЖСН-ымның бастапқы сандары 98 емес, 02 болып тұр. Бұған дейін ЖСН-іме қатысты еш қиындық туындамаған. Жұмысқа кіргелі осы мәселе істі қиындатуда. Себебі жалақыдан ұсталатын әлеуметтік аударым, салық, зейнетақы жарнасы және басқа төлемдерге аударылған қаржы кері қайтып жатыр. ХҚКО-ға бардым, олар "ЖСН өзгермейді" деп шығарып салды. Маған тым болмаса соны растайтын бір тілім қағаз да бермеді. Сонда бұған билікте кім жауап бере алады? Жол, жөн көрсетер ешкім жоқ", – деп қамығады жас маман.

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов азаматтардың шағымына байланысты әртүрлі меморгандарға ЖСН-ды адамның жеке куәлігіндегі туған күнімен салыстырмай, сол күйінде дұрыс деп қабылдау керектігі жөнінде хат жолданды дейді.

"Банкке, медициналық және басқа да мекемелерге жүгінгенде, ЖСН-ге байланысты проблема туындағаны туралы ұқсас арыздар түсуде. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Ұлттық банктің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының, Зейнетақы төлеу жөніндегі меморталықтың атына хат жолдады. Онда ведомстволық бағынышты ұйымдарының, банктердің азаматтарға ЖСН-і үшін қызмет көрсетуден бас тартуына қатысты шаралар қабылдауды сұрады. Бұдан бөлек, оларға өз мекемелері мен ұйымдары арасында тиісті түсіндіру жүргізіп, ЖСН-ның автоматты түрде қалыптастырылатынын, бірегей және өзгермейтінін, қазіргі ЖСН-ның 12 саны адамның туған күнімен, жынысымен және басқа да айқындамалық деректерімен еш байланысы жоқтығын ұғындыру ұсынылды", – деді Мұрат Талапұлы.

Өз кезегінде аталған меморгандар өз ұйымдарында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат ұсынды.

Алайда басқа түйткіл бар. Меммекемелер мен квазисекторда қысқарту және команда ауысу үдерісі жүруде. Демек "түсіндірілген" мамандар кетіп, орнына "түсіндіру жүргізілмеген" жаңалары келсе, олар ЖСН-ге қатысты жаңа мәселелер туындатуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу