"Көгадырда" 1 млн 300 мың унция алтын қоры бар

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3597

Кеніште алтын өндіретін "Central Asia Gold Production" ЖШС алдағы жылы толық қуаттылыққа шығады.

"Көгадырда" 1 млн 300 мың унция алтын қоры бар

Бұл межені бағындыру биыл бөлінген 750 млн теңге инвестиция мен АҚШ-та шығарылып, Африка елдерінде құрастырылған тасты ұсақтау кешенінің іске қосылуының арқасында мүмкін болып отыр.  

"Көгадыр" кенішінде кен өндіру 2013 жылы басталған еді. Еліміздің оңтүстігі мен Орталық Азия аймағындағы бірегей алтын кеніштерінің тізіміне енген "Көгадырдағы" жұмыс 15 жылға жобаланған болатын. Осы аралықта бұл жердегі кен қоры толық игерілмек.

Кеңестік кезеңде Қордай ауданының тау бөктері жан-жақты зерттеліп, қойнауы алтын, күміс, уран тәрізді металға бай орындар арнайы картаға түсірілген. Аудан орталығынан отыз шақырымдай жерде орналасқан "Көгадыр" да сол картаға енген.

"Central Asia Gold Production" ЖШС "Көгадыр" кенішін қопарып, алтын, күміс, мыс тәрізді бағалы металл өндіріп жатыр.

Алтын кенін игеретін кәсіпорынға бұл аумақтан 100 гектарға жуық жер берілген еді. Осылайша кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша аймақтық индустрияландыру картасына енді.

"Көгадыр" кеніші 1988 жылы ашылған. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде мұнда 1 млн 300 мың унция алтын қоры жатқаны болжанған (1 унция = 31,1грамм). Басқаша айтсақ, бұл маңайдағы жер қыртысынан алынған бір тонна кенде 1,75 грамм алтын болады деп есептелген.

Осыдан үш жыл бұрын кенішті игеруде бастаған "Central Asia Gold Production" ЖШС кен орнының құрылысына 200 млн АҚШ доллары көлемінде (2 млрд 100 млн теңге) инвестиция құйған еді. Өндірістің жобалық қуаты – жылына 600 мың тонна кенді өндіріп, өңдеу. Демек келер жылдан бастап "Көгадырдан" жылына 600 мың тонна кен өндірілмекші.

Кеніш іске қосылған алғашқы жылы мұнда 246,4 млн теңгеге 34 келі алтын өндірілсе, былтыр 811,7 млн теңгеге 67 келі өнім алынған. Осы жылдың тоғыз айында 990,3 млн теңгеге 75,7 келі алтын, 7 келі күміс өндірілген. Жыл соңына дейін Доре қоспасы түрінде өндірілген алтын көлемін 100 келіге жеткізу көзделіп отыр.

Айта кетерлігі кәсіпорын құрылысы кезінде өндіріске қажетті материалдардың көп бөлігі отандық өндірушілерден алынған. Атап айтқанда, жыныс құрамынан химиялық жолмен алтын айыруда қолданылатын басты компонент – натрий цианиді Сарысу ауданындағы "Talas investment Company" компаниясынан, полиэтилен пленкалары облыс аумағында орналасқан "Құрылыс Полимер" ЖШС-нен, құбырлар "Тараз құбыр зауытынан"  жеткізілген.

Кен жер қыртысын терең бұрғылап жару арқылы ашық әдіспен қазылып алынуда. Ал өңдеу ұсақталған жыныстарды үймектеп, сілтісіздендіре отырып одан катодтық сұйық алтын немесе Доре құймасын алуға негізделген. Бұл өнімдер одан әрі тазартылып, саф алтынға айналуы үшін еліміздегі афинаж зауыттарына жіберіледі.

Кен орнында жұмыс істейтін 200-дей адамның басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Олардың орташа айлық жалақысы – 150 мың теңге. Сондай-ақ өндірісте он бес күндік вахталық режимде еліміздің әр аймағынан келіп жұмыс істейтін адамдар да бар. Олар үшін мұнда 300 орындық жатақхана, асхана, өзге де әлеуметтік нысандар қарастырылған.

"Central Asia Gold Production" ЖШС басшысы Азамат Сапарғазиновтың айтуынша, өндірісті толықтай түпкілікті нәтижеге бейімдеу мақсатында осы жерден кен байыту фабрикасын салу ұйғарылып, маңайдан жер асты су көздерін іздестіру үшін бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Алайда қажетті мөлшерде су табылмаған. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бұл мақсатқа жақын маңайдағы Қақпатас су қоймасының суын пайдалануды ұсынып отыр. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жақ-жақты зерделеу қажеттігін еске салды. 

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу